VAR-дың бары БАҚ па, СОР ма?

Маусым 21 / 2018

 

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Ресейде өтіп жатқан мундиаль кезінде әлемдік футбол қауымдастығы біршама өзгерістерге бет бұрғаны белгілі. Сол өзгерістердің ең бастысы – төрешілер күдік тудыратын жағдайларда бейнеқайталау жүйесінің көмегіне жүгіне алады.

 

VAR бейнеқайталау жүйесін футбол ойындарында қолдану мамандар мен жанкүйерлердің пікірін екіге қақ жарды. Бір жақ бұл төрешілер жіберетін өрескел қателіктердің алдын алады десе, екінші жақ ойын ырғағын бұзып, футболдың сәнін кетіреді деген пікірді көлденең тартады. Қалай десек те әлем чемпионатының ең көп талқыланған тақырыбына айналған VAR жүйесі біраз командаға қуаныш пен өкініш сыйлап үлгерді.

«Ғ» тобындағы екінші кездесу – Швеция мен Оңтүстік Корея ойынының тағдыры төрешінің араласуымен шешілді. Деңгейлері қарайлас қос команда 1 сағат бойы бір-бірінің осал тұсын таба алмай, қара терге түскен. 65-минутта төреші азиялықтардың қақпасына 11 метрлік айып добын белгіледі. «5 минутсыз зейнеткер» Гранквист оңтүстіккореялық қақпашыны бір жаққа, допты бір жаққа жіберіп, есеп ашты. Осы ӘЧ-дағы қорғанысы ең мығым құрама Швеция ойын соңына дейін осы есепті ұстап қалды.

Бұл ойынның артын ала «G» тобындағы фаворит Бельгия мундиаль дебютанттары Панамамен ойнады. «Қызыл сойқандар» ойын басталғаннан солтүстікамерикалық құраманың қақпасына лап қойған. Алайда, шабуылды түйіндеу жағы кемшін түсіп, есеп аша алмады. Алғашқы 45 минутта гол соға алмай ұнжырғасы түскен «қарт құрлықтың» өкілдері екінші таймға ерекше жігермен кірісті. Нәтижесінде ұрымтал сәттердің бірінде Дрис Мертенс әдемі соққысымен қақпа торын бүлк еткізді. Артынша Кевин де Брюйненің әдемі пасын сәтті пайдаланған алып денелі Лукаку басымен гол соқты. Есепті қысқартуға ұмтылған панамалықтардың шабуылынан нәтиже болмады. Керісінше, қарымта шабуылдардың бірінде үшінші голды өткізіп алды. Эден Азардан пас алған Лукаку өзінің екінші голын соғып, бомбардирлер қатарына қосылды.

Бұл топтағы тағы екі құрама – Тунис пен Англия өзара кездесу өткізді. Салған жерден ағылшындар жылдам есеп ашуға ұмтылды. Ойынның алғашқы минутынан бастап бақтарын тунистік қақпашының маңынан іздеген британдықтар дегендеріне жетіп тынды. Бұрыштамадан орындалған допқа Стоунз бірінші жеткен, алайда, қақпашы қырағылық танытып, допты қағып жіберді. Кейін серпілген допқа бірінші жеткен Кейн бос қақпаға допты бағыттай салды. Ал, ойынның 35-минутында тағы да сол VAR-дың көмегіне жүгінген төреші ағылшындардың қақпасына пенальти белгіледі. Сасси мүлт кеткен жоқ. Есепті теңестірген африкалықтар терең қорғанысқа кетті. Бүкіл ойын бойы шабуылдаған еуропалықтар ақыры өз дегендеріне жетті. Төреші қосқан қосымша 4 минут енді басталғанда Кейн өзінің екінші голын соғып, «үш арыстанға» үш ұпай сыйлады.

Чемпионаттың келесі күнін де VAR-ды еске алып бастадық. Соңғы топтағы Колумбия мен Жапония өзара кездескен. Ойынның небәрі 3-минутында төреші айып алаңында қолымен ойнаған Мореноны алаңнан қуып, пенальти белгіледі. Тәжірибелі Кагава асқан да жоқ, сасқан да жоқ. Гол! 10 ойыншымен қалған Колумбия құрамасы абдырап қалды. Олар өз-өздеріне тек ойынның 35-минутында келе алды. Айып добын әдемі орындаған Кинтеро есепті теңестіріп, латынамерикалық жанкүйерлерге үміт сыйлаған. Алайда, бір ойыншысы артық «азиялық самурайлар» өздерінің басымдығын пайдаланып кетті. 2:1 есебімен жеңіске жеткен Жапония турнирдің тағы бір сенсациясын тіркеді.

Бұл топтағы екінші кездесу де сенсациясыз өткен жоқ. Африкалық «қара маржандар» – Сенегал құрамасы Польша құрамасын 2:1 есебімен тізе бүктірді. Жалпы, «қара құрлықтан» келген құрамалардың ішінде бұл турнирде ұзаққа баратыны да осы Сенегал құрамасы сияқты болып көрінеді...

Алғашқы тур аяқтала сала Ресей мен Египет екінші тур ойындарын бастап кетті. Турнир қожайындарына да, «перғауындар» елінен келген футболшыларға да жеңіс ауадай қажет еді. Екі иығын жұлып жеген жанкүйерлер «Санкт-Петербург» стадионына тек жеңіс үшін жиналғаны да белгілі-тін. Бұл ойынға египеттіктер көптен күткен Мухаммед Салахтың шыққанын айта кеткен жөн. Алғашқы минуттардан алаңға шыққан шабуылшы Дзюба ресейлік біраз жанкүйердің самайына ақ кіргізді. Бірінші таймда есеп ашылған жоқ. Үзілісте Черчесовтің не айтқаны белгісіз, екінші тайм бастала сала орыстар Египет қақпасының торын 3 рет бүлк еткізді. Алдымен қорғаушы Фатхи өз қақпасына гол соғып алса, кейіннен Черышев өзінің осы турнирдегі үшінші голын соқты. Одан кейін кезекті Дзюба алып, есепті 3:0-ге жеткізді. Тек ойын аяқталар тұста Салах есеп айырмасын қысқарта алды. Екі ойында сегіз гол соққан Ресей құрамасы мундиальдың плей-офф кезеңіне күні бұрын жолдама алып қойды. Бұл тәуелсіз Ресей Федерациясы футболының тарихының жарқын беті болып саналады.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ