Жадымызда қалған 20 жыл

Шілде 05 / 2018

 

1998 жылы 6 мамырда «Қазақстан Республикасының астанасы Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы Астана қаласы деп қайта атау туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы шықты. Дәл осы жылы Астана қаласында Сарыарқа және Алматы аудандары құрылды.

 

15 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевқа Астана қаласын ел ордасы ретінде қайта салуға, қалыптасуына және перспективалық дамуына қосқан зор үлесі үшін «Астана қаласының құрметті азаматы» атағы берілді.

1999 жылы 10 қаңтарда Қазақстан Президентінің кезекті сайлауы өтіп, 5 846 817 сайлаушының дауысын жинаған Н.Ə.Назарбаев жеңіске жетті.

20 қаңтарда Н.Ə.Назарбаевтың Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына кірісуіне байланысты инаугурациялық – ұлықтау салтанаты Конгресс-холда (қазіргі «Астана» концерт залы) өткізілді. Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Зағипа Балиева салтанатты жағдайда Қазақстан Республикасы Президентінің куəлігін тапсырды. Елбасы ата-баба жолымен ақ киіздің үстінде тұрып ант берді. Одан кейін халыққа өзінің жүрекжарды лебізін жеткізді.

2000 жылы 1 қаңтарда жаңа ғасырдың алғашқы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Мəдениетті қолдау жылы» деп жарияланып, аталмыш шараның беташар рəсімі ретінде бас қалада «Мыңжылдық – Думан – Астана» атты мерекелік бағдарлама қолға алынды. Жаңа мыңжылдықты қарсы алу салтанаты қаладағы «Алатау» спорт сарайында өтті.

2001 жылы 25 қаңтарда Елбасы Н.Назарбаев Нью-Йоркте шығатын 5,6 миллион оқырманы бар «Busіnesweek» журналына сұхбат беріп, еліміздің тəуелсіздік жылдары жеткен жетістігі мен Астана туралы жан-жақты баяндады.

2002 жылы 1 қаңтарда бір жыл бұрын қабылданған «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағын құру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сəйкес құрылған арнайы экономикалық аймақ өз жұмысын бастады. Қазіргі таңда АЭА аумағы 7634,71 гектарды құрап отыр.

2003 жылы – еліміз «Қазақстан – 2030» стратегиясында айқындалған міндеттерді іске асыруға белсенді кірісіп, алғаш рет аналарға бала тууына байланысты бір реттік жəрдемақы беріле бастады. Сонымен қатар, осы жылдан бастап, алдағы үш жыл (2003-2005 ж.ж) «Ауылды қолдау жылы» деп жарияланды.

16 сəуірде Президент Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы жарияланды. Жолдауда қоғамды одан əрі демократияландыру мен мемлекеттік басқару тиімділігін арттырудың, мəдениет, білім беру жəне руханият салаларын дамытудың негізгі бағыттары баяндалды.

2004 жылы 13 қаңтарда Елбасының нұсқауымен тəуелсіз Қазақстанның тарихындағы аса маңызды құжат «Мəдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Құжатта қарастырылған шараларды жүзеге асыру үшін ел бюджетінен 3 миллион 948 мың теңге бөлінді.

2005 жылы барлық мемлекеттік аппарат Астананың сол жағалауында орналасқан жаңа əкімшілік орталыққа қоныстанды. Қала елорда мəртебесін алған жеті жыл ішінде тұрғындарының саны өсіп, 541, 7 мың адамға жетті.

2006 жылдың басты жаңалығы – қаңтар айында республиканың жаңа Əнұраны қабылданды. Оған сазгер Ш.Қалдаяқовтың 1950 жылдары жазылған «Менің Қазақстаным» əні алынды.

2006 жылы 11 қаңтарда 2005 жылдың 4 желтоқсанында өткен Президент сайлауында 91 пайыз дауыспен жеңіске жеткен Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты ұлықтау рəсімі Астана қаласында өтті.

2007 жылы 21 ақпанда Астанадағы Ұлттық кітапхана ғимаратында «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының басшылары баспасөз өкілдері алдында есеп берді. АЭА құрылғаннан бері онымен салалас 660 кәсіпорын тіркеуге алынып, қаладағы құрылыс жұмыстарына 193,9 млрд. теңге жұмсалыпты. Нәтижесінде ірі-ірі 62 нысан уақтылы пайдалануға берілген.

2008 жылы 1 шілдеде Астаналық саябақта «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» атты көшпелі өркениет фестивалі ашылды. Бүкіл түркі дүниесінің ғажайыптарынан сыр шертетін бұл шара астаналықтар мен қала қонақтарының ерекше ықыласына ие болды.

2009 жылы 29 тамызда Н.Назарбаев Семей ядролық полигоны жабылған 29 тамызды Дүниежүзілік ядролық қаруды сынауға қарсы іс-қимыл күні деп жариялау туралы ұсыныс жасады. Бұл идеяны əлемнің жетекші мемлекеттері қолдап, БҰҰ Бас Ассамблеясы қарарымен мақұлданды.

2010 жылы 14 қаңтарда Қазақстан Республикасы ЕҚЫҰ төрағалық қызметіне кірісуіне орай ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халыққа Үндеу жолдады. Онда: «Еліміз тəуелсіздік алған сəттен бастап, өңірлік жəне жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға барынша үлес қосып келеді. ЕҚЫҰ-ның өзге де мемлекеттерімен бірге Шығыс пен Батыс арасын жақындастыруға бағытталған ұмтылыстарды жан-жақты қолдаймыз» делінген.

2011 жылы Қазақстанда тұңғыш рет Қысқы Азия ойындары өтті. Астана мен Алматы 2011 жылдың 30 қаңтары мен 6 ақпаны аралығында 7-Қысқы Азия ойындарын қабылдады. Бір апта бойы дүниенің дүйім жұрты Қазақстанға көз тігіп, алып Азия құрлығы Астанаға назар салды. 27 елдің үкілеген үмітін арқалаған мыңға жуық спортшы сайыстың 11 түрінен жарыс жолына шықты.

2012 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына екі бірдей Жолдау жариялағанымен де ерекшеленеді. Жылдың соңында «Қазақстан–2050» Стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» деп аталатын Жолдау еліміздің жасампаздық жолын жалғастырудың басым бағыттарын айқындады. Тұңғыш рет «Мәңгілік Ел» идеясы ұсынылды. Елбасы елімізді дамыған 30 елдің қатарына қосу бастамасын көтерді.

Тәуелсіздіктің тарихындағы 2013 жыл Қазақстанның «2050 Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдау бойынша жұмыстың қолға алынуымен ерекшеленетінін айтуға болар еді. Шындығында Президент Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қазіргідей шапшаң өзгеріп, тез құбылатын заманда Қазақстанның адастырмас бағыт-бағдары болды. Сондықтан бұл бағдарламаны халыққа түсіндіруде 2013 жылы түбегейлі бетбұрыс жасалды.

2014 жылы Қазақстанның Астанасында әлем көз тіккен үлкен оқиға орын алды. 29 мамыр күні елордадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттерінің басшылары Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) құру шартына қол қойып, тарихи құжатты бекітті.

2014 жылы Тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы тағы бір елеулі оқиға – елімізге қатысты Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі туралы шешім қабылданды. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Бельгияға ресми сапары кезінде Қазақстан Республикасы мен Еуропалық одақ арасындағы Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісім табысты болып, Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі мәселесі жөніндегі келіссөздер түбегейлі аяқталды. Бұны халықаралық сарапшылар да тәуелсіз Қазақстан тарихының жарқын беттерінің біріне балаған болатын.

2015 жылы Елбасының шешіміне орай Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Жеңістің 70 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы, Ата Заңымыздың 20 жылдығы елдік деңгейде мерекеленді.

7 мамыр – Отан қорғаушылар күні айрықша тойланды. «Қазақ Елі» алаңындағы Жеңістің 70 жылдығына арналған парадқа әскери қызметшілер мен әскери техника рекордтық көлемде тартылды. Парадқа 5 000-ға жуық әскери қызметші, 200 дана шамасында қару-жарақ пен әскери техника, әскери авиацияның 70 ұшағы мен тікұшағы қатысты.

2016 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы тойланды.

Наурыз айында мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтті. Парламентке «Нұр Отан», «Ақ жол», «ҚКП» партияларының өкілдері енді.

2017 жыл Қазақстан үшін жемісті болды. Қазақстан алғаш рет халықаралық маңызы бар ЭКСПО көрмесін ұйымдастырды. Көрме

2017 жылдың 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында Астана қаласында өтті. Оған 115 мемлекет және 22 халықаралық ұйым қатысты. Көрмені тамашалауға әлемнің түкпір-түкпірінен 3 миллион адам келді.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ