Заң-заман 0 пікір 0 лайк

Әділ шешім сотқа деген сенімді күшейтеді

Маусым 28 / 2018

 

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Оңтүстік Қазақстан».

Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық соты жемқорлыққа жол берген Мақтаарал аудандық сотының бұрынғы судьясы Абай Ниязбековті 4,5 жылға бас бостандығынан айырды. Ол осы жылдың қаңтар айында 500 мың теңге пара алу кезінде құрықталған болатын. Сотта белгілі болғандай, ол Фирдауси атындағы мектеп басшысына қатысты еңбек дауын оның пайдасына шешуге уәде етіп, осы қамқорлығы үшін 500 мың теңге пара талап еткен. Бұл туралы облыстық сотта өткен брифингте Әл-Фараби аудандық сотының судьясы Ғани Байарыстан мәлімдеді.

 

Судьяның айтуынша, Ниязбековке параны директордың хатшысы жеткізіп берген. Осылайша, тура жолдан тайған 33 жастағы судья өмір бойы мемлекеттік органдарда жұмыс істеу құқығынан айрылды.

Қызметін асыра пайдаланып, пара алу дерегімен істі болғандардың қатарында Түркістан қаласының бұрынғы прокуроры Махат Зұлпыхаров та бар. Облыстық соттың судьясы Тамара Смайлованың мәлімдеуінше, прокурор «Жер» ғылыми-өндірістік орталығы» РМК-ның облыстық филиалына қарасты Түркістан қалалық бөлімшесінің бастығы Көпбаевты қылмыстық жауаптылыққа тартпау үшін одан 100 мың АҚШ доллары мен құны 8 миллион теңге тұратын 5 жер телімін пара ретінде алған. Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ҚР ҚК-нің 366-бабы 4-бөлігімен айыпталған прокурорды 10 жылға бас бостандығынан айырып, өмір бойы құқық қорғау саласында қызмет етуден шектеді.

Брифингте ұйымдасқан топ құрып, мемлекет қаржысын жымқырды делінген төлебилік шенділердің ісіне қатысты да түсінік берілді. Тамара Қалиқызының айтуынша, Төлеби аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Л.Серікбаев пен аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы М.Сатылдиев Леңгір қаласына су құбырын жүргізуші «ҚМБ Шымкентгаз-монтаж» және «Мир-Строй и Компания» өкілдерімен сыбайласып, мемлекет қаржысын талан-таражға түсірді деген күдікке ілінген. Яғни олар сметалық құжаттамаға сәйкес орындалмаған жұмыстарды тексерместен мердігердің пайдасына қаражатты толығымен аударып берген. Тексеру кезінде құрылысқа бөлінген 344 миллион теңгенің желге ұшқаны анықталған.

Сонымен қатар, облыстық ішкі істер департаментінің әкімшілік полициясына қарасты тіркеу-емтихан бөлімінің 38 қызметкеріне қатысты қылмыстық істің сотқа түскендігі белгілі болды. Еске сала кетсек, осыдан екі жыл бұрын тіркеу-емтихан бөлімінде арнайы операция жүргізіліп, нәтижесінде ол мекеменің басшысынан бастап 38 қызметкері ұсталған болатын. Оларға ұйымдасқан топ құрып, пара алып, қызмет бабын асыра пайдаланды деген айыптар тағылған. Сондай-ақ, қазақстандық және ресейлік жалған нөмірлер мен мөрлер жасап, жәбірленушілерге миллиардтаған теңге залал келтірген. Тергеу кезінде мемлекетке баж салығын төлемеген мыңға жуық көлік анықталып, 4,4 миллиард теңге шығын келгені мәлім болған.

Осы айда облыстық көші-қон полициясының бұрынғы басшысы Нұрдәулет Төлегенұлының ісіне жүргізілген тергеу аяқталып, сотқа жолданған. Брифингте айтылғандай, ол Өзбекстан Республикасының 3 азаматына ҚР-ның азаматтығын алып беремін деп қылдан тайған.

Ал, қоғамда үлкен шу тудырған А.Тұрмағанбетов, Х.Рахманбердиев, Б.Қадырбаева, А.Сүлееваға қатысты қылмыстық іске жақын күндері нүкте қойылмақ. Тамара Қалиқызының айтуынша, күдіктілерге жәбірленуші А.Тасқараев туралы мәліметтерді заңсыз жинап, оны еркінен тыс порнографиялық суретке түсіріп, әлеуметтік желілерге таратқан деген айып тағылып отыр.

Брифингте судьялар резонансты істерден бөлек таяуда ғана сот жүйесіне енгізілген «Түнгі сот» жобасының бастапқы нәтижелеріне де тоқталып өтті. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 4 маусымнан бері «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексінің 610-бабы бойынша 44 іс қаралған. Яғни жол жүру ережесін бұзған немесе оқиға болған жерден бой тасалаған осынша адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Жобаның тиімділігі сол, осы тектес орын алған оқиғалардың ақ-қарасын бар болғаны үш күннің ішінде анықтауға қол жеткізіліп отыр.

Ал, медиация арқылы шешімін тапқан істердің саны соңғы 5 айда 1939-ды құраған. Оның 1154-і сотта шешілсе, 734-і медиаторлардың көмегімен бітімге келген. Дегенмен, мұны көңіл тоғайтар көрсеткіш деуге келмейді. Себебі, Жоғарғы Сот тарапынан жүргізілген мониторинг нәтижелеріне сүйенсек, Түркістан өңірі даудың деңгейі бойынша республикада 3-ші орынға тұрақтаған. Осыған орай, бабаларымыздың билік айту дәстүрін кеңінен насихаттап, екі тараптың сотқа емес, алдымен медиаторға жүгінудің қажеттілігіне баса назар аударылды.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ