Руханият 0 пікір 0 лайк

Әннің қадірін қашырып алған жоқпыз ба?

Маусым 23 / 2018

 

Бірде пойызбен Мәскеуге сапарлап бара жатқан Мұхтар Әуезов радиодан Ақан серінің әні «Майдақоңырды» тыңдап, көзіне жас алыпты. Бәлкім, туған жері ойына оралып, көңілі босаған болар... Ал, мен бұл әнді тұңғыш рет 1974 жылы Семей өңірінде оқып жүргенімде естідім. Республикалық басылымдардың бірінде жарияланған Н.Жұмабайдың «Ұлы әншінің соңғы жұмбағы» атты мақаласында жазылғандай, 1925 жылы Франция астанасы Парижде өткен дүниежүзілік этнографиялық көрмеде Әміре Қашаубаев «Балқадишаны» шырқағанда оның ғажайып даусына тәнті болмаған жан қалмапты. Негізінде Әміре ән салғанда адамдар алыстан тыңдауға тырысады екен. Өйткені, ән падишасы Әміре атамыз кең диапазонды, зор дауысты адам болған көрінеді. Ал, қасында отырып тыңдағандар құлақтарын қос қолмен жауып алады екен. Өкінішке қарай, Парижден келген соң НКВД қызметкерлері Мұстафа Шоқаймен жолыққаны үшін Әміре әншінің соңына түсіп, өмірін тозаққа айналдырады.

 

Бұл Әміренің тағдыры.

Бір таң қаларлығы, қазақта тағдырсыз әнші жоқ. Тағдырсыз ақын жоқ. Мәселен, Мәди ақын солдаттар өзін ұстауға келе жатқанда олардың алдында келе жатқан өзінің ағасы Қоқабай болысты көреді де мылтығының шүріппесін баса алмай, арманда кетеді.

Қалтырап саптамамды кие алмадым,

Бәрінен бір туысқан қиын екен,

Атуға Қоқабайды қия алмадым, – деп аһ ұратыны сол. Қоқан хандығы басқыншыларына қарсы шыққан «Қыпшақтың жүз қатыны ұл тапса да, бәрібір Иманжүсіп бола алмайды» деген Иманжүсіптің де өмірі қуғын-сүргінде арпалыспен өткен. Әрі батыр, әрі композитор ол да жазатайым кісі қолынан қаза тапқан.

Айтпағым, әрқайсысы сан алуан тағдыр тәшпүшімен дүниеге келген «Балқадиша», «Майдақоңыр», «Жиырма бес», «Теміртас» сияқты әндерді бүгінде теледидардан сирек береді. Бұл әндердің рухани мұра ретінде тәрбиелік маңызына мән беріп жатқандар жоқтың қасы. Мен «Елім-айдан» бастап жоғарыда аталған әндер қазақтың сан қилы тағдырының жүгін арқалап тұр деп айтар едім.

Дәрігер болсам да Иманжанжүсіп пен Мәдидің өмірі мен шығармашылығын зерттеп, әндерін тыңдап өстім. Жас кезімде телеарнаға шақырса да, жиын-тойға барсам да домбырамен Мәдидің «Қарқаралысын» шырқаушы едім. Қазіргі жастар мәтіні ойсыз, мағынасыз, жеңіл әндерге әуес болып алды. Адамға ой салатын халық әндерін кеңірек насихаттайтын бағдарламалар көбейсе, тыңдармандардың қатары жастармен толыға түсер ме еді...

Бақыт ШАМЕНОВ, зейнеткер.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ