Заң-заман 0 пікір 0 лайк

Заң кеңесшілеріне мәртебе берілмек

Маусым 30 / 2018

 

Таяуда ғана Мәжіліс депутаттарының талқылауынан өтіп, Сенаттың қарауына жіберілген «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заң жобасы Президенттің 2010–2020 жылдарға арналған құқықтық саясат тұжырымдамасын іске асыру мақсатында әзірленген. Онда құқық қорғау және сот жүйесін, сондай-ақ құқық қорғау институттарын дамытудың негізгі бағыттары ретінде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға байланысты мамандандырылған институттарды жетілдіру қажеттілігі көзделген.

 

Жалпы, Конституция талабына сәйкес, еліміздегі кез келген азаматтың заңдық көмек алуға құқығы бар. Бірақ, бүгінге дейін мұндай қызметті ұсыну жүйесі, әсіресе, бұл тұрғыда көмек беретін заң мамандарының қызметі ешбір құжатпен реттелмей келгені мәлім. Осыған орай жаңа заң жобасында олардың құқықтық мәртебесі белгіленіп отыр. Олай болса, заң кеңесшісі дегеніміз кімдер? Олардың міндеті қандай болмақ?

Заң жобасындағы анықтамалыққа сүйенсек, жоғары заңгерлік білімі бар, мамандығы бойынша кемінде 2 жыл жұмыс істеген әрі заң кеңесшілері палатасына мүшелікке енген тұлға заң кеңесшісі болып есептеледі. Заңда олардың қызметін міндетті сақтандыру талабы қарастырылған. Ең бастысы, сотта жеке тұлғаның мүддесіне өкілдік ететін заң кеңесшілерінің палатаға мүше болуы міндеттелген. Ол үшін ешқандай жарна төлеудің қажеті жоқ. Дегенмен, заң кеңесшісін жауапкершілікке тартатын уәкілетті орган сияқты тәртіптік комиссия құру ұсынылған. Онда шағымдарды қарау тәртібі қарастырылған. Ал, жауапкершіліктің ең қатаң түрі ретінде заң кеңесшілерін палатадан шығару көзделген.

Құрылғанына көп бола қоймаған «Оңтүстік Қазақстан облысы заң кеңесшілерінің палатасы» қоғамдық бірлестігі жеке және заңды тұлғаларға заңдық көмек көрсететін коммерциялық емес ұйым болып табылады. Бірлестік осы жылдың 28 ақпан күні ОҚО әділет департаментінде тіркеуден өткен. Облыстағы заң кеңесшілері палатасы өз жұмысын аталмыш заң күшіне енгеннен кейін бастайды.

Оралбай ҚҰДАЙБЕРГЕН, «ОҚО заң кеңесшілерінің палатасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ