Түркістан қаласында – жаңа әкім

Маусым 23 / 2018

 

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың өкімімен ҚР Президенті әкімшілігінің және Түркістан қалалық мәслихатының келісімімен Түркістан қаласы әкімі лауазымына Әліпбек Шәріпбекұлы ӨСЕРБАЕВ тағайындалды. Облыс басшысы қала активін облыс орталығы болып Түркістан қаласының бекітілуімен құттықтап, шаһар басшысын таныстырды.

 

Ә.Өсербаев 1961 жылы туған, білімі жоғары, мамандығы бойынша біліктілігі – инженер-химик-технолог. Еңбек жолын 1983 жылы Қарағанды асбест-цемент өнімдерін шығаратын зауытының машинисі ретінде бастаған. 1986-2014 жылдары Түркістан қаласы құрылыс детальдары мен конструкциялары комбинаты зертханасының инженері, мастері, экономисі, цех бастығы, бас инженері, «Қуат Суиндус- трия» АҚ, «KazakhConstructіon Іndustry» АҚ Түркістан қаласы рудасыз материалдар комбинаты филиалдарының директоры, Түркістан қалалық мәслихаты хатшысының міндетін уақытша атқарушы, Түркістан қаласы құрылыс бөлімінің меңгерушісі, Кентау, Түркістан қалалары әкімдерінің орынбасары, Түркістан қаласының әкімі, облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы, Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласының әкімі лауазымдарын атқарған. 2017 жылдың желтоқсан айынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары болып қызмет етіп келді.

Өңір басшысы Жансейіт Қансейітұлы тарихи әрі сындарлы кезеңде Түркістан қаласының әкіміне және әкімдік құрылымдарына артылатын жауапкершіліктің жүгі ауыр екендігін жеткізді.

«Түркістанға «тек қазақ елінің ғана емес, бүкіл түркі жұртын зиярат жасайтын қастерлі орын» деп баға берген Елбасы оның рухани өмірінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің үлкен орны бар екенін, тарихы терең Түркістанның туризм үшін де маңыздылығы ерекше екендігін және қаланың тоғыз жолдың торабында орналасуы сыртқы және ішкі туристер мен жергілікті тұрғындар үшін қолайлы болатынын баса айтты. Демек, осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану қажет» деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, жаңа әкімге Түркістан қаласының Бас жоспарын тездетіп әзірлеуді жүктеді. Қаланың заман талабына сай дамуын одан әрі жалғастыру қажеттігін айтқан Жансейіт Қансейітұлы тұрғындар мен туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында қаланың инфрақұрылымын қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.

Жиын соңында өңір басшысы Жансейіт Түймебаев Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген бір топ белсенді азаматты марапаттады.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ