Құрметке лайық жан

Маусым 23 / 2018

 

Дүниеде басы ауырып, балтыры сыздамайтын пенде жоқ шығар. Әр адам өз денсаулығы жолында ақ халатты абзал жандардың көмегіне жүгініп, олардың ыстық алақаны мен жылы лебізін сезінері анық. Дәрігерлердің көмегін көп көрген жандардың бірі мен едім. Пешенеге жазылған тағдырдан қашып құтыла алмайды екенсің. Қырда шөп орып жүріп, абайсызда ораққа түсіп қалып, бір аяқтан айырылдым. Өлі мен тірінің арасында жатқанымда ақ желеңді абзал жандар күн-түн демей көмек қолын созып, мені өмірге қайта әкелді. Әуелі Алла, екінші адам жанының арашашысы болған дәрігерлердің арқасында осы күнге жетіп отырмын.

Сол оқиғадан соң да қаншама ота жасаттым, қаншама қолы шипалы медицина қызметкерлерінің алдынан өттім. Мамандардың ақыл-кеңестеріне құлақ түріп, оңтүстікке көш басын тірегеніме де біршама жылдар болды. Оңтүстік Қазақстан облысына көшіп келуімнің басты себебі, өзім туып-өскен Семейдің суық ауа райы кесілген аяқтың тез жазылуына кедергі келтіреді екен. Сол үшін күнгей өңірді таңдауыма тура келді. Расында, мұнда келіп, күннің ыстығына ғана емес, тұрғындарының қонақжайлылығы мен мейірбан да кішіпейілдігіне көзім әбден жетті. Барлық жағдайларды емес, ішіндегі біреуін баяндап, алғысымды жеткізсем деген едім.

Облыстық клиникалық ауруханасына қарасты №3 көз емдеу мекемесінің күндізгі стационар меңгерушісі Асқар Ауашев қолы алтын, жүзінен мейірім төгіліп тұратын қыз болып шықты. Ауруым жаныма батып, балдағымды сүйретіп келген маған жылы сөзін аямай, жан жылуын бере білді. Оның қасындағы медбике Нигора Иуманова да ізетті, кішіпейіл қыз болып шықты. Үнемі күлімсіреп жүретін маманның тірлігі де тындырымды.

Қандай саланың дәрігері болмасын, олардың барлығы да құрметке лайық. Әрқашан аман болыңыздар!

Сайынқұмар БАЙҒОНЫСОВ, зейнеткер.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ