«Біз көрген Ақмола қазір мүлде өзгерген»

Шілде 05 / 2018

 

Елордада өтетін мерекелердің ешбірінен облыс өнерпаздары шет қалған емес. Әсіресе, өңірдің өнер керуені мен қолөнер шеберлері көрмесі айтулы мерекелер қарсаңында Астанаға жол тартады. Сондықтан Елорда төрінде өнер көрсетіп, көрмеде туындысын қойған қолөнер шеберлерінің әйгілі қала жайлы пікірлерін білуді жөн көрдік.

 

Айнабек ОСПАНОВ, ҚР мәдениет қайраткері, суретші:

– Біз алғаш көргенде Ақмола шағын ғана өндірістік қала еді. Барған сайын о шеті мен бұ шетін жаяу шарлайтынбыз. Қазіргі алып ғимараттардың орнында ағаш үйлер көп болатын. Сол қала көз алдымызда өзгерді. 1998 жылы Елбасының Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілгеннен кейін елордаға тіпті жиі баратын болдық.

2001 жылы Конгресс-холлда алғаш рет көрме ұйымдастырдық. Ол кезде мен облыстық суретшілер одағының төрағасы едім. Әлі есімде, көрмеге облыстан үш жүк көлігімен картиналар апарғанбыз. Ең қызығы, Астанаға бір барғанымызда «Бәйтеректің» айналасында құрылыс жүріп жатса, келесі жолымыз түскенде ол жерде алып ғимараттар шеп құрап үлгеретін. Әр барған сайын Бейбітшілік және Келісім сарайының маңы, Ұлттық музейдің айналасы өзгеріп үлгеретін. Кешегі біз көрген Ақмола қазір мүлде өзгерген. Сондықтан біз де қаланың әрбір өзгерісін, әрбір ғимаратының құрылыс жұмыстарын өзіміз соққандай жақсы білеміз.

Биыл да Астана қаласының 20 жылдығына орай Конгресс-холлдың концерт залында көрме ұйымдастырдық. Онда музейде жинақталған қазақтың ұлттық киім үлгілерін, XVІІІ-XX ғасырдағы зергерлік бұйымдар мен бейнелеу өнері музейінің қорындағы суретшілердің 60-қа тарта картинасын апардық. Әсіресе, «Бал Текстиль» кілем тоқу фабрикасының Астананың келбеті бейнеленген 20 шақты кілеміне қызығушылық танытқандар өте көп болды.

Гүлдария РАЙЫМБЕКОВА, Қажымұқан атындағы облыстық спорт музейінің директоры:

– Былтыр Астана қаласында өткен ЭКСПО–2017 халықаралық көрмесі талай қазақтың елордаға сапар шегуіне түрткі болды деп ойлаймын. Мен де ұжымыммен бірге көрмеге музей қорындағы жәдігерлерді алып бардым. Қаланы аралап қана қоймай, қазақ спортының дарабозы атанған Қажымұқан Мұңайтпасұлының фотосуреттері мен тұтынған тұрмыстық заттарын, киімдерін әлемнің түкпір-түкпірінен, Қазақстанның әр қиырынан келгендерге таныстырып қайттық. Сондықтан бұл көрменің қарсаңында Астанаға барғаныма қуанамын. Көрмеге келушілерді Қажымұқан бабамыздың 74 жасында ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 100 жылдық мерейтойына киіп барған көйлегі мен шалбары, жаттығу кезінде пайдаланған гір тастары таң қалдырса, бізді Астананың 20 жылға жуық уақыттың ішінде осыншалықты көркейгендігі қайран қалдырды. Көк тіреген ғимараттар, Есілдің жағалауы, түнгі қаланың көзге оттай басылатын шамдары жайлы таңды таңға ұрып әңгіме айтуға болады. Өйткені, айдалада жатқан аядай қаланың осындай алып шаһарға айналуы еліміз үшін үлкен құбылыс, ауыз толтырып айтарлық аңызға бергісіз ақиқат.

Аймекен ШАЛАБАЕВА, Шардара ауданындағы Т.Тәжібаев атындағы жалпы орта мектептің оқушысы:

– Өткен жылы Астана қаласында «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры» мен «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» ұйымдастырған «Көңілдің асыл пернесі: Н.Назарбаевтың ән шығармашылығы» байқауына қатысып қайттым. Президенттің өзі сүйіп тыңдайтын әндерін орындаудан өткен байқауға жолдама алғанымда қатты толқығаным рас. Аздап жүрексіндім де. Өйткені, республиканың түкпір-түкпірінен жиналған 210 қатысушының бәрі шеттерінен өнерпаз. Мен халық әні «Бүлдіргенді» орындадым. Ұйымдастырушылар қатысушыларды жас ерекшеліктеріне қарап таңдады. Мен 15-18 жас аралығындағы 60 өнерпаздың арасында топ жарып, «Біздің Президентіміздің сүйікті әндері ырғағымен» номинациясы бойынша жүлделі ІІ орынды иелендім. Бұл сонау шалғайдағы Шардарадан барған мен үшін үлкен жетістік еді. Бәрінен де Елбасының бала күнінен бүгінге дейінгі жүріп өткен жолы қамтылған «Мәңгілік Ел», «Нұрсұлтан Назарбаев», «Біздің Президент» секілді көпшіліктің қолына түсе бермейтін кітаптарды сыйға алдым. Осылайша Астана мені ерекше әсерге бөлеп, шабыт сыйлады.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ