Руханият 0 пікір 1704 лайк

Уақыт сабақтастығы, ұрпақ сабақтастығы деген осы!

Шілде 05 / 2018

 

Осыдан бір жыл бұрын киелі Түркістан қаласына қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев келді. Сөзі емес, өзі – мәрмәр тастан соғылған бейнесі келді. Заты тас демесеңіз, кәдімгі жанды бейне, әне-міне жүріп кеткелі, сөйлей жөнелгелі тұрған ескерткіші келді. Мәңгілікке келді.

 

Сонда біз мұны жақсылықтың нышанына баладық.

Және бір айта кетерлігі, бұрын біз – оңтүстік тумалары солтүстік аймақ тұрғындарының бодандық және социализм кезеңдерінде жоғалтқан ұлттық құндылықтарын табуға, жаңғыртуға, қалпына келтіруге көмектесуші едік. Мысалы, өзім Солтүстік Қазақстан облысында облыстық соттың төрағасы болып отырғанда сол аймақтың талай тарихи тұлғаларының атын жаңғыртуға үлес қостым. Солардың қатарында Мағжан ақын да болды, әрине.

Бұл жолы өзгерген, оянған, рухани жаңғыра бастаған солтүстігіміздің ұлтжанды жас азаматтары Түркістанда ақын ескерткішін орнатуға белсенді түрде атсалысты. Сонда сол салтанатты жиынға қатысқан әрбіріміз ұлы Мағжанның Түркістан туралы әйгілі өлеңін еске алғанбыз:

Түркістан екі дүние есігі ғой,

Түркістан ер түріктің бесігі ғой...

Ия, Түркістанға Мағжанның өзінен көп бұрын өлеңі жетті, рухы жетті... Кешігіңкіреп барып өзі де келді. Қатты қуанғанбыз. Сол қуанышымыз бүгінде еселеніп отыр.

Айтпақшы, осы жақында ғана мен Солтүстік Қазақстан облысына барып қайттым. Петропавлда Мағжан ақынның бұрынғыдан да еңселі жаңа ескерткіші бой көтеріпті. Жалпы, бүкіл түркі әлемінің ұлы ақыны деп танылған Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдық мерейтойы Қазақстанда ғана емес, тілі, тарихы бір туыстас басқа елдерде де кеңінен аталып өтуде. Ал, бұл жолғы іс-шараның Түркістан облысының құрылуымен тұспа-тұс келуі тіпті де тегін емес.

Мағжанның Түркістанмен бірлігі, жалпы түркі дүниесінің ынтымақтастығы бүгінгі таңда өте актуальды мәселе.

Елбасы, бүкіл дүние Түркістанға назар аударып отыр.

Демек, Түркістанның жаңалығы облыс болумен ғана шектелмейді.

Оны тағы бір ұлы жаңалық күтіп тұр деген сенімдемін.

«Екінші Мекке» атанған Түркістан ендігі жерде осы атына лайық болу үшін, өзінің рухани миссиясын толық өтеу үшін Түркістанға қатысты жоғарғы басшылық тарапынан тағы бір таңғажайып қадам жасалатын күн жақын деп ойлаймын.

Тәуелсіздік алған күн, одан бергі айлар, жылдар шежіресі көз алдымызда тұр. Әр сәті есімізде.

Нұрсұлтан Назарбаев бір ауыздан Президент болып сайланғанда шетелдік ақпарат құралдары әртүрлі пікір таратты. Сайлаушылардың

100 пайызға жуық даусын алғанына күмән келтіргендер де болды. Бұл қазақтың тарихын, дәстүрін, арман-мақсатын білмеуден туындаған жағдай еді.

Елдіктен, өз көсемін өзі сайлаудан айырылған халық кенеттен осындай мүмкіндік туа қалғанда көп ойланып жатпады. Сол кезде тарих сахнасына шыққан «Назарбаевтан артық кім бар?!» деген өз сөзін айтты.

Арада көп уақыт өтпей-ақ таңдауда қате болмағанын, Назарбаев елі, жері, халқы үшін туылған тұлға екеніне анық көз жеткізіп, Тұңғыш Президенттің қасына бұрынғыдан да тығыз топтаса бастадық.

Бір ғажабы, Назарбаев Қазақстанды басқарып келе жатқан осынау жылдардың бір күнінде де ешкімді бей-жай қалдырмай, жаңа ой-толғамдарымен таңдандырумен, сілкінтумен, алға, болашаққа ұмтылдырумен болды.

Ұлы көшті бастаушы ғана емес, небір керемет идеялардың генераторы ретінде танылды. Сондай тосын шешімдерінің бірі – астананы гүл жайнаған Алматыдан Ақмолаға көшіру еді.

Иә, мұны да кезінде көпшілік бірден қабылдай алмады. Жәй қиял, орындалмас арман деп түсінді. «Көшер-ау, бірақ, ол ұзақ жылдарға созылар процесс» деп ойлады. Сарыарқаның сары аязы алыстан-ақ жауратып, сазды балшығы аяқтан шалды. Алайда, Сарыарқаны бетке алған көш тез жиналып, жылдам қозғалды. Жұрт көштің мәнін қабылдап, сіңіріп үлгермей жатып-ақ, Ақмола ел астанасына айналып шыға келді. Небір ғажайып құрылыстар басталып, Азия былай тұрсын, астамсыған Еуропаның өзінде кездесе бермейтін нысандар бірінен кейін бірі бой түзеп жатты. Қысқасы, тарих үшін қас қағым сәтте әлемді таңдандырған жаңа қала салынды.

Жалпы, астана ауыстыру деген процесс әлемде сирек те болса кездесіп тұрады. Бұл проблеманың біз үшін өткір көтерілетін жөні бар.

Қазақ бодандыққа түсіп, хандық институты жойылған соң Түркістанның құлдырау дәуірі басталды. Жұрт оның бір кездері астана болғанын ұмыта бастаған да еді. Елбасы ұмытпапты. Тәуелсіздік алған соң көп ұзатпай осынау көне шаһарды жаңғыртуды, түлетуді қолға алды. Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы сынды ұлы жиынды өткізді. Қаланың бір жарым мың жылдық тарихын ерекше атап өтті. Қазақ-түрік университетін ашты...

Түркістан еңсесін тіктей бастады. Осыған шүкіршілік айтып, қуанып жүргенімізде «Түркістан облыс орталығына айналады екен» деген хабар жетті. Содан көзді ашып-жұмғанша Шымкент республикалық бағыныстағы қалаға айналып, Алматы мен Астананың қатарына енді. Артынша жаңа облыс туралы Елбасы Жарлығы шықты.

Жарлық жұрт күткеннен де асып түсті. Түркістан көне қаланың да, жаңа аймақтың да атына айналды.

Түркі әлемінің шамшырағы болуға ұмтылысы көзге бірден шалынды.

Демек, Елбасының ойында көптен жүрген, пісіп-жетілген, іштей қапысыз дайындаған заманауи ұлы идеяларының бірегейі болып шықты.

Басқаша айтқанда, осыдан бір жыл бұрын жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты теориялық еңбегінің аясында іске асқан ұлы мақсат десек те жарасады емес пе!

Елорда саяси астанамыз!

Алматы мәдени астанамыз!

Түркістан рухани астанамыз!

Бұдан артық керемет бола ма?!

Осы орайда Нұрсұлтан Әбішұлының әр істі алыстан, тереңнен, жан-жақты ойластыратыны туралы бір ауыз сөз айтпай кетуге болмас.

Тарихқа кішкене шегініс.

Сонау жиырмасыншы жылдардың басында қазақ даласы екі бірдей республиканың негізін қалады. Оңтүстік аймақтар орталығы Ташкент болған Түркістан Республикасының құрамына енді. Түркістан Республикасын түркішіл Тұрар Рысқұлов басқарды.

Ал, енді, қазақ даласының батыс және солтүстік аймақтары Ресей Федерациясының құрамындағы Қырғыз, яғни Қазақ автономиясының құрамына қосылды. Бұл автономияның тізгінін ұлтжанды ақын Сәкен Сейфуллин, одан кейін Нығмет Нұрмақов ұстады.

Басқаша айтқанда, қай жағынан да ешкімге есеміз кетіп тұрған жоқ. Ташкенттің жағдайы айдан анық. Ал, Қазақ автономиясының астанасы атанған Орынбор астаналық міндетін толық атқара алмады. Сол тұста астана мәселесін жан-жақты зерттеген жалынды, мемлекетшіл, ұлтжанды азамат, Қазақ үкіметінің жас мүшесі Смағұл Сәдуақасов осы тақырыптағы арнайы мақаласында былай деп жазды:

«Орынбор даланы түсінбейді, дала Орынборды түсінбейді. Себебі, Орынбордың тілі орысша, дала қазақша сөйлейді». Сол Сәдуақасов ұлан-байтақ даладан астанаға лайық қала іздейді. Таппайды. Дегенмен, болашақтан үмітін үзбей, «Келешекте Қазақстан өндірісі дамыған елге айналғанда, оның астанасы қазіргі Акмолинск стансасы болуы мүмкін» деген тұрғыда болжам жасады.

Арада 80 жылдай уақыт өткенде кешегі станса, кешегі провинциалдық Ақмола, кешегі Целиноград Қазақ елінің астанасына айналды!

Міне, уақыт сабақтастығы.

Міне, ұрпақ сабақтастығы.

Міне, біздің Елбасымыздың елі мен жерінің тарихын бес саусағындай білетіндігінің куәсі. Халқын жанындай жақсы көретіндігінің белгісі.

Жалпы, Түркістанның жеке облысқа айналуы «Мәңгілік Ел» идеясының нақты іске аса бастауының дәлелі болса керек.

Елбасы жаңа тарихи аймақты құру барысында мәселенің бүге-шігесіне дейін қапысыз ойластырған екен. Мысалы, облыс әкімі етіп Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевтың тағайындалуы да көптің көңілінен шықты. Оңтүстік тумасы, ғалым, мемлекеттік қызметте шыңдалған, Түркі дүниесін терең білетін, Түркі бірлігінің жемісті болатынына көз жеткізген, Түркия сынды байырғы, қуатты елде елшілік қызметті абыройлы атқарған, кешегі Ресей мен Түркия арасындағы текетіресті Елбасының дәнекерлігімен бейбіт жолмен шешілуінде «Елдестірмек елшіден» деген қағиданы қайраткерлікпен атқарған Жансейіт Қансейітұлының Түркістан облысының тұңғыш әкімі болуы да көңілге қуаныш ұялатып, алдағы тірлігіміздің де абыройлы болатынына сенімімізді серік етіп отырмыз.

Ендеше, жаңа Түркістанды тарих сахнасына алып шыққан Елбасымыздың төңірегіне, Түркістанның тізгінін ұстаған әкіміміз, Елбасымыздың сенімді серіктерінің бірі Түймебаевтың төңірегіне бұрынғыдан да тығыз топтасып, бірлікпен, ұйымшылдықпен жұмыс істейтін уақыт келді деп ойлаймын. Соған шақырамын баршаңызды!

Бекет ТҰРҒАРАЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ