Аспан асты, жер үсті 0 пікір 0 лайк

Күзет қызметкерлері марапатталды

Маусым 23 / 2018

 

Дамира МОЛДАНАЗАРОВА, «Оңтүстік Қазақстан».

23 маусым – Қазақстан полициясы күніне орай Шымкент қаласындағы мамандандырылған күзет қызметі басқармасында мерекелік шара өтті. Салтанатты жиында сап түзеген жеке құрамды аталған басқарманың басшысы, полиция полковнигі Қ.Тілеубердиев құттықтады.

 

– Мамандандырылған күзет қызметі өзге де ішкі істер органдарымен бірлесе отырып, өңірдегі барлық мемлекеттік және аса маңызды стратегиялық нысандардың қауіпсіздігін күзетеді. Мұнда қырағылық, байқампаздық сияқты қасиеттерді бойына сіңірген, тактикалық шыңдалған қарулы күш иелері еңбек етеді. Қызмет бабында жанқиярлық ерлік көрсетіп, есімі ел мақтанышына айналған азаматтарды қашан да мақтан тұтамыз, – деді басқарма басшысы.

Мерекелік жиынға арнайы қонақ ретінде шақырылған күзет қызметінің ардагерлері ақжарма тілектерін білдіріп, өздері еңбек еткен жылдардағы естеліктерімен бөлісті. Қызмет бабында қаза тапқан қызметкерлердің жарлары мен ұл-қыздарына сыйлық үлестірілді. Мерекеге орай бірқатар қызметкер облыс әкімінің және облыстық мәслихаттың грамотасымен, ҚР ІІМ-нің әртүрлі дәрежедегі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталды. Бұл күні күзет қызметіне жаңадан қабылданған бірнеше жас маман салтанатты түрде ант қабылдады.

Жиын соңы Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ