Аспан асты, жер үсті 0 пікір 1634 лайк

Тоқсанға келген қарт бабаң жаңа әліпбимен диктант жазды

Маусым 23 / 2018

 

Айдар ҚҰЛЖАНОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Облысымызда латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиін насихаттау мақсатында бірегей акция өтті. Акция аясында облыс аумағындағы барлық 428 кітапхананың әрқайсысында 10 оқырман жаңа әліпбиді қолдана отырып, бір мезгілде «Ұлттық мұра» тақырыбында диктант жазды. Яғни, облыстық акцияға 4280 адам қатысты. Олардың арасында зиялы қауым өкілдері, мектеп мұғалімдері мен студент жастар бар.

 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияның мақсаты – бір жағынан тұрғындардың жаңа әліпбиге деген қызығушылығын ояту болса, екінші жағынан оқырмандар жіберген қателерге қарап отырып, латын графикасына негізделген жазудың күрделі тұстарын анықтау. Сөйтіп, әліпбиді жетілдіре түсу, оған лайықты емле-ережелерін жасау бойынша ұсыныстар әзірлеу. Болашақта облыста латын әліпбиін үйрететін арнайы курстар ұйымдастырылып, осы бағытта жұмыс істейтін орталықтар құрылады деп жоспарлануда.

– Елбасының қазақ тілін латын графикасына негізделген жаңа әліпбиге көшіру жөніндегі бастамасын толық қолдаймын. Соны іс жүзінде дәлелдеу үшін бүгінгі шараға қатысып отырмын. Иә, біраз үйренгенше төгілтіп жазып кете алмайтынымыз, аздап кідіретініміз белгілі. Бірақ, диктантты барынша қатесіз, сауатты жазып шықтым деп ойлаймын. Жасым тоқсаннан асқанда мен жазып отырсам, жаңа әліпбиді үйрену жастарға оңай ғой, – дейді облыстық «Отырар» кітапханасына келіп, акцияға атсалысқан қарт жазушы Еркінбек Тұрысов.

Айта кетейік, диктант жазушыларға баға қойылған жоқ. Олар өз қателерін өздері түзетіп, бір-бірімен пікір алмасты.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ