Ел тілегі Бейбіттің үстінде

Шілде 03 / 2018

 

Кәсіпқой бокс... Табиғаты о бастан жекпе-жек өнеріне бейім қазақты жатсынбаған спорттың осы бір түрі бүгінде елімізде үлкен танымалдылыққа ие. Әуесқой бокста әлемді мойындатқан ұландарымыз кәсіпқой бокста да «сыбағамыз қане?» дегенді мұхиттың арғы жағындағылардың есіне қайта-қайта салып жүр. «Берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан» дегенді алғашқы жекпе-жегінен-ақ ұқтырған Геннадий Головкинге дейін-ақ талай отандастарымыз «қазақтың, қазақстандықтың жұдырығы» деген мәселені біраз елге дәлелдеген. Қайсы бірін айта берейік?! Сол жампоздардың ішіндегі жөні де, жосығы да бөлегі – жерлесіміз, облысымыздың құрметті азаматы Бейбіт Шүменов. Кәсіпқой бокста екі бірдей салмақта әлем чемпионы болған Бейбіттен өзге Қазақстанда бірде-бір боксшы жоқ!

 

Бейбіт 1983 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Ата-анасының айтуынша, Бейбіт сәби шағында жиі ауырып қала береді екен. Жастайынан аурушаң болған оның өмірге деген құштарлығы да ерте қалыптасқан. Бала күнінде тамақтан уланып, ауруханаға түседі. Дәрігерлер оның өміріне араша түсе алмайтындығын айтады. Сонда әкесі Әмірхан аға ел аралап жүріп, дәстүрлі медицина өкілдерін іздеп тауып, ұлын аман алып қалған екен.

Бейбіт Шүменов алғашқыда каратэ-до, таэквондо, кикбоксинг секілді үйірмелерге қатысқан. 1996 жылы Атланта Олимпиадасындағы Василий Жировтың өнері оның боксқа алаңсыз келуіне түрткі болған екен. Осылайша 13 жасынан бастап бокс залдарын жағалап, үздіксіз жаттығуға кіріскен.

Тынымсыз еңбек өз жемісін берді. 2003 жылы тұңғыш рет әуесқойлар арасында Қазақстан ұлттық құрамасының сапына қабылданды. Сол жылы Үндістанда өткен Африка-Азия ойындарына қатысып, күміс жүлдегер атанды. Араға бір жыл салып Филиппинде өткен Азия чемпионатында топ жарды. Бұл жеңіс Бейбітке Афиныда өтетін Олимпиада ойындарына жолдама алып береді. Олимпиададағы алғашқы кездесуінде талай халықаралық турнирлерде атой салып жүрген поляк Алексий Куземскийді жарыс жолынан шығарады. Екінші кездесуін жарақатына байланысты ерте аяқтап, елге қайтуға тура келеді.

Ауыр жарақат алған Бейбіт 3 жыл бойы рингтен алыстап қалды. Жанкүйерлер Бейбіт Шүменов деген боксшының барын ұмыта бастағандай еді. 2007 жылы қазақтың қаракөз баласы АҚШ-та жарқ ете қалды. Бұл жолы кәсіпқой рингте. Алғашқы жекпе-жегінде Уолтер Эдвардсты бірінші раундта-ақ сұлатып салды. Бұл оның кәсіпқой рингтегі тырнақалды жетістіктерінің бірі-тін.

Одан бері 19 жекпе-жек өткізген жерлесіміз 17 рет жеңіс тойын тойлаған. 11 рет қарсыласын нокаутпен жеңген екен. 2 рет жеңілістің кермек дәмін татқан. 2017 жылы кубалық Юниер Дортикоспен жекпе-жекке шығуы керек еді. Бірақ, ескі жарақат тағы да сыр берді... Содан кейін қолғабын шегеге іліп, мансабын аяқтауға бекиді. Алайда, жақында күллі қазақстандық спортсүйер қауымын қуантқан жаңалық тарады. Бейбіт Шүменов кәсіпқой рингке қайта оралды. Үзілістен кейінгі алғашқы жекпе-жегін түрік боксшысы Хизни Алтункаямен өткізбек. Елордада өтетін кездесу 7 шілдеге жоспарланып отыр. Бұл жекпе-жекте жақында ғана облыстың құрметті азаматы атағын алған жерлесіміз жанкүйерлеріне үлкен қуаныш сыйлайды деген үміттеміз.

Е.ҚОЖАХМЕТҰЛЫ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ