Аспан асты, жер үсті 0 пікір 1629 лайк

Бейбіт күннің батырларын еске алды

Маусым 23 / 2018

 

Қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан полицейлердің есімін ардақтап, ерлігін өскелең ұрпаққа үлгі ету – бүгінгі тәртіп сақшыларының парызы. Осыны мақсат еткен өңір сақшылары облыстық ішкі істер департаменті орналасқан ғимарат ауласына ескерткіш тақта орнатты. Шараға Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев, Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, облыстық ІІД бастығы, полиция полковнигі Қайрат Дәлбеков, ішкі істер органдарының ардагерлері, ішкі істер органдарының жеке құрамы, қаза болған полицейлердің жесірлері мен балалары қатысты. Сәулет туындысын облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы мен ішкі істер органдарының ардагері, генерал-майор Жеңісбай Сұлтанов ашып, қызметте жүріп мерт болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

 

Мұнан соң өңір басшысы сөз алып, ішкі істер қызметкерлерінің қоғамдағы рөлі мен қиын да қызықты жұмысының маңыздылығына тоқталды. «Тәртіп сақшылары қызметтік міндеттерін атқару кезінде адалдық пен қайсарлықтың үлгісін көрсетті. Ерлерін құрметтейтін елі барда адал перзенттеріміздің өнегелі ісі көпке үлгі болып қала бермек», – деді ол.

Ал, облыстық ІІД бастығы, полиция полковнигі Қайрат Дәлбеков қаза тапқандардың есімі полиция тарихында алтын әріптермен жазылатынын атап өтті.

– Бүгін біз өмірінің соңғы сәтіне дейін қызметіне адалдық танытқан әріптестерімізді еске аламыз. Тәуелсіздік алған жылдарда елімізде қызметтік борышын атқару кезінде 709 полиция қызметкері өмірден өткен екен. Оның ішінде 23-і – оңтүстікқазақстандық сақшы. Олар бейбітшілік пен тыныштық үшін жандарын қиды. Сол үшін оларды мәңгілік есте сақтауымыз қажет. Бүгінгі ашылғалы отырған ескерткіш соларға деген құрметтің бір белгісі, – деді.

Ерлікпен қаза тапқан сақшылардың отбасы мүшелері аталмыш шараның келешек ұрпақ үшін маңызы зор екендігін атап өтіп, департамент басшылығына алғыстарын білдірді.

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ