Рухани жаңғыру 0 пікір 1620 лайк

Қанатқақты жобалардың қарымы қандай?

Маусым 23 / 2018

 

Оңтүстік Қазақстан облысының (бұрынғы) ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бағытында өңірімізде бірнеше сала бойынша цифрландырудың пилоттық жобасын жасап шықты. Оған білім, құрылыс, ауыл шаруашылығы, тағы басқа салалары енгізілген. Енді соларға жеке-жеке тоқталайық.

 

Бірінші жоба – білім саласы

1. Мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне (МДБМ) балаларды қабылдау және жолдама беру, орындарды ауыстыру, кадр құрамын есепке алу процестері автоматтандырылды.

2. Орта білім беру бағыты бойынша 1-11-сыныптарға оқушыларды қабылдау, басқа мектепке ауыстыру, кадр құрамын есепке алу, оқытушы мен оқушының жеке істерін есепке алу, мектептердің рейтингісі автоматты түрде жүргізілуде.

Аталған шаралар қаланың барлық білім беру мекемелерінің паспорттарын цифрландыруға мүмкіндік беріп, халықтың ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз етті.

Сонымен қатар, жұмыс іздеу («t-hunter») жүйесі Шымкент қаласындағы барлық мектептерде орнатылған. Жүйені іске қосу арқылы конкурсқа қатысу үшін өтінімдерді веб-сайт арқылы жолдап қана қоймай, ашық конкурстық іріктеуден өтуіне мүмкіндік береді.

 

Екінші бағыт – құрылыс саласы

Тұрғын үй алуға ниет білдіргендердің көптігі мен тұрғын үйді бөлу үрдісінде ашық болмауы азаматтардың арасында теріс пікір қалыптасуына және жергілікті атқарушы органдарды сыбайлас жемқорлықпен кінәлауға алып келеді.

Республикада алғашқы болып заңсыз шешім қабылдау мүмкіндігіне жол бермейтін «Тұрғын үй қатынастары» пәтерлерді бөлудің автоматтандырылған жүйесі енгізілді. Нәтижесінде өтініштерді қараудың орта мерзімі 2 айдан 20 күнге қысқарды. Бүгінде аталған жүйе тәжірибеге енгізіледі.

 

Үшінші бағыт – ауыл шаруашылығы саласы

 Ауыл шаруашылығы саласында «Бөрте Милка» роботтандырылған тауарлы-сүт кешенінің жобасы біздің облыстағы Ордабасы ауданында жүзеге асырылды.

Сонымен қатар, жоғары технологиялық автоматтандырылған кешеннің бірі – «Ордабасы құс». Мұнда өңіріміздегі

2,7 миллионнан астам құстың 670 мыңнан астамы өсіріледі. Заманауи технологияларды қолданудың арқасында жемшөптерін дайындау, инкубациялау, жетілдіру, сату мен союға алдын-ала дайындау, белгілі бір мөлшерде жалпы фабрикалық нысанның қуаттылығын қаражат жұмсамай көбейтуге мүмкіндік туды. Осындай бірыңғай басқару жүйесі адам ресурстары мен энергетикалық шығындарды азайтады.

Жайылым жерлердің өнімділігін арттыру мақсатында «Ақылды суару» жобасы іске асырылуда. Мұндай жүйе 70 гектар аумақта (17 өнеркәсіптік жылыжайда) қолданылуда. Ал, интенсивті бау 2017 жылы 59,1 мың гектарды құрады (оның ішінде интенсивті бақша 2,8 мың гектар, жалпы жеміс-жидек пен жүзім 29 мың гектар).

 

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы

Пилоттық жобалардан басқа заманауи технологиялар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салаларында параллельді түрде сынақтан өткізіліп, ІOT технологиясын қолдану жоспарлануда.

Ол «коммуналдық қызметтерді алушылар» деген мағына береді. Яғни аудан, қала тұрғындары өздері қолданатын қызметтер үшін төлемдерді бұрынғыдай түбіртектер арқылы емес, мобильдік қосымшаларға (телефондарына) келіп түсетін сома бойынша коммуналдық төлемді ешқайда бармай-ақ, есепшоттарында ақша болса, төлеу мүмкіндігіне ие болады. Бұдан бөлек, коммуналдық қызмет көрсететін мекеменің қызметкерлері де бұрынғыдай әр үйдің есігін қағып, есеп алу үшін оларды мазаламайды. Сөйтіп, өздеріндегі орталықтандырылған мәліметтер базасынан әр абоненттің коммуналдық қызметті қанша сомаға пайдаланғанын біліп отыруға қол жеткізеді. Яғни бұл тәсіл қызмет берушінің де шығындарын азайтуға ықпал етеді.

Бүгінгі таңда Шымкент қаласындағы бір ауданға (55 тұрғын үй) пилоттық жоба ретінде суды тұтыну, оның қысымы туралы мәлімет, апат болған жағдайда хабарлап, ақпарат тарататын өлшегіш құралдар орнатылды.

 

Денсаулық сақтау саласы

ҚР Президенті Н.Назарбаев биылғы Жолдауында медицина саласын цифрландыру, осы бағыттағы кемшіліктердің жалпы медицина саласын реформалауға бірден-бір кедергі болып отырғанын атап өткен болатын. Оның ішінде, әр азаматтың денсаулық паспорты жасалуын қадап айтқан болатын.

Облысымызда бұл жұмыстар қарқын алып келеді. Денсаулықты сақтау еңбекке қабілетті және экономикалық белсенді жастағыларды қоса алғанда, мемлекет халқының өмір сүру ұзақтығы мен сапасына тікелей әсер етеді. Бұл саланы цифрландыру медициналық қателіктердің санын төмендетуге, қызмет көрсетудің сапасы мен жылдамдығын, сондай-ақ, басқарушылық шешімдерді қабылдау сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Осыған орай облыстың 46 емханасында «Дәрігерді үйге шақыру», «Дәрігерге көріну үшін жазылу», «Медициналық ұйымға тіркеу» сияқты 3 танымал медициналық қызметті алуға болатын кешенді медициналық ақпараттық жүйе енгізілуде.

Денсаулық сақтаудағы цифрлық технологиялар проблемалардың негізгі күрделі проблемалары мен мәселелерін шешуге көмектесе алады.

 

Көлік және қауіпсіздік

Көлік-логистика саласының одан әрі дамуын қамтамасыз етуде цифрлық технологияны енгізудің маңызы зор. Бұл көлік құралдарын басқару арқылы транзиттік әлеуетті арттырып, ақпаратты жедел өңдеуге және оңтайлы әрі ұтымды шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, басқарушылық ықпалдарды әзірлеу арқылы көліктегі қауіпсіздікті күшейтуге де болады.

Осы бағытта Шымкент қаласындағы қоғамдық көліктің 95 пайызы, ауданаралық қатынастағы қоғамдық көліктің

100%-ы GPS жүйесімен жабдықталған. «Қауіпсіз қала» жобасының аясында бақылау бейнекамераларының саны 479 данаға, интеллектуалдық көше қиылыстарының саны 21-ге дейін көбейтілді.

Шымкент қаласы бойынша 237 бағдаршамның 48-інің дабылдары дыбыспен сүйемелденген. Қаланың 15 көшесі мен қиылыстардағы жол белгілері күн батареяларына қосылған. Шаһардағы 40 бағдаршамға ауызша және дыбысты сүйемелдеу жүйелері қосылған. «Shymkent Bіke» велосипедін жалдау автоматтандырылған жүйесі орнатылды. Бүгінгі таңда 30-дан астам жалға беру стансасы қызмет етуде.

Ақпараттық технологияларды дамыту саласында облыстың барлық елді мекендерін қамтыған электронды карта құрылып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының «Қылмыстық картасы» порталына қолданысқа берілді. Нәтижесінде «Цифрлық Қазақстан - 2020» мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасына біздің Түркістан облысы пилоттық өңір ретінде енгізілді. Бұл өз кезегінде, қай өңір, аудан немесе қалада қылмыс деңгейінің қандай дәрежеде екеніне, нендей мәселелерге көңіл аудару қажеттілігін айқындап береді.

Жалпы, ақпараттық технологияларды дамыту, облысымыздың талантты жастарына жағдай жасау мақсатында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті базасында «CO workіng» орталығы ашылды.

Бұл сала бойынша облысымызда, жалпы елімізде мамандардың тапшы екенін ескерсек, осы мәселеге мән беруге тура келеді. Әсіресе, бағдарламашылар, ІТ мамандық иелерінің «дәуірі» келді. Біз осы сала мамандарынан тың идеялар күтеміз.

 

Туризм

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев өңірдегі туризм саласын дамытуға көп көңіл бөлуде. Оған жаңадан туризм және инновациялық даму басқармасының құрылуы дәлел. 2017 жылдың ақпан айында «ON Guіde» мобильдік құрылғы іске қосылып, жылдың соңына дейін «Ontustіk Tourіsm» орталығы мобильдік құрылғысымен 3 923 туристке ақпарат тарату қызметін көрсеткен.

 Бастар ЕСҚАРАЕВ, Түркістан облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ