Заң-заман 0 пікір 0 лайк

Бітімгершілік – билік айтудың озық үлгісі

Маусым 30 / 2018

 

Қазақ халқы үшін бітімгершілік – билік айтудың озық үлгісі. Осынау бабалар дәстүрінің қайта жаңғырып, бүгінгі сот жүйесінің ажырамас бөлшегіне айналғанына көп уақыт бола қойған жоқ. 2011 жылы қабылданған «Медиация туралы» Заңға сәйкес, тараптар сотқа дейін де, сот барысында да медиаторға жүгіну арқылы өзара мәмілеге келе алады. Судья сотқа түскен арызға байланысты тараптарға бұл дауды медиация негізінде шешуге болатындығын ескертеді.

Кейде тараптардың бірінен медиатордың көмегіне жүгінгілері келетіні туралы тілек түсуі де тәжірибеде кездесіп қалады. Соған орай судья істі тоқтатып, дауды медиация тәртібімен шешуге қалдырады. Осы ретте тараптардың медиация орталықтарына барып өтініш айтуына болатынын ескерте кеткен жөн. Өйткені, қарапайым халық көп ретте дау-жанжалды сотқа жеткізбей-ақ, медиацияның көмегімен шешуге болатынын ескере бермейді. Медиаторларды қайдан табуға болатынын, олардың алдына не мәселемен бару керектігін білмейді.

Сонымен, медиация орталықтарына барған тараптар медиаторды өздері таңдайды. Оларға медиацияның мақсаттары мен жүргізу қағидаттары түсіндіріледі. Ал, медиацияны жүргізу келісімі алынған соң, екінші тарапқа осы тәртіп негізінде дауды шешуге байланысты өтініш жазылады. Медиация сотқа түскен арыздардың санын азайтуға, дауды мәмілеге келтіру жолымен бітістіруге, сол арқылы судьялардың да жүктемесін азайтуға үлесін қосады. Десек те, елімізде бұған әлі де тосырқай қарайтындар қатары жеткілікті. Медиацияны түсінбейтіндіктен, дауласушы тараптар мәселелерін сот арқылы шешуге тырысып бағады.

Медиаторлар жұмысы насихатталып жатқан жоқ деп айта алмаймыз. Сонда да қалың ел ішінде оны жете түсінбейтіндер аз емес. Сондықтан медиаторлар қызметін насихаттауды әлі де жетілдіре түскен жөн. Оның бір жолы – бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Бұл халықтың құқықтық сауатын арттыруға жол ашады.

М.ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА, Абай аудандық сотының судьясы. Шымкент қаласы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ