Руханият 0 пікір 1620 лайк

Жәмила БЕКМҰРЗАЕВА, актриса: «САХНАДАН КЕТУГЕ ТАЛАЙ РЕТ ОҚТАЛҒАНМЫН...»

Маусым 23 / 2018

 

Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының әртісі Жәмила БЕКМҰРЗАЕВА амплуасының сан қырлылығымен ерекшеленеді. Ол бірде Арқалық батырдың жолын тосқан ұяң да қарапайым Қарагөздің рөлін сомдаса, енді бірде ол мінезге мүлде қарама-қарсы мінез иесі – ойнап жүріп от басқан студент қыз Ританың ішкі жан дүниесін жайып салады. Жәмиланы енді бірде өмірден түйгені мол салиқалы ана образында көресіз. Оның сомдаған қай образы болсын, шынайылығымен есте қалады. Жәмиламен бір сағаттық әңгімеміз өнер мен өмір төңірегінде өрбіді.

 

– Жәмила, былтыр облыста «Жылдың үздік актрисасы» номинациясын иелендіңіз. Әртіс болуды бала күніңізден армандадыңыз ба?

– Шымкент қаласында өмірге келдім. Балалық шағым да осы қалада өтті. Мектепте спектакльдерге жиі апарғандықтан, театр өнері соншалықты таңсық болмады. Бірақ, спектакльдерге барып жүріп, «осы ойнап жүрген әртістердің бірінің орнында мен болуым мүмкін-ау» дегенді ойламаппын. Алайда, әкем марқұм үнемі «осы қызымды кейін теледидардан көріп отырамын» деп айтушы еді. Кәсібі есепші болғанмен, ән-күй, терме десе жанып сала беретін. Аттестат алғанымда әкемнің термеші досы «қызыңның тұлға-бітімі, бет-әлпеті сахнаға келеді. Сен оны өнердің оқуына түсір» деп кеңес беріпті. Оны естіген әкем көп ұзамай мені театрға жетектеп әкелді. «Тілі таза. Өзі де реңді екен. Бағын сынап көрсін» депті режиссер. Cосын анам екеуміз құжаттарымызды құшақтап Алматыға аттандық.

– Ішкі дайындығы жоқ адамның кіл өнерлінің ортасына бір күнде топ ете қалуы қызық болған шығар...

– Әрине, ол кезде әртіс деген қазіргідей көп емес. Кім көрінгенді теледидардан көрсетіп, сахнаға шығара бермейтін. Сондай уақытта «этюд» дегеннің не екенін де білмейтін менің «Жүргеновті» жағалап жүргенім де қызық қой. Шығармашылық емтихан екі айға созылды. Өнердің қайнап жатқан ордасы... Жан-жағымның бәрі кілең «сен тұр, мен атайындар». Расын айтайын, өнерге деген шынайы махаббатым осы ортаға келген соң оянды. Қызығушылық, арман мен мақсат одан әрі қарай алға жетеледі. Білек сыбанып, талапкерлермен жарысып, жағаласып жүріп іріктеудің барлық турынан өттім. Осылайша 2000 жылы өзім күтпеген үлкен өмірге аяқ басып, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында Маман Байсеркенов, Дариға Тұранқұлова, Оразхан Кенебаев сынды танымал тұлғалардан білім алдым.

– Этюдті білмей барған оқушыдан қандай студент шықты?

– Кішкентайынан сахнаға шығып, аз да болса тәжірибеден өтпеген студентке барлығын әліппеден бастауға тура келді. Сондықтан қатарластарым сахнаға шығуға асықса, мен алдымен теорияны меңгеруге тырыстым. Біразға дейін оқуға түскеніме сене алмай жүрдім. Алайда, өнерге ешкім кездейсоқ келмейді екен. Әйтпесе, әртіс боламын деп кім ойлаған...

– Сонда кім боламын деп ойлаушы едіңіз?

– Заңгер боламын дейтінмін. Өйткені, ақ-қараны айырып, жік-жікке бөліп отырған ұнайды.

– Қазір әртіс болу үшін оңай жолды олжа көретін жастар туралы не айтасыз?

– «Өнер жолы – ауыр жол» деп бекер айтылмаған. Мамандықтың оңайы жоқ. Табыс еңбекпен ғана келеді. Басқа жолмен жеткен кез келген жетістіктің ғұмыры келте болады.

– Сізге де облыстық театрға қабылдану оңай болмаған шығар...

– 3-курста оқып жүріп тұрмысқа шықтым. Көп ұзамай тұңғышымыз дүниеге келді. Соған қарамастан 2005 жылы қолыма дипломымды алғаннан кейін бірден театрға келдім. Ол кезде облыстық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі Ерғали Оразымбетов болатын. Ә дегеннен-ақ университетте қалай оқығанымды, сахна тілінен, биден кімдердің дәріс бергенінен бастап театрға қатыстының барлығын егжей-тегжейлі сұрады. «Ал, енді өнеріңді көрсет!» деді соңында. Оқиын десем ешқандай монологты есіме түсіре алмай әбігерге түстім. Қысылып, қуыстанғанымды көрген соң алдындағы газетті ұсынды. Ең алғаш театрға келгенде солай газет оқып бергенмін. Ерғали аға жұмысқа қабылданатынымды айтты. Бірақ, ол кезде ұлым кішкентай болған соң отбасым жұмыс істеуіме қарсы болды. Кейіннен екі жылдай облыстық қуыршақ театрының жанынан ашылған жастар театрында жұмыс істедім.

2008 жылы қайтадан облыстық драма театрға келудің сәті түсті. Бұл жолы театрдың көркемдік жетекшісі Асқар Алтынбеков еді. Аз да болса тәжірибем болған соң, ол кісі мені жылы қабылдады. Драма театрда ең алғаш «Карлсон мен балақай» ертегісіндегі Астридтің рөлін сомдағанмын.

– Соңғы кездері «Асқаровтың аққайыңдарында» бас кейіпкердің жарының рөлін, «Қарагөзде» ананың образын сомдадыңыз. Сізді алып-ұшып тұрған бойжеткендердің образында да жиі көреміз.

Сіздің өз табиғатыңызға қандай мінезді кейіпкер жақын?

– Жағымды рөл де, жағымсыз рөл де әртістің бағын жағуы мүмкін. Сондықтан барлық рөлдеріме бірдей көзқараспен қараймын. Маған әр рөл еңбекпен келіп жатыр. Мәселен, «Әпке» қойылымындағы Кәмила – жағымсыздау кейіпкер. Тіпті, көрермендердің Оны жек көргені соншалық, премьерада маған гүл де бермей қойған. Бірақ, солай екен деп кейіпкерді мен де жек көруім керек пе?! Сіз «Түнгі көбелектердегі» Ританы меңзеп отырған шығарсыз. Ол қойылымда жастар ой түйетін үлкен философия бар.

– Жетістіктеріңізге қарасақ, өнерде жолыңыз болған сияқты. Ал, өмірде қаншалықты жолыңыз болды? Өкінішке қарай, соңғы кезде өнердегі әйелдердің ішінде өмірінен үлгі алатын тұлғалар азайып бара жатқан секілді.

– Әйел өмірінің мәні – отбасы. Өнердегі әйелге отбасы мен өнерді қатар алып жүру оңай соқпайды. Мен өнерден отбасымды, отбасымнан өнерді биік қойған емеспін. Екеуіне бірдей қараймын. Актриса – менің мамандығым. Үйдің табалдырығынан әйел, ана болып аттасам, дәл солай жұмысқа да үйдегі көңіл-күймен келмеймін. Әрине, өмірлік жолдасым өнерден алыс болғандықтан, сахнадан кетуге шешім қабылдаған кездерім де болды. Мамандық ауыстыру үшін қайтадан оқып, екінші диплом да алдым. Бірақ, өзіме де белгісіз тылсым бір күш театрдан мені бәрібір жібермеді.

– Сіз сомдаған рөлдердің ішінде өмірдегі Жәмилаға ұқсайтын образ бар ма?

– Өмірде бөлек адаммын. Сондықтан өзім сомдап жүрген рөлдерден өзіме ұқсастық іздеп көрмеппін. Алайда, «Жеңгетайдағы» оқуды енді ғана бітірген қаланың қызы Лоланың маған аздап келіңкірейтін тұстары бар.

– Ал, көпке дейін рөлге ене алмаған қойылымыңыз болды ма?

– Иманәлі Сапаровтың «Ойран» деген спектаклінде ананың рөлін сомдадым. Ол кезде небәрі 28 жаста болатынмын. «Театрда менен тәжірибесі мол, жасы үлкендер көп қой. Бұл рөлді неге маған берді?» деп режиссерге іштей ренжіген едім. Бұл рөлді сахнаға алып шығу үшін қатты қиналдым. Бірақ, уақыт өте келе сол рөлді өте жақсы көріп кеттім.

– Образдан шыға алмай қалатын кездеріңіз жиі болады ма?

– Ауыр, оқиғасы күрделі драмалардан соң образдан шыға алмай, қай-қайдағы дүниелер еске түсіп, біраз уақыт өз-өзіңе келе алмай жүретін кездер жиі болады.

– Кинодан көп көріне бермейсіз... Шақырмайды ма, әлде «менің орным тек театр» деп есептейсіз бе?!

– Меніңше, киноға түсуді армандамайтын актриса жоқ. Алдағы уақытта ұсыныс түсіп жатса, бас тартпаймын.

– Болашақта театрда қандай рөлді сомдағыңыз келеді?

– Сақ тайпасының патшайымы Томиристің, «Фархад пен Шырындағы» Шырынның әпкесі, шығыс патшайымы Мехмене Банудың рөлін сомдағым келеді. Өзімді классикалық дүниелерде сынап көрсем деймін. Сахна ұдайы шыңдалуды қажет етеді. Сондықтан алдағы уақытта осы рөлдермен шектеліп қалмай, мұнан да жоғары деңгейде өнер көрсетуге ұмтыламын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Мақпал ТӨРЕБЕК, «Оңтүстік Қазақстан».

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ