Руханият 0 пікір 1711 лайк

Жерұйық

Шілде 05 / 2018

Бәрі осында – тіршілікке не керек,

Астананы – жерұйық деп айтар ек.

Анау тұрған ертегіден оралған,

Бақыт құсы ұя салған Бәйтерек.

 

Ай аймалап Ақорданың күмбезін,

Көк күмбезден алар емес күн көзін.

Мақтанышым жүрегімде шымырлап,

Көңілімді толқытады бір сезім.

 

Бар әлемге ізгі ойлар ұсынған,

Бейбітшілік көгершінін ұшырған,

Анау тұрған ұлы пирамиданың

Көшірмесі көшіп келген Мысырдан.

 

Ұшар басын аймалаған таңғы арай,

Бой созады Хан шатыры – хан сарай.

Көрмегендер атын естіп ғашық боп,

Көрген адам қалай жүрер аңсамай.

 

Осы болар халқымыздың қалауы,

Жүректерде ұшқын атқан алауы.

Астананың аспанында асқақтап,

Желбірейді еліміздің жалауы.

Тілеуғазы БЕЙСЕНБЕК, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ