Аспан асты, жер үсті 0 пікір 0 лайк

Кентау кемелденіп келеді

Маусым 23 / 2018

 

Қарт Қаратаудың баурайында орналасқан Кентау қаласында көптеген игі істер жүзеге асып жатыр. Көп қабатты үйлер тұрғызылып, қала жолдары жөнделуде. Гүлзарлар ажарланып, көшелердің сәні кіре бастады. Әсіресе, тұрғындарды әлеуметтік қолдауға да ерекше мән берілуде. Бұған қалада атқарылып жатқан жұмыстармен танысу барысында көз жеткіздік.

 

Табиғи газбен қамтылады

Кентауда қызу қарқын алған жұмыстың бірі – тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету. Қалаға дейінгі газ құбырының және автоматты газ тарату стансасының жалпы құны 3 млрд. 798 млн. 816 мың млн. теңге болатын құрылыс жұмыстары аяқталып, арнайы комиссия қабылдап алды. Қазіргі таңда қала мен қалаға қарасты елді мекендерде ішкі газ құбырлары тартылуда. Бұл жайында Кентау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қ.Төлепбергенов мәлімдеді.

Қалаға және қалаға қарасты ауылдарға «көгілдір отынды» таратуға қажетті стансалар арнайы шарбақпен қоршалып, электр жүйелері, трансформатор, жайтартқыштар мен прожекторлы діңгек және өзге де техникалық жабдықтар орнатылған. Сондай-ақ, контейнерлер, газды ыдыстар, операторлық блок, жылыту торабы, автомат блогы және тағы басқа да қондырғыларда ақау жоқ. Жұмыстарды «Шымкентгаз» ЖШС-нің газ шаруашылығы жүргізген. Нысан заман талабына сай жабдықталған. Яғни құрылғылар іске қосылғанда автоматты түрде жұмыс істейтін болады.

 

Болашағын құрылысына қарап танисың!

Елбасы Н.Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінде жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасына, студенттердің жатақханамен қамтылуына үлкен көңіл бөлінді. «Бұл міндетті шешу үшін жоғары оқу орындары, колледждер мен девелоперлік компаниялар мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігі қағидасымен жатақхана салуды бастауы керек» деп баса айтқан болатын Мемлекет басшысы.

Елбасы Үндеуіндегі айқын басымдықтарды жүзеге асыру мақсатында Кентау көпсалалы колледжінің жанынан 300 орынды жатақхана құрылысы басталды. Сметалық құны 443 млн. 883 мың теңге болатын құрылыстың мердігері – «Строитель» ЖШС. Бүгінде жатақхананың қабырғалары қаланып бітіп, әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қала халқын тұрғын үймен қамту ісі де біртіндеп шешімін тауып келеді. 2015 жылы 60 пәтерден тұратын бес қабатты тұрғын үй салынып, пайдалануға берілген болатын. Бүгінде игі іс жалғасын тауып, 60 пәтерлі жеті көп қабатты үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның екеуі биыл пайдалануға берілмек. Ал, қалған бесеуінің құрылысы келесі жылы аяқталады деп жоспарланған.

Сондай-ақ, жедел жәрдем көрсету стансасы мен ауысымына 500 адам қабылдайтын қалалық емхананың құрылысы да қарқын алған. Облыстық бюджет есебінен қаржыландырылған нысанның сметалық құны – 1млрд. 627 млн. 362 мың теңге. Бұл жағдай қаланың денсаулық сақтау саласындағы бірқатар мәселелерді оңтайлы шешуге ықпал етеді.

 

Ұлағатты істердің ұйытқысы – «Рухани жаңғыру» орталығы

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының жарияланғанына бір жылдан асты. Мақаладағы негізгі бағыттарды қала жұртшылығына түсіндіру мақсатында іс-шаралар жоспары бекітіліп, жұмыстар жоспарға сай атқарылуда. Арнайы орталықтар ашылып, рухани жаңғыру бағытындағы игі істердің іске асуына ұйытқы болып отыр. Соның бірі – қалалық орталық кітапханадан ашылған «Рухани жаңғыру» орталығы.

«Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру, қаланың мәдени жетістіктері мен рухани құндылықтарын насихаттау мақсатында ашылған орталыққа Кентауға белгілі азаматтардың суреттері ілініп, елге сіңірген еңбектері жазылып қойылған. Атап айтқанда, кенді қаланың мақтаныштары Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Рахым Балабиев, «Даңқ» орденінің толық кавалері Дүйсенбай Пайзиев, «Алтын жүрек» номинациясының иегері Ысқақ Жұмашев, ҚР білім беру ісінің үздігі Өміртай Жүсіпов, ҚР мәдениет қайраткері Бекжігіт Сердәлі, профессор, ғалым Камалбек Беркімбаев, белгілі боксшы, Азия Ойындарының жеңімпазы Қанатбек Шағатаев жайында жан-жақты мәліметтер табуға болады.

Сондай-ақ, мұнда оқырмандармен, оқушылармен жиі–жиі кездесулер ұйымдастырылып тұрады.

 

Өндірісте оң нәтиже бар

Қалада «Восток-Минерал» ЖШС-і тарапынан жалпы құны 138,4 млн. теңгені құрайтын барит өнімдерін өңдеу зауыты салынуда. Оның қуаттылығы жылына 50 мың тонна барит өңдеуге жетеді деп күтілуде. Кәсіпорынның негізгі шығаратын өнім түрі – барит өнімдері.

Бүгінгі таңда қаншама жыл бойы тоқтап тұрған өндіріс орны қайта іске қосылды. Яғни «Южполиметалл ӨК» АҚ-ның кен байыту кешенін сатып алған «Восток-Минерал» ЖШС-і қажетті құрал-жабдықтарды орнатып, сәуір айынан бастап өндірісті жүргізді. Қазір мұнда 100-ге жуық адам еңбек етуде. Кәсіпорын өнімін негізгі тұтынушылар – мұнай-газ саласындағы ұлттық компаниялар. Алдағы уақытта Өзбекстан және Ресей мемлекеттеріне өнім экспорттау жоспарлануда.

Кентау қаласына қарасты Ащысай ауылында алдағы уақытта қытайлық инвесторлар өндіріс қалдықтарын өңдейтін кәсіп-орынды іске қоспақшы. Бұл бағытта инвесторлар бүгінге дейін кепілде тұрған ғимаратты сатып алу, құжаттарды реттеумен айналысқан. Ендігі кезекте кен өндіруді бастамақ.

– Зауыттарды қайта тіркеу және заңдастыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл тірліктің барлығын атқару үшін уақыт керек. 25 жылға қабылданып отырған бағдарламаға сай олар жер қойнауындағы қазба байлықтарды игереді. Жоба бойынша жұмысшылардың 90 пайызы жергілікті тұрғындар, қалған 10 пайызы шетелдік мамандар болады, – дейді «Ащысай тау-кен комбинаты» ЖШС-нің өкілі Нысанбай Кенжебаев.

Қайрат ЗАЙНИШЕВ. Кентау қаласы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ