Елемеген бұталар көз шығарып жатыр...

Шілде 05 / 2018

 

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Әне-міне дегенше, Ресейде өтіп жатқан әлем чемпионатының ширек финалдық жұптары да анықталды. Кеше ғана басталғандай көрінген футбол тойы бүгінде бел ортасынан асты. Енді 8 ойыннан кейін мундиальдың жеңімпазы мен жүлдегерлерін анықтаймыз. Айта кетерлік бір жайт, 2014 жылғы әлем чемпионатының тұғырына көтерілген құрамалардың барлығы да жарысты ерте аяқтауға мәжбүр болды. Тізіп шығайық па? Алдыңғы чемпионатта қола жүлде алған Голландияңыз ғой, тіпті іріктеу сындарының өзінен «ұшып кетіп», чемпионатқа бас сұға алған жоқ. Әлемнің төрт дүркін чемпионы Италияның жағдайын Сіз сұрамаңыз, біз айтпайық... Айтсақ, Сіз де жылайсыз, біз де жылаймыз. Одан кейін әлемнің төрт дүркін чемпионы Германия топтық турнирден аса алмай, бастарын жерден көтермеген күйі үйлеріне олар қайтты. Кіл күштілерді үйлеріне кім қайтарып жатыр дейсіздер ме, о баста ешкім көзге ілмеген құрамалар... «Елемеген бұта көз шығарады» деген осы. Өткен мундиальдағы жүлдегерлердің арасынан ұзаққа шапқаны Аргентина ғана болды. Оның өзі де 1/8 финалдан өте алмады.

 

Демек, бұл чемпионатта жаңа жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтап қалуымыз әбден мүмкін. Бір қызығы, қазір жарыс жолында қалған 8 команданың тізімінде бар 184 футболшының бірде-біреуі ӘЧ-нің финалында ойнамаған екен.

Газетіміздің алдыңғы нөмірінде Уругвай, Франция, Ресей, Хорватия құрамаларының ширек финалға өтіп қойғанын айтқанбыз. Енді олардың қатарына бес дүркін әлем чемпионы Бразилия қосылды. Олар 1/8 финалда жолдарына кесе-көлденең тұрған Мексика құрамасын ұтты. Алғашқы турда немістерді жеңіп қойған мексикалық жігіттер «селесаоға» бір командадай қарсылық білдірер деп болжағанбыз. Иә, рас, ойын алма-кезек шабуылдармен өрбіді. Алайда, ойынға Алиссоннан гөрі мексикалық қақпашы Очоаның араласуы жиі болды. Сондай сәттердің бірінде Неймар өкшесімен Виллианға әдемі пас қалдырып, өзі айып алаңына қарай жан-дәрмен жүгірген. Виллиан да әккі емес пе, бір-ақ қимылмен 3 қорғаушыны бірдей қапы қалдырып, Неймар жүгірген жаққа допты асырып жіберді. Шынын айтайық, мексикалық қорғаушылар алаңда не болып жатқанын жөндеп аңдамай да қалды. Неймарға допты бос қақпаға бағыттай салу ғана қалған-ды. Есепте алға шыққан «пентакампеондар» допқа иелік етіп, уақыт созуға тырысты. Қарымта шабуылдардың бірінде Неймар қақпашымен бірге-бір шығып, Фирминьоға пас берген, Робертоңыз мүлт кеткен жоқ. Екі гол жіберген мексикалық жігіттердің есепті теңестіруге уақыты да, әл-дәрмені де қалған жоқ.

Бразилияның қарсыласы Жапония мен Бельгия текетіресінде анықталды. Алғашқы таймда жанкүйерлер гол көрген жоқ. «Қызыл сойқандар» допты уысында ұстағанымен, қақпа кілтін таба алмады. Екінші тайм басталғаны сол еді, жапондар да азуын көрсете бастады. 48-минутта әріптесінің әдемі пасын ұтымды пайдаланған Харагучи Куртуа қорғаған қақпадан саңылау тапты. Ростовтағы стадионға жиналған жанкүйерлер сілтідей тынды. Мұнда еуропалық ұжымның жанкүйерлері көп екені айтпаса да түсінікті. Гол жіберіп алған бельгиялықтар есеңгіреп қалғандай еді. Сол екі арада жапондар екінші рет соққы берді. 52-минутта Инуи алыстан соққы жасап, Куртуаны тағы да сан соқтырды.

Мартинес шәкірттері естерін 17 минут өткен соң ғана жия алды. Айып добынан асырған допты ардагер футболшы Вертонген басымен әріптестеріне дәл берген. Янның басынан ұшқан доп жапондардың қақпасынан бір-ақ шықты. Жапониядан келген жанкүйерлердің шекесі шың ете қалды. Желпінген Бельгия футболшыларын енді тоқтату қиын еді. Одан кейін тағы бір шау тартқан футболшы Феллайни басымен гол соғып, есепті теңестірді. Ойын экстра таймға барады деп болжап отырғанбыз. Төреші қосқан қосымша 4 минуттың соңғысында жапондар бұрыштама көтерді. Оны қақшып алған Куртуа Де Брюйнеге пас берді. Ол допты қапталдағы Меньеге қалдырды. Менье болса айып алаңын нысанаға алған. Лукаку қулық жасап, допты аяғының арасынан өткізіп жіберді. Оның ізін ала жүгіріп келе жатқан Шадли жапон қақпашысына ешқандай мүмкіндік қалдырған жоқ. Сол кездегі бельгиялық жанкүйерлердің қуанышын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. 3:2 есебімен жеңіске жеткен Бельгия құрамасы енді Бразилиямен жартылай финал жолдамасы үшін таласады. Осы жапондармен өткізген ойындары арқылы Бельгия құрамасы қаһарына мінсе кез келген қарсыластың түте-түтесін шығаратынын көрсетті.

Соңғы ойын күнінде еуропалық қос ұжым Швеция мен Швейцария жасыл алаңға шықты. Жалпы, Швецияның осы плей-офф кезеңіне келу жолына көз салсаңыз сүйсінесіз. Жұлдызды ойыншылары Златан Ибрагимович құрамаға шақырылмаса да шведтер біраз азулы командаларды сүріндірді. Сөзімізді нақтылай түсу үшін тізіп көрсетейік. Алдымен іріктеу сындарында өз тобында Голландия құрамасын әлем чемпионатына бару мүмкіндігінен айырды. Тіпті, Францияны жеңіп, оларды да жолда қалдыра жаздады. Содан кейін өтпелі ойында күллі Италия халқының көзіне жас алдырды. Ресейге келіп, әлем чемпиондары Германияның тобынан бірінші орынмен шыққанын бұдан бұрынғы мақаламызда айтқанбыз. Енді, міне, Швейцария құрамасын 1:0 есебімен тізе бүктіріп, ширек финалға жолдама алып отыр. Ойындағы жалғыз голды Форсберг соқты. Ол гол кірер ме еді, кірмес пе еді, қорғаушы Аканджидің... аяғы болмағанда! Форсберг тепкен допқа аяғын төсеген Аканджи өз қақпашысы Зоммерді бағытынан жаңылдырды. Ойын соңына дейін сауатты қорғанған «тре крунур» алтын кубок жолындағы таласты одан әрі жалғастырмақ.

Швеция жанкүйерлері Колумбия-Англия кездесуіне ерекше үңіле қараған. Себебі, осы ойында олардың алдағы қарсыласы анықталатын. Голсыз өткен алғашқы тайм жанкүйерлердің ішін пыстырды. Екінші таймда барып ойын қарқыны үдей түсті. Оған себеп, төрешінің Колумбия қақпасына пенальти белгілеуі еді. Харри Кейн өзінің осы чемпионаттағы алтыншы голын соқты. Қызуқанды латынамерикалықтар одан кейін де ойын тәртібін жиі бұзып, төрешінің қаһарына іліге берді. Соңғы 90-шы минутта олар бұрыштама көтеруге мүмкіндік алған. Бұл мундиальда басымен

2 гол соғып үлгерген қорғаушы Мина үшінші голын соғып, өз командасын жеңілістен құтқарып қалған. Алайда, ойын соңындағы пенальти сериясында олардың жолы болмады. Ширек финалда шведтермен Англия ойнайтын болды.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ