Рухани жаңғыру 0 пікір 1606 лайк

Қазық жұрттағы қазына

Маусым 21 / 2018

 

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Оңтүстік Қазақстан».

Облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен Қазығұрт ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Туған жерім – тарихым» атты облыстық семинар өтті. Оған аудан, қалалардың ардагерлер кеңесінің төрағалары мен әжелер алқасының төрайымдары, зиялы қауым өкілдері, кәсіпкерлер қатысты. Жиынды ұйымдастырушылар іс-шараның Қазығұрт ауданында бастау алуының өзіндік мән-мағынасы бар екеніне айрықша тоқталды.

 

Семинарға келген ақ сақалды қариялар мен ақ жаулықты әжелер «Кемеқалған» монументінде тоқайласты. Осында туризм кластерін дамыту бойынша атқарылатын жұмыстардың бағдарламасы көрнекті етіліп ілінген екен. Көпшілік Ақбура бұлағынан Кемеқалған шыңына дейін жалғанатын қанатты жолдың ертерек бітуін қолдады. Сонымен қатар таудың ұшар басына, кеме сүріп өтіп барып тоқтаған жерге орнатылар ескерткіштің сызбасына қызығушылық танытты. Бүгінде облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың өзі қолдап отырған бұл жоба таяу арада жүзеге аспақ. «Бұл бір игілікті іс екен» деп қариялар қуанып қалды.

Мұнан соң жиналғандар «Бабалар рухына тағзым» кешенінде бас қосты. Жиналған жәмиғатты Қазығұрт ауданының әкімі Төлеген Телғараев қарсы алып, аймақта атқарылып жатқан игі істермен қысқаша таныстырып өтті.

Келесі кезекте Салқам Жәңгір мен Жалаңтөс батырдың ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, «Жастар» саябағын аралап көрді. Шарапхана елді мекеніндегі «Қазығұрт нұры» ЖШС-нің жылыжайымен танысты.

Көпшілікке «Жаңабазардағы қымызхана» деген атаумен белгілі қымызхананың тарихы өткен ғасырдың елуінші жылдарынан басталады. Соғыстан соңғы күйзелген елдің жағдайын түзеу бағытындағы әңгімеге дейін осы қымызханада ортаға салынып, көмек қажет ететіндерге көмек ұйымдастырылып отырған. Тентекті тезге салып, жақсыға жалау болған ел қарияларының үлкендік дәстүрінің жетпіс жылға тарта үзілмей жалғасып келуі кім-кімді де таңқалдырмай қоймайды.

Елдің елдік дәстүрін сақтаған қасиетті шаңырақта толғана сөйлеген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов «Егер сіздер мақұл десеңіздер біз осы тарихи орында тұрып, ел ішінде көлеңкедей кезіп жүрген кейбір келеңсіз жәйттермен көп болып күресуге пәтуалассақ. Олар: бірінші – рушылдық, екінші – іштарлық, үшінші – күншілдік, төртінші – жалқаулық. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Жаңғыру дегеніміз кейбір кертартпа дағдылар мен әдеттерден арылу деген болатын». Ұрпаққа өнеге айтар үлкен ретінде құрамында 240 мыңнан аса зейнеткер бар қоғамдық құрылым елдің өсіп, өркендеуі жолында осындай бір пәтуаға келіп, ұрпағымызды мәңгілік елдің патриоты болып өсуіне баулуымыз керек» деді.

 Жиналған көпшілік төраға ұсынысын бірауыздан мақұлдады. Аталы сөз соңы батамен түйінделді.

Облыс бойынша жиналған аталар мен әжелердің батасын алу үшін бүгін мұнда «100 жаңа есім» жобасына енген, облыстық мәслихаттың депутаты, «Ғайып ата» ЖШС-нің басшысы Сырым Ертаев аталар мен әжелерге сапырылған сары қымызды өзі құйып, ілтипат көрсетті. Бес мыңға жуық ірі қара бордақылап, еліміздің ет өндірісіне үлкен үлес қосып келе жатқан жас кәсіпкердің еңбегіне қариялар дән риза болысты.

Жеке кәсіпкер Шаяхметовтің ауыл жастарына салып берген спорт кешеніне 50 миллион теңге жұмсалған. Қазығұрт елді мекеніндегі бұл спорт кешені жастардың жиі келетін орнына айналған.

Аудандық мәдениет сарайында өткен «Туған жерім – тарихым» атты семинарды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов ашып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтіп отырған бұл басқосудың маңыздылығына тоқталды.

 Аудандық мәслихаттың хатшысы Өрісбай Көпеев, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің оқытушысы, тарих ғылымының кандидаты, доцент Қайрат Анарбаев, Қазығұрт аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманбай Омаров, еңбек ардагері, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Исмат Тұрсынқұлов, тағы басқалар сөз алып, ел бірлігі жөнінде тұшымды пікірлерін ортаға салды. Олар осындай алқалы жиынды әр ауданда өткізіп тұру жөнінде уағдаласты.

Семинар соңында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы бір топ азаматқа «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Орталық кеңесі тағайындаған «Құрмет белгісі» төсбелгісін, дипломын, Құрмет грамотасын, сонымен бірге облыстық ардагерлер кеңесінің Алғыс хаттарын табыс етті.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ