БРАВО, ХОРВАТИЯ

Маусым 22 / 2018

 

Ресейде өтіп жатқан дүниежүзілік футбол тойының басты фавориттерінің бірі Аргентинаның доп додасымен қоштасатын күндері де жақын қалған сыңайлы. Алғашқы екі турда 1 ғана ұпай алған «альбиселеста» өз тобында шаң қауып қалуы мүмкін. Аргентинаның күтпеген жеңілісі, дүниежүзілік футбол хикаясының өзге де қызықтары жайлы бүгінгі сараптамада айтатын боламыз.

 

«Ресейден алтын кубок алмасақ екі қолымызды төбемізге қойып кеткеніміз кеткен» деген құрамалардың бірі осы Аргентина еді. Олар Хорватия, Нигерия, Исландия құрамаларымен бір топқа тоқайласқанда сенсациялардың көп болатынын бекер айтпаған екенбіз. Көзі қарақты оқырманның есінде болса газетіміздің өткен сандарында осы квартеттен күтпеген нәтижелерді күтуге болатынын баяндағанбыз. Аргентина да бұл турнирге топтағы қарсыластарды «қалпақпен ұрып аламын» деп келмеген-ді. Алайда қарсыластары Месси бастаған оңтүстікамерикалық жігіттер ойлағаннан да бетер азулы болып шықты. Мессидің клубтасы Ракитич досының құрамасын аяған  жоқ. Модрич те сөйтті. Сөйтпегенде?! Артында күллі Хорватия көз тігіп тұр. Олар сенімді ақтады. Азуын айға білеген Аргентинаны 3:0 есебімен тас-талқан етті. Енді латынамерикалық жігіттер соңғы турда Нигерияны ұтып, Исландияның жеңілгенін күту қажет. Әйтпегенде, жүктерін жинап, қайту билетін әзірлей берсе болады. Шахмат жейделілер үздік 16 құраманың қатарына еніп қойды. Енді соңғы турда Исландиямен тең ойнап, топтағы бірінші орынды иемдену ғана қалып тұр. Модричтің командасына топтан бірінші орынмен шығу үшін кедергі көріп тұрған жоқпыз.

Ресейдің плей-оффқа күні бұрын жолдама алып қойғанын айтқанбыз. Олардың ізін ала Уругвай құрамасы да келесі кезең мәселесін шешіп алды. Орыстар тас-талқан еткен арабтарды 1:0 есебімен ұтқан олардың қалтасындағы жолдаманы енді ешкім де тартып ала алмайды. Соңғы турда Ресей мен Уругвай өзара кездесіп, топтағы «атаманды» анықтамақшы.

Жарыстың 5-күні «В» тобындағы жағдай шиелінісе түсті. Португалия көшбасшылары Роналду соққан голдың арқасында Марокконы тізерлетті. Африкадан келген құрама еліне қайта берсе де болады. Ал, Испания «сары құрлықтан» келген Иран құрамасын әзер жеңді. Қауіпті шабуылдардың бірінде Иран қорғаушысы допты сыртқа шығарамын деп байқаусызда Диего Костаның аяғына беріп қойды. Костаның аяғынан серпілген доп қақпа торында тулап жатты. Бір қызығы дәл осы күні өткен үш ойын 1:0 есебімен аяқталған. Одан да қызығын қараңыз. Үш ойындағы үш голды Испания Ла-лигасында доп тебетін Роналду, Коста мен Суарес салған. Енді Иран құрамасы соңғы турда Португалияны жеңбесе, олар да Марокконың соңынан аттанады. Білікті бапкер Кейруш баптайтын құрама турнирдің тағы бір сенсациясын жасап қалар?!. Тоқпағы мықты болса киіз қазық та жерге кірмей ме?! Уақыттан озбайық.

«С» тобында Франция да үздік 16 құраманың қатарына еніп қойды. Бұл турда олар Перуден келген қызуқанды жігіттердің аптығын басты. Жас шабуылшы Мбаппе ойынның 34-минутында есеп ашып, француздарды алға шығарған. Ол үш жолақты елдің сапында ӘЧ-да гол соққан ең жас ойыншы атанды. Франция қақпасын 100-ші рет қорғауға шыққан Льорис білгенінен жаңылмай, ойын соңына дейін қақпасын голдан аман сақтады. Жалпы Дешам бапкер де қу ғой. Франция өзінің толық қырын бұл чемпионатта әлі көрсеткен жоқ. Дидье Дешамның картасын азулы қарсыластарға сақтап отырғаны белгілі жайт. Келе сала екі рет жеңілген Перу келесі кезеңнен үмітін үзді. Ал, деңгейлерінде «аспан мен жер» дейтін дәнеңе жоқ қос құрама Дания мен Австралия 1:1 есебімен тең тарқасты. Бұл ойында да Австралия құрамасына төреші мен VAR жүйесі көмекке келді. Екінші ойын қатарынан пенальти арқылы гол соққан «жасыл құрлықтың» өкілдері Перуді жеңіп, Францияның Данияны ұтқанын күтеді. Сонда ғана австралиялықтар плей-оффқа өтпек.

2014 жылғы мундиальдың топтық турнирінде 10 пенальти белгіленген екен. Турнир соңына дейін ойыншылар 13 рет қана 11 метрлік нүктеге жақындаған. Ал, биылғы чемпионаттың алғашқы екі туры түгесілмей жатып футбол лотореясы 11 рет белгіленіп қойды. Олардың 9-ы голға айналды. Латынамерикалық қос футболшы Месси мен Куэва ғана өз мүмкіндігін мүлт жіберген. Биылғы турнирдің алғашқы 16 ойынында 9 (!!!) пенальти болды. Бұл бұрын соңды болмаған нәтиже. Бұрынғы рекорд 2002 жылғы ӘЧ-ға тиесілі болған. Ол кезде алғашқы 16 ойында 5 рет футбол лотореясы орындалған екен.

Алда алғашқы турда ұпай жоғалтып алған Бразилия құрамасы мен Мексикадан жеңіліп қалған Германияның ойыны бар. Сондай-ақ, әзірге футбол мамандарының сенімін ақтап тұрған Бельгия мен Англия кезекті ойындарын өткізбек. Бұл ойындар туралы газетіміздің алдағы нөмірлерінен оқи аласыздар.

 

 

Ерболат Айнабеков,

«Оңтүстік Қазақстан».

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ