Аспан асты, жер үсті 0 пікір 0 лайк

Ғылым мен мәдениет орталығына айналады

Маусым 23 / 2018

 

Айдар ҚҰЛЖАНОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Түркістанға шетелдік туристер көптеп келуі үшін соған лайық инфрақұрылым мен сервистік жүйе қалыптастыру керек. Сол үшін қысқа мерзімде облыстың жаңа орталығында халықаралық талаптарға сәйкес келетін әуежай мен автовокзал салынады. Ал, теміржол вокзалында қайта құру жұмыстары жүргізіледі.

 

Бұл туралы Түркістан облыстық мәслихатының кезекті жиырма бесінші сессиясында сөз сөйлеген облыс әкімі Жансейіт Түймебаев мәлімдеді.

– Сондай-ақ, саяхаттаушыларды Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне, басқа да тарихи-мәдени орындарға тарту үшін оларға баратын жол мен көлік мәселесін шешуге күш салуға тиіспіз. Мұнан бөлек Түркістанда заманауи, талапқа сәйкес қонақүйлер мен сауда орталықтарын, мәдени демалыс аймақтарын салуға инвесторларды тарту – кезек күттірмейтін мәселе, – деді өңір басшысы.

Жансейіт Қансейітұлының айтуынша, Түркістанның айналасында жылыжай мен интенсивті бауларды көптеп өсіру қажет. Бұл бір жағынан ауыл шаруашылығы саласының дамуына әсер етсе, екінші жағынан туристерге көрсетуге болатын экотуризм нысанына айналады.

– Түркістан ендігі жерде облыс орталығы ғана емес, халықаралық дәрежеде танымал қалаға, Түркі әлемі ғылымы мен мәдениетінің ірі орталығына айналады. Мұнда бүкіл түркітілдес елдер қатысатын ғылыми конференциялар мен мәдени шаралар тұрақты түрде өтеді. Сондай-ақ, бұл қалада Түркі академиясы, Түрік кеңесі мен ТҮРКСОЙ секілді халықаралық ұйымдардың бөлімшелері ашылады, – деді Ж.Түймебаев.

Сессияның күн тәртібінде басқа да маңызды мәселелер қаралды. Сессияның отырысында қаралған мәселелер бойынша облыстық мәслихат депутаттары оң шешімдер қабылдап, бірауыздан қолдау көрсетті.

Жиынды қорытқан Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев келесі облыстық мәслихаттың отырысы өңір орталығы Түркістан қаласында өтетінін айтып, алдағы уақытта қаладағы атқарылатын жұмыстарға тоқталды.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ