Балалардың жанашыры

Маусым 23 / 2018

 

Әмина Қадырбекова отыз жылдан бері балалар дәрігері болып қызмет істеп келеді. Жүзінен мейірім төгіліп тұратын, елгезек, білікті маманды тұрғындардың бәрі құрметтейді. Аудандық емханадағы жұмыс бөлмесі бүлдіршіндер мен аналардан босамайды.

 

Әмина Дүйсембайқызы 1980 жылы мектепті алтын медальмен бітірген соң өзінің жүрек қалауымен Қарағанды медицина институтына оқуға түседі. Қолына дәрігерлік дипломды алған соң тағы бір жыл интернатурада білімін жетілдіреді. 1987 жылы педиатр болып жұмысқа орналасып, өмірлік жолдасы әлеуметтік сала қызметкері Нұрмаханды кездестіреді.

«Әкем прокурор болғандықтан ба, әйтеуір бала тәрбиесінде қатал болды. Ал, анам Ұлбосын керісінше, мейірімді, балажан еді. Олар тек білім алып, абыройлы қызметкер болуымызды қалады. Отбасында өскен 9 ұл-қыздың бүгінде алтауы дәрігер. Бұл әке-шешеміздің үмітінің ақталғанын білдірсе керек. Балалар дәрігері – барлық баланың екінші анасы іспеттес. Олар қуанса, біз де қоса жадыраймыз, сырқаттанса, солармен бірге көңіліміз жабырқайды. Балалар ауырмасын, – дейді кейіпкеріміз.

Аудан халқы ақ халатты абзал жанның әр науқасқа ыстық ықылас пен шынайы қызмет ететініне тәнті болып, алғыстарын үнемі айтып отырады. Әсілінде, халықтан асқан сыншы жоқ. Тұрғындардың бұл пікірін әріптестері де қолдайды.

Әмина апай қызметкер ғана емес, үш ұл өсіріп, солардан тараған немерелерінің қызығын көріп отырған сүйікті әже. Ұлдарының үлкені Марғұланы «Қазақстан теміржолы» компаниясында қызметкер, Бағланы «Бренд Казахстан» фирмасында бас энергетик. Ал, кенжесі Жанғұлан болса анасының жолын қуып, көз дәрігері болып жұмыс істейді. Мамандығынан бақыт тапқан мерейлі жан 2012 жылы облыстың үздік дәрігері атанса, 2017 жылы аудан бойынша «Ең үздік дәрігер» номинациясымен марапатталды. Әрдайым абырой биігінде болыңыз!

Айгүл СҮНДЕТОВА. Түлкібас ауданы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ