Экономика 0 пікір 1706 лайк

Астық ору науқаны басталды

Шілде 05 / 2018

 

Баян ДАРҒОЖИНА, «Оңтүстік Қазақстан».

Егінге алғашқы орақты қазығұрттық шаруалар салды. Аталған ауданда биыл 87 мың гектарға жуық жерге күздік және жаздық бидай мен арпа егілген.

 

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жұмыс сапарымен Қазығұрт ауданында болып, астық ору науқанының барысымен танысты. Осындағы дәнді дақыл егумен айналысатын «Айқожа» өндірістік кооперативінің басты міндеті астықты төкпей-шашпай жинап алу болып тұрғанын атап өтті.

– Биыл облыста 233 мың гектардан астам жерге масақты дақылдар егілген. Оның 191 мың гектары бидай болса, 42,5 мың гектары – арпа. Бүгінде облыста осы алқаптардан 26,5 мың тонна арпа мен бидай жиналып отыр. Ауыл шаруашылығы басқармасының алдын-ала жасаған болжамдық есебі бойынша егілген дәнді дақылдардың әр гектарынан 16 центнерден, яғни 374 мың тонна өнім жиналады деп күтілуде. Сондықтан мол жиналған астықтан шаруалар тиісінше табыс көруі үшін астықты дұрыс сақтау, дер кезінде экспортқа шығару қажет, – деді Ж.Түймебаев.

Бұдан бөлек, өңір басшысы «Қарқын–2030» ЖШС-нің жұмысымен де танысты. 2009 жылы құрылған шаруашылықтың жер көлемі – 3,5 гектар. Негізінен ірі қара малды бордақылаумен, одан шұжық өнімдерін дайындаумен айналысады. Ет өңдеу цехында тәулігіне 4-5 тонна ет өндіріледі.

– Біздің өнімдеріміз Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент қалаларында сатылуда. Бүгінде Ресейге де тауар тасымалдай бастадық. Айына 4-5 тонна өнім жіберіп отырмыз. Бізде жартылай ысталған, пісірілген шұжықтардың түр-түрі шығады. 100-ден астам тұрғын жұмыспен қамтамасыз етілген. Олардың орташа айлық жалақысы 80 мың теңге төңірегінде, – деді мекеме директорының орынбасары Нұрмахан Әбдібаев.

Ал, Қызылқия ауыл округіндегі «Аманкелді» ЖШС-і І, ІІ және ІІІ репродукциялы бидай тұқымы, жеміс-жидек өнімдерін өндіреді. Тамшылатып суару әдісін қолданатын шаруашылықта 250 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

– Міне, Нұрлан Құраловтың қарқынды бауына келіп тұрмыз. Бізге өңірде осындай қарқынды бауды көбейту керек. Мұның ерекшелігі, өзгелерге қарағанда өнімді бес еседен он есеге дейін көп береді. Қазіргі таңда Қазығұрт ауданында қарқынды бау көлемі 242 гектар, жылыжайлар 117 гектар болды. Бұл бір ауданның өзінде ғана, – деді өңір басшысы Ж.Түймебаев.

Әкім аялдаған келесі нысан – «Ыбырайым қажы» шаруа қожалығы мал азығын даярлаумен айналысады. Тәулігіне 2 тонна көк балауса (гидропон) шығарады. Қожалықтың директоры Абзал Ибраимовтың айтуынша, гидропон арпадан өндіріледі. Осы шөппен қоректенген сиырдың сүті 10 литрден 20 литрге жетіп, екі есеге дейін көбейеді.

* * *

Өңір басшысы осы күні Сайрам ауданында болып, бірқатар әлеуметтік және спорттық нысандар мен мал бордақылау алаңдарының жұмысымен танысты.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ