«Бұл атауда батылдық, мығымдық және айқындық реңк бар!»

Шілде 05 / 2018

 

Елбасы Н.Назарбаев ел астанасына Астана атауын бергенде сан түрлі пікір айтушылар көп болды. Бірі құптап, екіншісі бұрыс деді. «Астана» сөзінің тарихына үңілсек, «алып қазан» немесе «тайқазан» деген мағына береді екен. Оңтүстік өңірінде әлі күнге дейін үлкен тойлар мен ас-жиындарда тамақ пісіретін алып қазанды «астана» деп атайды.

 

Геродоттың еңбегінде (б.д.д. 490-425 ж.ж.) сақ патшасы Арианттың жауынгерлердің жез жебелерін жинатып алып балқытып, үлкен қазан құйғаны айтылады. Даяр болған қазанға құйылған Тәңір судан жауынгерлеріне ішкізгенде түсе бастаған рухтары қайта көтеріліп, көсемнің туы астына жиналыпты-мыс.

Кешегі кеңестік дәуірдегі атақты тарихшылар Л.Гумилев, А.Бернштам, С.Киселев, Ә.Марғұлан, т.б. өз еңбектерінде көне түркі тайпаларының (сақ-скиф, ғұн, үйсін) Отаны Солтүстік Қытай жері деп жазды. Кейін тарихтың «жойқын ұлы көштері» барысында осы түркі тайпалары шығыстан Еуропа, Кіші Азия елдеріне дейін қоныс жайлайды. Дәлірек айтсақ, Солтүстік Қытайдан Оңтүстік Сібірге қарай көшкен сақ-скиф, кемер тайпалары біздің дәуірімізге дейінгі VІІІ-VІІ ғасырларда Қара теңіздің солтүстік жағалауына қоныс аударған. Бұл тайпалар өзімен бірге ала келген сібірлік «аң стилі» бейнелеу өнерін осы өңірге таратқан. Міне, осы Қара теңіз жағалауы және Кіші Азияны жайлаған сақ-скиф тайпалары арасына келген Геродот олардың қазан жасау салтын жазған.

Сақ этнонимінің асақ, ассақ деп те айтылғаны ғылымда дәлелденген. Сақтардың тіліндегі осы диалектикалық нұсқа Қазақстанның Маңғыстау облысы Ассеке-Аудан ойысының атауында сақталған. Сондай-ақ, Пәкістанның Сват жазығында б.д.д. ІІІ ғасырда өмір сүрген Ассакен мемлекетінің атауы мен осы елдің бас қаласы Массака атауын ғалымдар сақ этнонимі деп қарастырады. Сонымен, Қазақстан астанасының атауы Астана деп қойылды. Иә, әрнәрсенің шығу тарихы бар. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде неліктен астанамыз Астана аталды деген заңды сұрақ туады.

Әлбетте, жаңғырған қоғамның түп-тамыры, тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Осы тұрғыдан алғанда Астана атауы халқымыздың рухани, экономикалық өрлеуіне алып келетін символдық қалқан болса керек. Астана атауындағы ас – биік, асқар шың, ал, тан/тәңір, тана түркі халқында бурыл тұлпарға мінген батырдың есімі. Бір қызығы, татар халқында бурыл атқа мінген «Тана батыр» аңызы кездеседі. Осы батырдың есімін ғұндар Дон өзенінің сол жағалауына апарып, Тана (грекше Танайс) қаласының негізін салды. Қаланың қазіргі атауы – Азов. Ғұндардың жойқын көштерінің көрінісі Еділ өзенінің сол жағалауында бой көтерген Қазан қаласының атауы. Ғұндардың көсемі Мөде қағанның ұрпағы Атилла жауынгерлері үлкен қазанға су толтырып, сыйынған. Мөде қағанның эпикалық жырлардағы бейнесі Оғыз қаған екендігі ғылымда дәлелденген. Академик В.Гордлевскийдің көрсетуінше, Оғыз дәуірінде кең өріс алған халық дәстүрлерінің көбі бертінге дейін қазақ халқының рухани тіршілігінде сақталып келген. Қазығұрт тауының баурайындағы Оғыз жұртының ханы Қазанбек туралы тарихшы, шежіреші Әбілғазы толғауында былай айтылады:

«Бір қазанға қырық бір аттың етін салды,

Ол қазанды сол қолымен көтерді,

Оң қолымен елге жүріп үлестірді,

Алыптар, билер, көремісің

Қазанбектің кім екенін?»

деп оғыз жұртының толысқан, күшейген кезін көрсетеді.

Сақ-скифтердің дүниеден өткен патшасының әруағына арналған «ақырғы зор құрмет» салт-жоралғысын көрген Геродот оны «ас» деп айтты. Ас беріп той жасау, сойыс қылу, көкпар беру (көк бөріге сыйыну) – сақ, ғұн, үйсіндерден жеткен тарихи жора. Ол үшін астанаға (тайқазан) жылқының тұтас еті салынады. Геродот еңбегінде сақтар жасаған тайқазанға 300-350 литр су сиятындығы айтылады. Бұл рәсім ру-тайпа деңгейінде ұйымдастырылып өт

кізіледі. Ас өткізу социумдағы үйлесімді әлеуметтік байланысты қалпына келтіріп, этнос (халық) тіршілігінің басты шарты – ұрпақаралық этникалық байланысты сақтап отырады.

Назарбаев астана атауын өзгерту туралы былай деген: «...Бір жолы түнде, дәлірек айтсам, сағат түнгі екіде Астана деген атау ойыма сап етіп, көкейіме қона кеткені. Астана дегеніміз – астана! Қазақша әдемі естіледі. Қомақты, ауыз толады, қысқа да нұсқа, әуезді. Орысша да, ағылшынша да солай естіледі. Бұл атауда батылдық, мығымдық және айқындық реңк бар. Астана!...».

Қазақ ақыны Махамбет Өтемісұлы:

«…Қара қазан, сары бала.

Қамы үшін қылыш сермедік…»

деп келетін өлеңінде халқымыздың киелі символы қазанның төңкерілмеуі жолындағы ерлік күресті айтады. Ал, мына бір толғауында:

«Астана жұртын айналған,

Астына тұрман болсам деп,

Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен,

Атқан оғы Еділ-Жайық тең өткен»

деп халқы топтасқан астананы ұран етіп Махамбет ақын сары далада жойқын күш болған батыр бабаларымызды еске түсіреді. Ақын қазан сөзінің мағынасын метафора ретінде көрсетіп отыр. Қазақ үшін киіз үй – шаңырақ, ал, қазан – шаңырақтың ұйытқысы. Қазақ халқының бар өмірі қазанның айналасында шоғырланған. Біздің ұғымымызша, киіз үй – бір шаңырақ астына жиналған Қазақстан халқы, ал, Астана қазақ шаңырағының ортасында орналасқан тайқазаны секілді биікте тұр. Байырғы түркілер дүниенің төрт бұрышы – шығысты көк, батысты ақ, солтүстікті қара, оңтүстікті қызыл түспен белгілеген. «Көк» пен «Тәңір» аспан мағынасындағы синоним сөз. Түркі ойшылы, ғұлама М.Қашқари сөздігіндегі көктің мағынасы аспан деп берілген. Олай болса, ас – тәңірдің сыйы, ас – ус бүркіт (М.Қашқари) биікке самғау, тан/а – тәңірі немесе бурыл атқа мінген батыр. Осы бүркіт атауындағы бүрк – буруг атауына «ут» көптік қосымшасы жалғануы нәтижесінде кірігу – фузияға ұшыраған бург, яғни бөрі. Көне түркілік ат, ут, т қосымшалары көптік мағына ғана емес, сондай-ақ, биіктік, ұлылық мағыналарын да білдірген.

Астана атауының төркінінде бүркіт немесе бөрі ұғымы бар. Ал, қазақтың көне сөздерінде көк бөріге немесе бурыл тұлпарға мінген тарихи әпсаналар кездеседі. Біздің дәуіріміздің ІІ ғасырында батыс Жетісуда үйсіндер мен ғұндардың араласуынан оғыздар пайда болған. Әбілғазының «Түрк шежіресі» жылнамасында Оғуз қаған қиын-қыстауға ұшырағанда оның шатырына жарық кіреді, ол жарықтан көк түсті, көкжал үлкен бөрі шығып, Оғызға үш рет жол көрсететіні баяндалады. Бір қызығы, сақтардан қалған «станица» сөзінің екінші мағынасы «табын» немесе «құрт», яғни бөрі мағынасын танытқан. Осы орайда Кіші жүз ішіндегі Табын руы ноқта ағасы саналатынын еске түсірсек болады.

Туымызда бүркіттің, Елтаңбамызда тұлпар-пырақтың бейнеленуі Астана атауымен біте қайнасып, мемлекетіміздің тұтастығын, халқымыздың бірлігін сипаттаса керек. Елбасының Астананы көшірудегі қаһармандық тұлғасын барыс бейнесіндегі түркі хандарының алтын тәжі толықтырып тұр. Олай болса, Астана эмблемасында барыс бейнесінің болуы заңдылық.

Астана атауының таңбаланған ұғымы лексикалық тұлғасы, саяси-рухани семантикалық мәні жағынан ұлттық болмысымызды толық бейнелейді. 1925 жылы Қазақстанның астанасы Орынбордан Қызылорда қаласына көшірілгенде классик жазушы Бейімбет Майлин «Астана» атты өлең жазғаны бар:

«...Кәрі-жасы, бәрінің де

Айтатыны – астана!..».

Қазіргі Астана – үшінші мыңжылдыққа аяқ басқан ұлтымыздың пассионарлық дүмпуінің нәтижесі мен кескін-келбеті. Тарихшы ғалым, кинорежиссер Э.Дилмухаммедованың «Қазақстанды алда не күтіп тұр?» деген сұрағына әйгілі ғалым Л.Гумилев былай жауап беріпті: «Таяу уақытта қазақ елінде күшті серпіліс, пассионарлық дүмпу жүреді. Сол дүмпудің нәтижесінде қоғамды алға сүйрейтін тұлғалар туады. Ол адам баласының ойына келмейтін биік мақсаттар қойып күреседі және соған қол жеткізеді». Гумилев айтқан мұндай дүмпу Астана қаласында өтіп жатқан алқалы үлкен жиындардан қазақ елінің әлемнің алпауыт елдерінің арасында өзін танытқаны болса керек. Ұлт Көшбасшысы болашақты көріп қана қоймай, сонымен қатар халқын соған жетелейді.

Астананың асқақ рухын асқақтатқан «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасының салынуы – жаңа дәуірдің мемлекеттік идеологиясының негізі.

Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Мен халқымның тағлымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын» деп әділ көрсетті.

Болаттемір АЛТАЕВ. тарихшы ғалым.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ