Руханият 0 пікір 0 лайк

Ақсүмбе мен Алашты сүйген жүрек

Маусым 23 / 2018

 

Үмітхан АЛТАЕВА, «Оңтүстік Қазақстан».

Нариман Нұрпейісовтың есімі «Оңтүстіктің» оқырмандарына жақсы таныс. Ғалым-ұстаз қоғамдық саяси өмірде орын алып жатқан оқиғаларға алғашқылардың бірі болып үн қатады, сондай-ақ ұлттық құндылықтар, қазақ тілінің мәртебесі, ел тарихы жайындағы мақалалары газетімізде жиі жарық көріп тұрады.

 

Есімі Созақ өңіріне танымал, қырық жыл елге билік жүргізген бабасы Ыбырайым би 1928 жылы бай-бағландарды кәмпескелеу тұсында елден көтеріле көшіп кетіп, Тәшкен асыпты. Отыз жылға жуық Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжік- стан елдерін паналайды. Ыбырайым бидің сүйегі Өзбекстан жерінде қалады. Ал, кейінгілері туған өлкеге тіке баруға тайсақтап,1956 жылы Сарыағаш ауданына қоныс аударады. 1958 жылы Нариман дүниеге келген екен. Біраз жыл Мақтааралда тұрақтаған соң ғана үлкендер жағы Қаратаудың теріскейіндегі атамекендері Ақсүмбе ауылына оралады.

Жастайынан жазу-сызуға әуес баланың алғашқы жазғандары мектепте оқып жүргенінде аудандық «Молшылық үшін», республикалық «Пионер» газеттерінде жарияланып, «тілші бала» атанған екен. Дегенмен, Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген Нариман Жұмашұлы журналистика саласына емес, ғылым жолына бет бұрады. Жоғары оқу орнын бітірген соң Қарағанды облысы Саран қаласындағы Абай атындағы Саран педагогикалық училищесінде он жыл ұстаздық етеді. Түрколог ғалым Әбжан Құрысжанов ізденімпаз оқытушыны ғылымның қия жолына жетелейді. Ғалым, профессор Құлбек Ергөбектің жетекшілігімен қазақ әдебиеттану ғылымының белді өкілдерінің бірі Есмағамбет Ысмайыловтың сыншылық жолын зерделеу жолында көп еңбек сіңіріп, кандидаттық диссертация қорғайды. Е.Ысмайыловтың шығармашылығы жайында төрт кітап (оның біреуі оқу құралы) жазып, қазақ әдебиеттану ғылымының қалыптасу жолында өлшеусіз еңбек сіңірген, кешегі тоталитарлық қоғамда ұлттық көзқарасы үшін биліктен қуғын көрген ғалымның шығармашылығына терең әрі жан-жақты талдау жасайды.

Әдебиет зерттеуші ғалым Мекемтас Мырзахметұлымен бірге «Дала уәлаяты» газетінің тарихын зерттеп, талдап, ғылыми айналымға қосуда да көп тер төгеді. Н.Нұрпейісовтің басылымдарда, ғылыми-көпшілік журналдарда, ғылыми конференция материалдарында 300-ге жуық еңбегі жарық көріпті. Ал, оқулықтары мен оқу құралдарының, публицистикалық жинақтары мен монографияларының өзі жиырмаға тартады. Ғалымның ғылыми ізденістерінің ауқымы кең. «Абай және «Дала уәлаяты», «Абай және орыс әдебиеті», «Қазақ әдебиетіндегі азаттық идеясы», «С.Қожанов – әдебиет жанашыры», «Б.Кенжебаев және тәуелсіздік тақырыбы», «Ғ.Мүсіреповтің қазақ сынына қосқан үлесі», «Т.Әлімқұловтың зерттеушілік қырлары», «М.Мырзахметов – абайтанушы ғалым» деген тақырыптарының өзі-ақ зерттеуші ғалымның кең тынысты, тақырып аясы ауқымды екенін аңғартады. Құлбек Ергөбек, Мархабат Байғұт, Нармахан Бегалыұлы, Әбілда Аймақ секілді Оңтүстік қаламгерлері туралы жазған зерттеулерін жеке кітап етіп шығарған.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметов Нариман Жұмашұлы туралы «Абайтану әлемінің көкжиегінде өзіндік қолтаңбасымен із қалдырып келе жатқан шәкіртім Нариманның ұлы ақынның хакімдік қасиеті жайында жазған ғылыми еңбектері өте құнды, маңызды, бүгінгі күннің көкейкесті мәселелерін дөп баса білген» деп пікір білдірсе, әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбек «Нариман Нұрпейісов ғылымға шынымен келген қаламгер. Ғылымға сыннан келу көбінесе жемісті болмақ. Сын мен ғылымды қос қатар алып келе жатқан Нариманның бергенінен берері көп» деген байлам жасайды. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Жандос Смағұловтың «Қазір елімізде айтулы ғалым ретінде танылған Н.Нұрпейісов Алаш алыптары дәстүрінің заңды жалғастығы мен өзара сабақтастығы бағытында ізденістер жасау жолында. Қатарынан оза шапқан оның ғалымдық еңбекқорлығы мен сан қырлы қабілеті кім-кімді де тәнті етері анық. Үнемі ізденіс үстіндегі тереңдігі оның ғылыми-зерттеу, оқулық, оқу-әдістемелік еңбектерінен анық көрінеді. Бұл ретте студенттер жүрегіне білім нәрін ғана емес, адамгершілік ізгі қасиеттер сіңіруі ұстазға деген шәкірт сүйіспеншілігін еселей түсуі де заңды» деп баға береді.

Бала күнінен журналист болуды армандаған кейіпкеріміз қоғамдық өміріміздегі түйіні тарқатылмаған өткір мәселелерді баспасөз бетінде жиі көтеріп, оң шешімін табуына ықпал етіп отырады. Сондай-ақ, оны ұлттық құндылықтар, ұлттық тәрбие, қазақ тілінің бүгінгі ахуалы секілді мәселелер де көбірек толғандырады. «Адамның баласы – бауырың», «Алтау ала болса...», «Мәртебелі тілдің мерейін өсірейік», «Не қымбат: тоқшылық әлде бостандық», «Он бір жыл оқығанда, қалайша қазақ тілінен сабақ береді?» секілді публицистикалық мақалалары осы айтқанымызға дәлел. 2009 жылы Қазақстан Журналистер одағына мүшелікке өткенінде бала арманы орындалғандай күй кешіп, ерекше толқыған. Жастайынан Ақбикештің тарихына қызығып, аңыз әңгімелерге қанып өскен ғалым-ұстаз туған жері жайлы 2006 жылы «Әулиелі Ақсүмбе – періштелі Ақбикеш» атты кітап жазды. Ақсүмбеден ұшқан ақсұңқар, мемлекет және қоғам қайраткері, ұлтшылдығы үшін жазықсыз жапа шеккен Сұлтанбек Қожановтың ерлікке толы өмір жолы жайында ауыл қарияларынан естігендері және тарихи құжаттар мен мәлімет-деректерге сүйеніп жазған кітабы өскелең ұрпақ үшін үлге-өнеге.

 Жоғары оқу орындарында ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиелеу филология ғылымдарының кандидаты, доцент Нариман Нұрпейісовтің өмірінің мәні мен сәніне айналған десек қателеспейміз. Жоғары оқу орнын бітірген соң Абай атындағы Саран педагогикалық училищесінде он жылдай еңбек еткенін жоғарыда атап өткенбіз. 1995 жылы Оңтүстікке оралған ұстаз М.Әуезов атындағы ОҚМУ-де аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, ОҚМПИ-да қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология факультетінің, филология және тарих факультетінің деканы қызметтерін абыроймен атқарды. Бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде кешкі оқыту және дайындық факультетінің деканы болып еңбек етуде. Білім саласында жеткен жетістіктерінің нәтижесінде «Қазақстан Республикасы оқу ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

2018 жылдың 23 маусымы күні сағат 10.00-де Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде әдебиеттанушы ғалым Н.Нұрпейісовтің шығармашылығына орай «Әдеби мұра – рухани жаңғырудың қайнар бұлағы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ