Экономика 0 пікір 1704 лайк

Астананың тәжірибесі қолданылмақ

Шілде 05 / 2018

 

Альвира ПАЙЫСХАН, «Оңтүстік Қазақстан».

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов пен Астана қаласының әкімі Әсет Исекешов «Global Sіlk Road» атты форумда еліміздің үшінші мегаполисін дамыту мақсатында меморандумға қол қойды. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында қол қойылған құжат екі шаһардың әлеуметтік-экономикалық салалары, кәсіпкерлік пен әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға бағытталып отыр.

 

Меморандум негізінде болашақта қос қаланың кәсіпкерлері инвестициялық жобаларды бірге жүзеге асыру үшін жұмыс істейді. Сондай-ақ, арнайы экономикалық және индустриалды аймақтарды дамытуда тәжірибе алмасып, инновациялық өндірістер құрылады деп күтілуде. Екі қала арасындағы әріптестікті нығайту бірінші кезекте кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарының жұмысын жақсартып қана қоймай, тауарлар мен қызметтерді тиімді пайдалануға себеп болады. Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласына да инновациялық медициналық технологияларды енгізуді жоспарлап отырған екі тараптың басты көздегені – ана мен бала өлімін азайту.

Елорда халықаралық дәрежедегі іс-шаралар өткізудегі тәжірибесін Шымкент қаласында қолдану арқылы жергілікті мәдениет саласы мамандарының біліктілігін көтермек. Осының негізінде Шымкенттің 2020 жылғы ТМД елдерінің мәдени астанасы жылына арналған іс-шараларға дайындық барысына да көмектеспек ниетте.

Сонымен қатар, меморандумда құрылыс, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары саласын жандандыру, мемлекеттік қызметкерлер жұмысының тиімділігін артыру, цифрландыруды дамыту мен «Ақылды қала» моделін құруға баса назар аударылып отыр. Қалалық әкімдік жұмысына «Project Management» жүйесі енгізілмек арқылы мегаполисті басқаруды жеңілдету өзгеше сипатта дамымақ. Қос шаһардың әріптестігі нәтижесінде Шымкент қаласын басқарудың жаңа, тиімді моделі іске асырылады деп күтілуде.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ