Аспан асты, жер үсті 0 пікір 1639 лайк

Түпкі жұртым – Түркістан болашақта осылай көркейеді

Маусым 23 / 2018

 

Баян ДАРҒОЖИНА, «Оңтүстік Қазақстан».

Түркістан төрінде дүбірлі той! Халықтың қуанышында шек жоқ. Қазақ хандығының орталығы, күллі түркі жұртының рухани ордасы, мәдени астанасы атанған құт мекеннің облыс орталығына айналуы, шын мәнінде, бүкіл Қазақстан атап өтерліктей мереке. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қала қонақтары мен тұрғындарын осынау тарихи оқиғамен құттықтады.

 

– Сіздерді көне шаһар – Түркістанның облыс орталығы мәртебесін иемденген тарихи сәтімен шын жүректен құттықтаймын! Елбасымыз атап көрсеткендей, өңірдің өркендеуіне тың серпін беруді көздеген шешімнің тарихи мән-мағынасы өте тереңде. Бұл қадам көне шаһардың қойнауында жатқан тарихи жәдігерлердің қайта жарқырап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің көтерілуіне, жергілікті тұрғындардың тұрмысына оң ықпал жасайтыны сөзсіз. 1500 жылдан астам тарихы бар жәдігер қаланың ХХІ ғасырдағы жаңа тынысы ашылғалы тұр, – деді өңір басшысы.

Айта кету керек, Елбасы Түркістанды түлетуге ерекше мән беріп келді. Мәселен, Президенттің тікелей ықпалымен 1991 жылы Түркістанда Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті құрылды. Сонымен қатар, 2000 жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойы әлемдік деңгейде аталып өтуі де тарихи қаланың дамуындағы айтулы кезең болды. 2002 жылы дүниежүзі қазақтарының ІІ құрылтайы да осында өтті. Бұл құрылтайда оралмандардың елге оралу мәселесі қаралып, көші-қон квотасының мөлшерін ұлғайту жоспары қарастырылды.

Түркістан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінде және бір жағынан Қытайға, екінші жағынан Ресейге қатынайтын теміржол торабында орналасқан.

Тамыры тереңге тартқан құт мекен – Түркістан 2017 жылы ТҮРКСОЙ ұйымының шешімімен түркі әлемінің мәдени астанасы атанды.

Салтанатты іс-шараға тұспа-тұс келген «Ән мен әнші» Ұлы дала астаналарында!» атты мерекелік концерт кештің шырайын ашты. Тамара Асар, Мөлдір Әуелбекова, Айгүл Иманбаева, Ғаділбек Жанай, Саят Медеуов сынды Қазақстанның эстрада жұлдыздары көпшіліктің зор қошеметіне ие болды. Қызылды-жасылды жарқылдаған отшашу да тойдың көркін қыздыра түсті. Түркістандықтар үшін бұл күн ұмытылмастай әсер сыйлады.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ