"НЕМІС МӘШИНЕСІ" ОТАЛДЫ

Маусым 25 / 2018

          Соңғы бес ӘЧ-да Еуропаның 4 құрамасы топ жарған екен. Соның үшеуі өздерінің атағын қорғауға келген мундиальда топтық турнирден аса алмай, салдары суға кетіп қайтқан. 1998 жылы өз елінде өткен дүниежүзілік турнирде топ жарған Франция құрамасы 4 жылдан кейін ұятты жағдайда үйлеріне оралған еді. Ал, 2006 жылы чемпион болған Италия құрамасының Оңтүстік Африкаға жасаған сапарлары сәтсіз болып, елдеріне ерте қайтуға тура келген. Сол мундиальдың триумфаторлары Испания елі 2014 жылы Бразилиядан дымсыз қайтқан. Дымсыз қайтқаны былай тұрсын, топтық турнирден әрі аса алмаған. Қазіргі әлем чемпиондары Германия құрамасы алғашқы турда Мексикадан жеңіліс тапқанда дүйім жұрт осы «дәстүрді» еске алды. Алайда немістер екінші ойында ес жинап, шведтерді ұтты. Ұтты да жанкүйерлерінің көңіліне үміт сыйлады. Немістердің ойыны жайлы сәл кейінірек айтамыз. Алдымен...

 

          Мундиаль басталмай тұрып атақты бразилиялық аяқдопшы, футболдың атасы Пеле журналистерге сұхбат берген-ді. Ол сұхбатында: «Бразилия чемпион бола алмайды. «Селесаоны» чемпион қылуға жалғыз Неймардың шамасы келмейді. Мен бұл құрамадан «команданы» көріп тұрғаным жоқ» депті. Біз де көре алмадық. Алғашқы турда Швейцария құрамасымен ұпай бөлісіп қалғанда көпшілік тіксініп қалған. Екінші турда Коста-Риканы оңай жеңетін шығар деп топшылағанбыз. Олай болмады. 90 минут бойы шабуылдаған «селесаоның» әрекетінен түк шықпады. Ойын тең аяқталады деп жорамалдай бастағанбыз. Төреші бразилиялықтардың бағына орай қосымша 6 минут қосты. Оңтүстікамерикалықтар сол кезде ғана барып оянды. Алдымен 91-минутта Коутиньо есеп ашса, 96-минутта Неймар есепті еселеп кетті. Командада ішінара келіспеушіліктердің, «аққу, шортан һәм шаян» мінездің барын осы ойын көрсетіп берді.

          Бұл топтағы тағы екі құрама Сербия мен Швейцария жасыл алаңда кім мықтыны анықтауға кіріскен. Салған жерден сербтердің ойыншысы Митрович есеп ашып кетті. Қақпаларына гол жіберіп алған «сағатты» елдің өкілдері екінші таймда ғана ес жиды. Алдымен Джака жойқын соққысымен алыстан әдемі гол салса, команда капитаны Шакири де бір доп соғып, құрамасына 3 ұпай сыйлады. Соңғы турда Сербия мен Бразилия 1/8 финалға берілетін жолдама үшін таласады. Ал, Швейцария енді плей-оффтан үміті жоқ Коста-Рикамен ойнайды.

          «F» тобындағы Мексика келесі кезең мәселесін күні бұрын шешіп қойды. Немістерді ұтып желпінген мексикалықтар Азиядан келген оңтүстіккореялық футболшыларды тізерлетті. Вела пенальтиден есеп ашып, латынамерикалықтарды алға шығарған. Екінші таймда Чичарито өзінің ұлттық құрама үшін 50-ші голын соғып, есепті еселеді. Ойын соңына таман Сон Хын Мин есеп айырмасын қысқарта алды. Мексикалық қақпашы Гильерме Очоа «Тоттенхэм» шабуылшысының соққысын қайтара алмады. Жалпы 2014 жылғы ӘЧ-да біраз қақпашының бағы жанды. Сол Очоадан бөлек, Навас пен Оспина, Клаудио Браво жарқырай көрінді. Осылардың арасынан тек Очоа ғана үлкен клубтарға ауыса алмады. Әйтпесе, жаңбырша себелеген доптарды жер иіскетпей қағып алып, «сейв» дегеннің көкесін көрсеткендердің бірі осы болатын. Очоа осы чемпионатта да өзін жақсы қырынан көрсетіп келеді.

          Германия құрамасы соңғы төрт ӘЧ-да кемі жартылай финалға жетіп отырған. Немістердің бұл рекордты көрсеткішін жаңарту әзірге ешбір құраманың қолынан келер емес. Алғашқы турда немістердің Мексикадан келген қызуқанды жігіттерден «таяқ жеп» қалғанын айтқанбыз. Екінші турда шведтерді жеңіп, неміс футболының төмендей бастаған абыройын көтеріп тастады. Қалай жеңді дейсіздер ғой?! Ойын бастала сала немістер шведтердің қақпасына лап қойған. Алайда есеп ашудың ретін таба алмады. Есесіне қарымта шабуылдардың бірінде өз қақпаларына гол жіберіп алды. Алаң ортасында Тони Кроос қарсыластарына допты беріп қойған. Содан тұтанған қарымта шабуылдың өрті Нойердің қақпасын шарпыды. Көзге түскен – Тойвонен. Гол салып алған Швеция құрамасы терең қорғанысқа кетті. Гранквист бастаған шведтер «өлсек өлігімізді аттап өтесіңдер» дегендей 11 ойыншы болып қақпа алдына жатып алды. Үзілістен тың серпіліспен шыққан немістер екінші тайм бастала сала есепті теңестіріп кетті. Ұрымтал сәтте қақпа маңынан табылған Ройс қақпашы Оульсенді қапы қалдырды. Енді немістерді тоқтату қиын істей көрінген. Жата-жастана қорғанған шведтер тіпті, шабуыл дегеннің не екенін ұмытты. Неміс қақпашысы Нойер әдетінше алаңның ортасына келмесе, іші пысатын күйге түсті. Төреші негізгі уақытқа қосымша 5 минут уақыт қосқан. Соның соңғы минуты басталар шақта шведтер айып алаңдарына жақын маңда Тимо Вернерді шалып жықты. Айып соққысын орындауға Кроостың өзі жақындады. Марко Ройс екеуі қитұрқы әрекет жасап қорғаушыларды да, қақпашыны да қапы қалдырып, ала допты қақпада тулатты. Бастары тізесіне тие салбыраған швед футболшыларының көзінен аққан жасты да байқадық. Швецияны жеңбесе Германия футболшыларына сын садағының оғы қарша борайтын еді. Олар дегендеріне жетті. Енді соңғы турда бұл ӘЧ-да ештеңеден үміті жоқ Оңтүстік Корея футболшыларымен алысып көрмек.

          «G» тобындағы Англия мен Бельгия қарсыластарын бет қаратпай ұтуда. Англиядағы жас футболшылардың бәрін жинап әкелген Гарет Саутгейттің командасы әлемдік доп додасының әліппесін жаңа ашқан Панама құрамасына 6 гол соғып, жермен-жексен етті. Хет-трик жасаған Харри Кейн 5 голмен мергендер көшін бастап тұр. Ал, Бельгия мен Тунис бұл чемпионаттың ең нәтижелі ойынын көрсетті. Екі құрама бір-біріне 7 гол соқты. Соның бесеуін «қызыл сойқандар» соғып, кезекті үш ұпайына қол жеткізді. Бұл топта Англия мен Бельгия қолтықтасып, келесі кезеңге өтіп қойды. Енді олар қолтықтасуды қойып, соңғы турда топтан бірінші орын алу үшін жанталасатыны ақиқат.

          «H» тобындағы жағдай тіптен шиелінісіп кетті. Төрт жыл бойы төрткүл әлемді тамсандыра жеткен бұл той Польша үшін де аяқталды. Жеребе тартылған кезде Польша құрамасының бапкері Адам Навалька «Қиын болады. Оңай топқа түскен жоқпыз. Өз қотырымызды өзіміз қасимыз. Кімнің фаворит екенін айту мүмкін болмай тұр. Топтан шыға алмай қалуымыз да ғажап емес» деп желкесіне қолын апаруы жиілеген еді. Сыбырлағанды Құдай естімей ме?! Колумбия құрамасынан ойсырай жеңілді. Колумбиялық жігіттер өздерінің алғашқы турдаға жеңілісі кездейсоқ болғанын дәлелдеді. Қаһарына мінген «жолбарыстар» поляктардың қақпасына жауапсыз 3 гол соқты. Ал, бұл топтағы өзге екі құрама Жапония мен Сенегал тең тарқасты. Африкалықтардың соққан екі голына «азиялық самурайлар» да екі голмен жауап қатты. Соңғы турда Сенегал Колумбиямен келесі кезеңге кімнің өтетінін «келісіп» көрмек. Ал, жапондарға оңай тиеді. Себебі, олар келесі кезеңнен үмітін үзген Польша құрамасымен күш сынасады.

 

Ерболат АЙНАБЕКОВ

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ