Төлебидің төрінде...

Маусым 22 / 2018

Жәмила МАМЫРӘЛІ,

«Оңтүстік Қазақстан»

 

  Түркістан облысының әкімі Ж.Түймебаев Төлеби ауданында болып, мемлекеттік бағдарламалардың аймақта қалай жүзеге асырылып жатқанымен танысты. Айта кету керек, соңғы кезде Төлебиде атқарылған толымды тірліктер аз емес. Қарқынды бау көлемі артып, 4 миллион текше метр су жинайтын су қоймаларының құрылысы қарқын алған. Қараусыз, иесіз қалған каналдар жөнделіп, шаруашылықтарға қажетті ағын су мәселесі шешілген. Ауылдарда жалпы алғанда 5 ФАП салынып, осыншама балабақша, мектеп пайдалануға берілген. Аудан әкімі Б.Пармановтың айтуынша ауылдарды ауызсумен қамту жоспары 94 пайызға, газдандыру ісі 91 пайызға орындалған. «Газ құбыры тартылмаған 9 елдімекен қалып тұр. Биыл жыл соңына дейін оларға да газ жеткізуге тырысамыз» дейді ол.

Кешегі төбе би Төлебидің жайлауында бүгін үйір-үйір жылқы, қора-қора қой мен сиыр өріп жүр. Былтырмен салыстырғанда мал басының артқанын мәлімдеген аудан әкіміне облыс басшысы «осы қарқындарыңды жоғалтып алмаңдар» деп тапсырма берді.

 

Заңгер мен экономист бау өсіріп жүр

 

Мамандығының шарапатын көрмесе де нәсібін кәсіпкерліктен тауып жүрген жігіттер Төлебиде аз емес екен. Көксәйек ауылдық округіндегі «Keremet agro Group» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің жұмысымен танысу барысында копператив төрағасы Абзал Мейірбекұлынан облыс әкімі «мамандығың не?» деп сұрады. Заңгермін деді. Өңір басшысы, «көрдің бе, заңгерліктен гөрі елге сенің бағбандығыңнан, кәсіпкерлігіңнен пайдаң тиіп отыр. Шаруаңды дөңгелете бер. Қаншама адамға жұмыс тауып беріп отырсың» деп ризашылығын білдірді.

Шаруашылықта 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, орташа алғанда 90 мың теңге жалақы алады екен. Алма теру маусымында жұмысшылары 100 адамға дейін көбейетінін айтады.

Айтса айтқандай-ақ, 40,44 гектар алқапқа қарқынды балма бауын өсіріп отырған кәсіпкер әр гектарынан 50 тонна ала аламыз деп отыр. Польшадан әкеліп отырғызған 100 мың түп алмасы кемі 25 жыл бойына өнім береді.

--Енді сен шаруашылығыңды кеңейт. Алманы өңдейтін цех аш. Тосап, шырын өндіруді қолға ал, - деді облыс әкімі кәсіпкердің алма бауын аралап шығып.

Облыс басшысы аудан әкіміне ауданда әсіресе, жаңғақ алқабын көбейтуді ұсынды. Мұны құптаған аудан басшысы қазіргі таңда 40 гектер жаңғақ алқабы жайқалып тұрғанын, биыл тағы бір гектар жаңғақ егуді қолға алғандарын жеткізді.

Мамандығы экономист Сабыржан Танабаев болса 20 гектар жерге 50 млн теңге жұмсап жүзім, осыншама аумаққа сарымсақ өсіріп отырған кәсіпкер.  «Қаржының жартысын «Даму» бағдарламасы аясында алдым. Құдай қаласа жүзімнің әр гектарынан 35 тонна өнім аламын, тоннасын 700-1000 теңгеден сатсам деп отырмын» деп есеп-қисапқа жүйіріктігін де танытты. Кәсіпкердің жоспарын мақұлдаған облыс әкімі жүзім алқабының іргесінен туристерге арналған орын дайындауды. Алыстан келгендер өз қолдарымен жүзім жұлып көріп тамашалауды, алып-сатарлар ғана емес, туристер де жүзім сатып алатындай жағдай жасауды ұсынды.

-- Ал, сарымсақтың денсаулыққа тигізер пайдасы зор. Адам ағзасына өте қажет дәрумендер көп. Болашақта бұны сатып алушылар қатары көбейеді. Жұмысың жүреді. Осындай тиімді шаруамен айналысу керек. Еуропа елдерінде 10-15 гектар жері бар шаруалар тек дайын өнімді сатып  қоймай, жеміс-жидек пен көкөністі өңдейді. Осы арқылы табыс молырақ түседі. Мәселен, алма, жүзім сақтайтын қоймалар мен оны өңдеп түрлі сусындар шығаратын кәсіпорын салсаңыздар тиімдірек болады, - деді Жансейіт Түймебаев.

 

Тарихты білу - міндет

 

 Өңір басшысы Кеңесарық ауылының іргесіндегі  «Есімхан төбе» (Дәуіттөбе қалашығы) тарихи орнына да ат басын бұрды. Археологиялық ескерткіш Сайрамсу өзенінің оң жағасында орналасқан. Дәуіттөбе қалашығы  отырықшы мәдениеттің  орталығы  болған дейді тарихшылар. Қалашыққа 2006 жылы тарихшы археологтар зерттеу жүргізген. Жалпы бұл қалашық туралы деректер  Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтында сақтаулы екен. Ғалымдардың болжамы бойынша «Есімхан төбе» XIV-XVIII ғғ. салынған.

Облыс әкімі тарихымыздан сыр шертетін, өскелең ұрпаққа өлкеміздің шежіресін баяндайтын мұндай орындарды қорғау керектігін, ашық аспан астындағы мұражай, мектеп оқушылары саяхат жасайтын, тарих сабақтарын осында өткізіп тұратын ету жұмыстарына көңіл бөлуді ұсынды.

 

Жайлауда кино түсіріліп жатыр

 

    Қазақтың тарихынан, билер өмірінен сыр шертетін картинаның түсіріліміне облыс әкімдігі қолдау білдіріп, бюджеттен арнайы қаржы да қарастырылған екен. Сарыайғыр мен Сарыжаз жайлауындағы кино түсірілім алаңына барған облыс әкімінің алдынан жасы сексенге келген ақ жаулықты ана шашу шашып шықты. «Мен Төле бабамыздың тікелей ұрпағымын. Жат жұрттық -қыз да болсам бабамыз туралы кино түсіріліп жатыр дегенді естіп үйде қарап отыра алмадым. Күніге Сарыайғырдан осы тауға жаяу-жалпылап келіп кетіп жүрмін. Таудың арғы жағында қырғыз бауырларымыз отыр. Малымыз араласып, өзіміз де бір-бірімізбен қоян қолтық аралас-құраластамыз. Жердің қашықтығына қарамай түсіру алаңына бір келіп кетпесем көңілім көншімейді. Киноға түсіп жатқандарды сырттай тамашалап отырамын. Осының өзі маған үлкен рух сыйлайды. Тарихты жаңғыртып, ұлттық салт-санамызды жастарға үйретуді тапсырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа көп рахмет! Бабаларымыздың өмірін паш еткізетін осындай киноны түсіруге қолдау көрсеткеніңіз үшін сізге де алғысымды айтамын» деді ол.

  Қоюшы режиссері Батырхан Дәуренбеков, бас продюссері Нұриддин Пәттев өңір басшысына картинаның мазмұнын баяндады. Белгілі жазушы Шойбек Орынбайдың Төлеби туралы романы желісімен түсіріліп жатқан кино 10 сериялы. Режиссерге бас кеңесші болып, белгілі кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетов тағайындалған.

--Мен Батырханды «Қазақ елі» мультфилмін көрген соң іздей бастадым.  Бұл жігіттің өнерінен зор үміт күтемін. Ал, билер тарихы туралы кино түсіретін болып, менен көмек сұрағанда бас тарта алмадым. Сценарийді оқып шықтым. Өте ұнады. Кей тұстарын қайта өңдеп түсурді бастадық. Төлеби туралы роман жазған автор қасымда. Ақылдасып, пікірлесіп отырамыз. Кинода ең алдымен бүгінде ұмыт қалып бара жатқан сөз өнеріне, қазақтың шешен халық екендігіне, бір ауыз сөөбен талай дауды шешуге болатындығын көрсетуге тырысамыз, - дейді Сатыбалды Нарымбетов.

Кинода Төлебидің 8-9 жастар кезінен бастап билік еткен дәуірі толық қамтылады екен. Төлебидің ауыл жігіттерін жауынгерлік өнерге баулығаны, олар үшін арнайы жаттығу, шынығу алаңқайының жасалғаны да көрініс таппақ.

Б.Дәуренбековтың айтуынша киноның соңы Ордабасы тауындағы бар қазақтың басының қосылып, жауға қарсы шапқан соғысымен аяқталады екен.  Кеңесші ретінде Шойбек Орынбайдан өзге белгілі қаламгерлер Мархабат Байғұт, Момбек Әбдіәкімұлы да өз үлестерін қосуда екен.

 

 

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ