Аспан асты, жер үсті 0 пікір 0 лайк

96 нысан бұзылды

Маусым 23 / 2018

 

Күн ысығалы Қошқарата өзенін жағалаған шымкенттіктердің қатары қалыңдай түсті. Өзеннің бүгінгі келбетін көргендер қала әкімдігіне ризашылықтарын білдіріп жатыр. Екі ай бұрын басталған қызу жұмыстың нәтижесінде өзеннің қос қапталы көркейтіліп, демалушыларға барынша ыңғайлы жағдай жасалынды. Өзен суының тазалығы да көңілге қошуақ сыйлайды.

 

Дегенмен, сала мамандары бұл жұмыстардың оңай болмағанын айтады. Өзен жағалауындағы аумақтарды 30 жылдан бері жекеменшігіне пайдаланып келген кей тұрғындар өзен арнасынан кемінде 10 метрге дейін құрылыс жұмыстарын жүргізуге болмайды деген тәртіпті сақтамаған. Осының салдарынан тап-таза бастау суына тұрмыстық қалдықтар төгіліп, өзен арнасы қоқысқа толған.

Бүгінде осының бәрі де тазаланып, ретке келтірілді. Талап бойынша өзен арнасындағы 96 құрылыс нысанын бұзуға тура келген. Оның ішінде 31 нысан иесі өз еріктерімен жерді мемлекет меншігіне берген.

Бүгінде С.Тұрысов көшесінен Ә.Жангелдин көшесіне дейін созылып жатқан өзен жағалауын абаттандыру жұмыстары әлі де жалғасуда. Бұл жұмыстар сәтін салса қараша айында аяқталады.

Ж.ШАЛАБАЕВА.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ