Экономика 0 пікір 1636 лайк

АҚПАРАТТЫҚ ХАБАР

Маусым 26 / 2018

 

ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ

 

2018 жылғы 21 маусым.

Данияр Ақышев:

«Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» заң жобасын қабылдау елден ақшаның әкетілуіне қарсы іс-қимылды күшейтуге мүмкіндік береді»

«Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» заң жобасын қабылдаудың негізгі міндеті валюталық операциялар мониторингін кеңейту және Қазақстан аумағындағы есеп айырысуларда шетел валютасын қысқарту болып табылады. Бұл Заң жобасын қабылдау қарапайым азаматтарға әсер етпейді. Себебі, валюталық реттеудің ырықтандырылған қағидаттары сақталған. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Данияр Ақышев ҚР Парламенті Сенатының пленарлық отырысында жасаған баяндамасында айтып берді. Сонымен қатар заң жобасы шеңберіндегі негізгі түзетулерді де атап өтті.

«Бірінші – бұл шетелдік ұйымдардың филиалдарын резиденттер ретінде тану. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес шетелдік ұйымдардың филиалдары бейрезиденттер ретінде Қазақстанда валюталық операцияларды жүзеге асыруға құқылы. Олардың Қазақстандағы тұлғаларымен есеп айырысуы кезінде өз валюта бағамын теңгеге ауыстыру ұсынылады» деді Д.Ақышев. Мұндай түзетулердің жергілікті компаниялар мен шетелдік ұйымның филиалдары үшін бизнес жүргізудегі тең талаптарын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап көрсетті.

«Келесі мәселе, бұл – валюталық операциялар туралы ақпарат жинау рәсімдерін жеңілдете отырып, бейрезиденттермен валюталық операцияларды қамтуды кеңейту» деді Қазақстан Ұлттық Банкінің басшысы. Осы орайда тіркеу мен хабарлаудың күрделі режимі жойылатынын айтты. Олардың орнына валюталық шарттарды бірыңғай есептік тіркеу енгізіледі.

Заң жобасында, сондай-ақ, ақшаны елден әкету белгілері бар валюталық операциялардың тізбесін енгізу қамтылған. Осы енгізілген тізбе арқылы елден ақшаның әкетілуіне қарсы іс-қимылды күшейту көзделген. Қазақстан Ұлттық Банкі басшысының түсіндіруінше, мұндай белгілерге ақшаның Қазақстандағы шотқа түсуін көздемейтін қаржылай қарыздар, сондай-ақ пайызсыз қарыздар, 720 күннен астам мерзімге берілетін коммерциялық кредиттер жатады. Сонымен қатар, елден ақшаның әкетілуіне қарсы іс-қимылды күшейтуге мемлекеттік кіріс органымен бірлесе жүргізілетін белсенді ақпараттық және өзге де өзара іс-қимылдар ықпал етеді. «Ақпаратпен тиімді алмасу түрлі мемлекеттік органдарға бір мәміле бойынша жалған мәліметтерді анықтауға мүмкіндік береді» деді Д.Ақышев.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне валюталық реттеу және валюталық бақылау, қаржы ұйымдарының қызметін тәуекелге бағдарланған қадағалау, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызметін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасының шеңберінде Ұлттық Банк пен Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті арасындағы мәліметтер алмасу бойынша қарым-қатынастар реттеледі.

Сонымен қатар, Д.Ақышев Қазақстандағы валюталық құндылықтардың айналым тәртібін нақтылауды айрықша атап өтті. Оның айтуынша, заң жобасында банктік емес айырбастау пункттеріне Ұлттық Банктің шағын құймаларын сатып алу және сату құқығы ұсынылады.

Қазақстан Ұлттық Банкінің басшысы түзетулердің жоспарлы екендігі ағымдағы өзгерістерге, оның ішінде «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы» арнайы экономикалық аймағының құрылуына, сондай-ақ Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне байланысты болып отырғанын еске салды.

 

Данияр Ақышев: Қаржы институттарын формальды қадағалаудан тәуекелге бағдарланған қадағалауға көшу туралы

Қолданыстағы қадағалау шектеулі және формальды болып табылады. Егер формальды түрде заңнама талаптары бұзылмаса, Ұлттық Банктің операцияларды тоқтатуға мүмкіндігі болмайды. Алайда, қаржы ұйымы тұрақтылығының нашарлау тәуекелі бар. Бұл жөнінде Қазақстан Ұлттық Банкінің

Төрағасы Данияр Ақышев ҚР Парламенті Сенатының пленарлық отырысында жасаған баяндамасында айтып өтті. Баяндамада бұл алдын алу тәртібінде банктердің жосықсыз операцияларды жүргізуін анықтауға және жүйелі проблемалардың орын алуын жоюға мүмкіндік бермейтіні айтылды.

«Заң жобасында Ұлттық Банк тарапынан тәуекелге бағдарланған қадағалау енгізу ұсынылады. Оның шеңберінде уәжді пайымдау институты пайдаланылады. Ол қолданыстағы формальды талаптарға қоса кәсіби бағалауды көздейді» деді Д.Ақышев.

Оның айтуынша, уәжді пайымдау мынадай салаларда пайдаланылады: менеджмент пен акционерлерді келісу; құрылған провизиялардың барабарлығын бағалау; банкпен ерекше қатынастармен байланысты тұлғаларды анықтау; тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйелерін бағалау.

«Заң жобасында тәуекелге бағдарланған қадағалауды қолдану және сотқа дейінгі шағымдану рәсімі жан-жақты реттеледі. Қаржы институттары бұрынғысынша Ұлттық Банктің шешімдеріне сот тәртібімен шағымдана алады» деп түсініктеме берді Д.Ақышев.

 

Данияр Ақышев: Онлайн-кредиторларды реттеу және жинақ салымдарын енгізу туралы

Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Данияр Ақышев ҚР Парламенті Сенатының пленарлық отырысында жасаған баяндамасында Ұлттық Банк халықты өсім алудан нақты қорғауды қамтамасыз ету қажет деп санайтыны жайында айтты.

Егер банктік кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 56%-дан аспаса, онлайн-кредиттер бойынша ставкалар жылдық 700%-ға дейін және одан жоғары болатынын атап өтті.

«Қарыз шарттарында сыйақының тиімді ставкасын оның мөлшерін жылдық 100% деңгейінде шектей отырып, міндетті көрсету қорғаудың нақты шамасы болып табылады. Осы норманы дайындау барысында халықаралық тәжірибелер пайдаланылды» деді Д.Ақышев.

Баяндамада әрбір азамат онлайн режимде кредиттік калькулятор арқылы кредиті бойынша нақты ставканың мәнін оп-оңай тексере алатыны айтылды.

«Осындай калькулятордың әдістемесін Ұлттық Банк бекітеді және ол сайтта орналастырылады. Калькулятордың есебі сотта дауды шешуде пайдалану үшін заңды негіз болып табылады. ЖТСМ 100%-дан асатын қарыздардың шартын сот жасалмады деп таниды» деп түсініктеме берді Қазақстан Ұлттық Банкінің басшысы.

Д.Ақышев, сондай-ақ, жинақ салымдарын енгізу жайына тоқталды. Депозиттің қосымша түрі болатынын атап өтті. «Жинақ салымдары салымшыларға 15 млн. теңге мөлшеріндегі кепіл берудің көп сомасы кезінде барынша жоғары кірістілік береді. Жай теңгелік салымдар үшін ол 10 млн. теңге болады. Салымшы салымды алу жөнінде банкке 30 күнде хабарлау талабымен оны мерзімінен бұрын алу құқығын иеленеді» деп түсіндірді Д.Ақышев.

 

Данияр Ақышев: «7-20-25. Әрбір отбасы үшін баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бағдарламасы туралы

Мемлекет басшысының «Әрбір отбасы үшін баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» әлеуметтік бастамасын іске асыру үшін кредитор мен қарыз алушының мүдделері арасындағы мүдделер теңгерімінің сақталуын қамтамасыз ететін құқықтық ортаны құру қажет. Бұл жайында Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Данияр Ақышев ҚР Парламенті Сенатының пленарлық отырысындағы баяндамасында айтып берді.

Бұл бағдарламаның маңызды талабының болашақта орнықтылығы банк пен борышкердің нарықтық қағидаттарды сақтауы, оның ішінде проблемалық берешекті сотқа дейін реттеу және кепіл кредиторлардың басымдығы мәселелерін сақтауда болып табылады.

«Кепіл институты жан-жақты болуы керек. Кепіл ұстаушының өз талаптарын қанағаттандыруы үшін кепіл мүлкін кедергісіз әрі дереу сату мүмкіндігі болуы тиіс. Мұндай түзетулерсіз 7-20-25 бағдарламасын сәтті іске асыру мүмкін емес» деп қорытындылады Қазақстан Ұлттық Банкінің басшысы.

Д.Ақышевтың айтуынша, заңнамалық түзетулер қабылданған жағдайда банктер халыққа жақын арада кредиттер бере бастайды.

Сөзінің қорытындысында Д.Ақышев Сенат депутаттарына осы заң жобасын қарау шеңберінде жүргізген жұмысы үшін алғыс білдірді. Сонымен бірге қарастырылып отырған заң жобасының қаржы нарығындағы ахуалды айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Бұл азаматтардың құқықтарын қорғауға және экономикалық өсуді қамтамасыз ету үшін ұзақмерзімді қорландыруды қамтамасыз етеді деп күтілуде.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон бойынша алуына болады: +7 (727) 704 585 e-maіl: press@natіonalbank.kz www.natіonalbank.kz

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ