Қазақстан стартта тұрған үлкен ракета сияқты...

Шілде 05 / 2018

 

Баян ДАРҒОЖИНА, «Оңтүстік Қазақстан».

Надира Сырлыбаева – ХІ Астана экономикалық форумы: «Global Challenges Summіt-2018» шарасын өткізу қарсаңында ұйымдастырылған «Мен АЭФ-2018-ге барамын» байқауының 5 үздік жеңімпазының бірі. Бұл байқауға Қазақстан азаматтары ғана емес, әлемнің өзге елдерінен де қатысушылар көп болды.

 

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев ОҚМПУ-дің студенттеріне лекция оқыған кезде зал толы шәкірттер арасынан суырылып сөз алған Надираның салмақты ойы мен ұтымды ұсынысы көңілімізден шықты.

– Жансейіт аға, рұқсат етсеңіз, сізге ұсынысымды айтайын. Жалпы сіздің бізге, жастарға, ерекше көңіл бөліп, қолдау көрсететініңізді білемін. Мен Астана Экспо–2017 көрмесіне өз облысымыздың атынан барған волонтермін. Сол кезде бізге, волонтерларға, арналып көптеген қызықты іс-шаралар, жеңілдіктер жасалатын. Соның бірі – өзіңіздің қолдауыңызбен құрылған «Өлкетану» бағдарламасы. Сол бағдарлама арқасында біз оңтүстігіміздің көптеген тариxи, киелі, табиғаты әсем жерлерін араладық. Өңірімізде және еліміздің басқа да аймақтарында тариxы тереңде жатқан құнды да қасиетті орындар баршылық. Менің ұсынысым, облысымыздың белсенді жастарының басын біріктіріп «Ұлы дала жастары» деген атаумен керуен пойызын ұйымдастырып, өз өлкемізден бастап Қазақстанның батыс, шығыс, солтүстік өңірлерін аралап шықсақ. Бұл Елордамыз Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы қарсаңында жасалған Астана құрдастарының экскурсиясы болар еді. Осы идеяны іске асыруға қолдау көрсетіп, ықпал жасауыңызды сұраймын. Бұл шара өзге облыстарға да үлгі болады деп ойлаймын. Ал, сіз қалай ойлайсыз, Жансейіт аға?! – деген еді өзін осы оқу орнының филология факультетінің 2-ші курс студентімін деп таныстырған Надира.

Жансейіт Қансейітұлы жас қыздың осы идеясын жүзеге асыруды оның өзіне тапсырды. Және өз тарапынан тиісті қолдау танытатындығын да қадап айтты.

Кейінірек Надирамен жақынырақ танысудың сәті түсті. Ол Төлеби ауданының Ленгір қаласына қарасты Аққұм ауылында дүниеге келіпті. Сондағы Құрасбек Тыныбеков атындағы жалпы орта мектепті бітірген. Өзі ағылшын, неміс тілдерінде еркін сөйлейді, аздап түрікше де біледі екен. Мектеп қабырғасында жүрген кезінде арнайы курстарға қатысыпты. Надирадан Астанадағы форум жайында сұрадық.

– Бұл форум адамзат дамуына өзіндік орасан зор үлесін қосқан әлемге әйгілі тұлғалармен жүздесіп, оларды тыңдап, пікір алмасуға үлкен мүмкіндік берді.

Елбасымен болған пленарлық отырыстан соң үзілісте жапониялық-америкалық физик-теоретик, футуролог Митио Какумен тілдесіп, оның Қазақстанға көзқарасы мен болашақта елімізді қалай елестететінін сұрадым. Бұл Митионың Қазақстанға екінші рет келуі екен және әр келген сайын Қазақстан оған стартта тұрған үлкен ракета сынды көрінеді екен. «Ұшу үшін барлығы дайын. Білімді халық бар, адамдардың өз әлемі, өзіндік мотивациясы, сондай-ақ, «Біз прогресті қалаймыз және модернизацияның алдыңғы қатарында болғымыз келеді» дейтін Үкімет бар. Жақын арада бұл ракета ұшырылады және ол өте биікте самғайтын болады» деді ол. Осы сөздерді естігенде, кең-байтақ елім мен оңтүстігім үшін ерекше мақтаныш сезімі бойымды кернеді. Осынау маңызды шара барысында сұхбаттас болған жаһандық қаржы орталықтарының рейтингін құрушы, «Z/Yen» компаниясының директоры Марк Йендл маған өз визит карточкасын беріп, Лондонға оқуға шақырды.

15 жылда Астана экономикалық форумы өңірлік Еуразиялық экономикалық деңгейден өте маңызды, әрі ауқымды, алдыңғы қатарлы халықаралық деңгейдегі форумға айналды. Бұл, әрине, алдымен Қазақстанның ұстанған саясаты мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларына сай келеді. Президент 2050 жылға қарай қазақ елін тек аймақтық көшбасшы ретінде емес, сонымен қатар, әлемдегі ең үздік дамыған алпауыт мемлекеттер қатарына енгізуді мақсат тұтып отыр, – деді Надира Талғатқызы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ