Адамзаттың рухани төрі

Шілде 05 / 2018

 

Айдар ҚҰЛЖАНОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Шәкәрім Құдайбердіұлының «Дін адамды бір бауыр қылмақ еді, Оны бөліп дұшпандық қару жасар» деген байламы бұдан ғасыр бұрын айтылса да әлі күнге маңыздылығын жойған жоқ. Негізінде кейінгі адасқан ағымдар болмаса, адамзаттың тарихында орны бар ұлы діндердің бәрінің түп негізі біреу-ақ. Ол – ізгілік. Бәрінің де мақсаты – адамзатты жамандықтан қайтару, жақсылыққа шақыру, мейірімділікке баулу. Бірақ, дінді саясаттың құралына айналдырып, соны пайдаланып өшпенділік тарататын, қақтығыстар мен соғыстар туғызатын күштер әлімсақтан бүгінге дейін бір тыным тапқан емес.

 

Осыдан келіп дінаралық қарым-қатынастар жөнінде таптаурын, қасаң стереотиптер қалыптасқан. Енді ХХІ ғасырда сол стереотиптерді еңсеріп, жаһандық толеранттылық пен түсіністіктің әмбебап формуласын жасау – адамзаттың алдында тұрған ұлы міндет. Астана қаласында бес рет өткізілген Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съезі осындай ізгі мақсатты көздейді.

Дінбасылардың осынау құрылтайы адамзатты бір діннің төңірегінде топтастыруды немесе олардың арасындағы фундаментальды қарама-қайшылықтарды жоюды көздемейді. Ол мүмкін де емес. Бұл жөнінде 2003 жылы өткізілген алғашқы съезде сөз сөйлеген осы идеяның авторы – ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та айтқан болатын.

Елбасы «Түпкі мақсатты белгілеудің қажеті жоқ, оны белгілеуге болмайды. Біртұтас діни кеңістік құру да мүмкін емес. Орын алып отырған қайшылықтардың барлығын да еңсере алмаймыз, оның үстіне олар кейде ұлы діндердің түп негізіне қатысты болып жатады. Тұрақты диалог орнатудың басты құндылығы – көзқарастар мен түсініктердің қарама-қайшы­лығына қарамастан, жалпыға ортақ мәмілеге келу қажет­тігінің маңызын түсіну және оған қол жеткізудің жолдарын іздестіру болып табылады. Ең бастысы, диалог бейбітшілік пен келісім алаңын, үйлесім мен айқындық дәуірін қалыптастырады» деп тұжырымдаған болатын.

Міне, осы тұжырымның негізінде әр үш жыл сайын тұрақты түрде өтіп келе жатқан съездің жылдан-жылға ауқымы кеңейіп, маңызы артып, мәні тереңдей түсуде. Әр съезде маңызды құжаттар, декларациялар қабылданды. Оның үстіне бірінші съезге әлемнің 13 елінен діни көсемдер қатысса, биылғы басқосуға әлемнің 45 елінен 100-ге жуық делегация арнайы келді. Мұның сыртында съездің институционалды құрылымдары да жетіліп келеді.

Түйіндеп айтқанда, діни көшбасшылардың диалогын құру арқылы әлемдегі қауіпсіздік пен бейбітшілікті нығайтуға үлес қосу жөніндегі Елбасының жасампаз әрі өміршең идеясы -–Астана қаласын дінаралық, мәдениетаралық қана емес, өркениетаралық үнқатысу алаңына айналдырды.

Еңселі елордамыздың мерейлі мерекесінде Астананың осынау мәртебесі жөніндегі сарапшылардың пікірлерін оқырман назарына ұсынғанды жөн санап отырмыз (Пікірлер Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының V съезіндегі баяндамалардан ықшамдап алынды – ред.).

Свами ПАРАМЕШАНАНДА, БҰҰ діни үкіметтік емес ұйымдар комитетінің президенті:

– Ешбір саясат адамның өмірінде кездесетін барлық проблемаларды шеше алмайды. Тек адамның Құдаймен қарым-қатынасы дұрыс болса, ол адам өмірде дұрыс емес істерден аулақ болады. Адамның дінсіз өмір сүре алмауының себебі осы ғана. Бірақ, адамзаттың осы қажеттілігін теріс пайдаланып, дін іздеген, Құдайға жақындайтын жол іздеген адамдарды экстремизм мен терроризмнің ұйығына қарай тартып әкететін күштер көбейіп тұр. Олармен күресте ешбір мемлекет діни көшбасшылардың көмегінсіз табысқа жете алмайды.

Саясаткердің айтқанына адамның ақылы сенгенімен, оның жүрегіне сенім ұяламайды. Адамдардың жүрегінде дұрыс сенім қалыптастыратын діни көшбасшылар ғана. Олай болса, сол діндарлардың өздері дұрыс бағытта, ізгілік пен бейбітшіліктің жағында болуы маңызды. Міне, осы тұрғыдан алғанда Астанадағы съезд тарихи маңызға ие.

Біздің комитет діндердің өкілдерімен жұмыс істейтін, олардың экстремистік жолға кетіп қалуының алдын алумен айналысатын 100-ден астам үкіметтік емес ұйымның басын біріктірген. Біз адамдарды адасудан сақтау үшін олардың отбасыларының берік болуына басымдық береміз. Өйткені, отбасында жарасымдылық бар қоғамда бірлік пен тыныштық орнайды. Айтайын дегенім, Президент Назарбаев Астанада съезд өткізу арқылы әлемдік деңгейде өркениетаралық үнқатысуды ұйымдастырып қана отырған жоқ, осы құрылтайдың құндылықтарын қазақ қоғамына да сіңіріп, өз елінде бейбітшілік пен ынтымақтастықтың нығаюына да ықпал етіп келеді.

 

Дьердь САБО, ЕҚЫҰ-ның Астана қаласындағы бағдарламалар офисінің басшысы:

– Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы қызметінің маңызды бағыттарының бірі – мүше-мемлекеттердің экстремизмге қарсы күресінің нәтижелі болуына ықпал ету. Қазақстанда бұл бағытта біршама ілгерілеу барын айтқым келеді. Ел Парламенті осы бағыттағы заңнаманы біршама жетілдіретін құжаттар қабылдады. Бұл жерде Президент Назарбаевтың үлкен саяси ерік-жігер танытып келе жатқанын атап өткен жөн. Астана қаласында бес рет ұйымдастырылған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері сөзіміздің дәлелі бола алады.

Қазақстан билігі бұл жиындарды ешқандай бақай есепсіз, әлемде бейбітшілік пен толеранттылықтың нығаюы үшін өткізіп келеді. Оның нәтижесі бір күнде көзге көрінбегенімен, ұзақ мерзімді кезеңде бұл басқосулардың нәтижесі болады. Өйткені, кез келген диалог жанжал мен түсініспеушіліктің алдын алады.

Бұл форум Қазақстанның, оның астанасы – Астана қаласының халықаралық деңгейде танымал болып, үлкен беделге ие болуына жол ашты. Өз кезегінде Қазақстан әлемге ашық, толерантты мемлекет ретінде танылып, мұнда инвестиция ағыны арта түсуде. Яғни бұл съездер арқылы Қазақстан билігі әлемнің тыныштығын ойлаумен қатар, өз елінің қауіпсіздігін де нығайту үстінде.

P.S. Кезекті алтыншы съезд биыл күзде өтеді. Форумның тақырыбы «Діни лидерлер қауіпсіз әлемді жақтайды» болып белгіленді. Съездің күн тәртібінің бұрынғыдан да өткір, кешенді әрі өзекті болуы орын алып отырған халықаралық жанжалдардың бәсеңсуіне оң ықпал етеді деген үміт бар.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ