Рухани жаңғыру 0 пікір 1673 лайк

Жемқорлық ел дамуын тежейді

Маусым 30 / 2018

 

Елбасы қоғамның жегі құрты – жемқорлық мәселесін ешқашан назардан тыс қалдырған емес. «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында бұл мәселеге айрықша мән беріп, оған қарсы күрестің жалғаса түсетінін атап өтті. Мұның алдын алудың бірден-бір жолы ретінде цифрлық технологияны кеңінен қолдану қажеттілігін алға тартты. Иә, расында, қазір әлемнің кез келген елінің даму бағытына көз салсаңыз, жаппай цифрландыру үрдісіне бет бұрғанын аңғаруға болады. Сондықтан жаңа жүйені жатсынбай қабылдау сыбайластықтың алдын алу, оны түбегейлі жоюға бағытталған қадам ретінде бағаланып отыр. Бұл ретте мемлекеттік органдар тарапынан көрсетілетін қызметтің барынша ашық әрі сапалы болғаны жөн. Төлеби ауданы әкімдігі бірінші кезекте тұрғындармен тікелей қарым-қатынас орнату мәселесін жүйеге келтіріп, олардың қажеттіліктерін дер кезінде орындауға баса мән беруде.

Айталық, жыл басындағы есеп беру кезінде тұрғындар тарапынан біраз мәселе көтерілген болатын. Сараптап көргенде, ауданда атқарылған жұмыстармен қатар қордаланған проблемалардың да бар екендігіне көз жеткіздік. Әрине, олардың түйінін тарқату бір күннің еншісіндегі шаруа емес. Дегенмен, жиында көтерілген 103 мәселенің бүгінде 32-сі шешіліп, 46-сы орындалу үстінде екенін айта кеткен жөн. Жыл аяғына дейін – 10, келесі жылы қалған 5 мәселе шешімін табады деген үмітіміз бар.

Негізінен, тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныстардың басым көпшілігі жол салу және таза ауызсумен қамтамасыз етуге қатысты. Бұдан өзге үйіргелік және жайылымдық жер мәселесі, суармалы жерлерді көбейту, каналдар мен ағынсуды ретке келтіру және тұрғын үймен қамту жайы да назардан тыс қалмаған. Осы мәселелер жөнінде жыл басынан бері 132 азамат жеке қабылдауға жазылып, көпшілігі оңды нәтижеге қол жеткізді.

Соның ішінде жеке тұрғын үйге қол жеткізу – әр отбасы үшін бірінші кезектегі қажеттілік. Бүгінде тұрғын үй кезегіне тіркелген азаматтар саны ауданда 3373 адамды құрап отыр. «Бармақ басты, көз қыстылықты» болдырмау үшін кезекке тұрған азаматтардың реттілігін үнемі қадағалап, бұл жөніндегі деректер ай сайын аудандық БАҚ-та жарияланып отырады. Әрі «еgov» электрондық үкімет порталында орналастырылған.

Былтыр Ленгір қаласында 60 пәтерлі 8 үйдің құрылысы аяқталып, кезегі келген 480 отбасы қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстарға ерекше екпін беру міндеті тұр. Осылайша, бірінші кезекте халықтың мұң-мұқтажын ескеріп, соған сай атқарылатын жұмыстарды бірлесе шешпекпіз.

Сөз басында айтқандай, осындай игілікті істің ілгерілеуіне ең басты кедергі – сыбайластық. Осыған орай қабылданған ауданның 2006-2010 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы мен ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңын іске асыруға бағытталған. Бағдарлама тұтастай әлеуметтік қатерлі кеселдің алдын алу мен оған қарсы күрес шараларын арттыруды көздейді. Сондықтан аудан жұртшылығымен бірлесе отырып көлеңкелі экономикаға, қылмысқа және нашақорлыққа жол бермеу – біздің басты міндетіміз.

Бұхарбай ПАРМАНОВ, Төлеби ауданының әкімі.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ