Экономика 0 пікір 1601 лайк

Іріленбей, іс ілгері баспайды

Маусым 21 / 2018

 

«Оңтүстік Қазақстан» газеті редакциясының «Оңтүстік» ақпарат орталығында шаруалардың кооперацияға бірігу мәселесі тақырыбында «дөңгелек үстел» мәжілісі өтті. Оған «Қазақстан фермерлер одағы» РҚБ облыстық филиалының төрағасы Жүсіп ШӘРІПҰЛЫ, аталмыш бірлестіктің Түркістан қаласы бойынша төрағасының орынбасары Оразгелді ЕГІЗБАЕВ, Қазығұрт ауданы бойынша төрағасы Мұса КӨМЕКБАЕВ және облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ауыл шаруашылығы кооперативтерін нәтижелі жұмыспен қамтуды үйлестіру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Олжа ҚҰРБАНОВ пен осы басқармадағы егін шаруашылығын дамыту және механикаландыру бөлімінің бас маманы Әлібек ПЛАЛОВ қатысты.

 

Тілші: – Ауыл шаруашылығы – өңір экономикасының негізгі тірегі. Елбасы өзінің әрбір Жолдауында агросекторға ерекше көңіл бөліп, осы салада еңбек өнімділігін арттыру жөнінде нақты міндеттер жүктейді. Облыс әкімі де өңірді туризм, ауыл шаруашылығы, өндіріс бағыттарында дамыту керектігін айтқан болатын. Ендеше, агросектор мәселесінің бүгінгі жай-күйін мамандардың өз аузынан естіп-білсек.

Жүсіп ШӘРІПҰЛЫ: – Өткен жылы да кооперация тақырыбында «дөңгелек үстел» мәжілісін өткізген болатынбыз. Жуырда осы «Оңтүстік Қазақстан» газетінде «Шаруалардың бірігуіне не кедергі?» атты мақалам жарық көрді. Онда шаруалардың бірігуіне қатысты біраз мәселе айтылды. Тәуелсіздік алғанымызға 27 жыл болды. Бірақ, осы жылдар ішінде ауыл шаруашылығы керемет дамып кетті дей алмаймыз. Биыл фермерлер одағы жанар-жағармай мәселесін көтерді. Себебі, онсыз агросекторды өркендету мүмкін емес. «Қазақстан фермерлер одағы» РҚБ президенті Әуезхан Даринов ақпан айында Үкіметпен болған селекторлық отырыста осы мәселені көтерді. Жиынға қатысқан фермерлер сонда жанар-жағармай бағасы қымбат деп наразылық білдірді. Тиісті басқарма тарапынан ҚР Энергетика министрлігіне хат жолданып, дизель отыны құны 133 теңгеден 130 теңгеге төмендеді делінген болатын. Алайда, одан нәтиже шықпады. Содан ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаев пен Мәжіліс депутаты Берік Оспановқа хат жібердік. Хатта облыс шаруалары жанар-жағармай бағасының өскеніне наразы екенін айттық. Мәселен, былтыр ғана 112 теңге тұратын дизель отыны биыл 130 теңгенің үстіне бір-ақ шықты. Бұлай қымбаттай берсе, шаруалардың жағдайы қиындап, ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігі төмендей береді. Өзбекстанда газ, электр энергиясы біздің облыспен салыстырғанда 3 есе төмен. Мәселен, мың текше метр газ бізде 34 теңге шамасында болса, Өзбекстанда ол 11 теңге тұрады. 1 киловатт электр энергиясының құны бізде 24 теңге болса, көрші елде – 8 теңге. Жылыжайдан республика бойынша бірінші орында тұрған облыстың ауыл шаруашылығына қымбат тарифтер сөзсіз кері әсерін тигізеді. Ең алдымен бәсекеге қабілеттілік төмендеп, өнімдерді өткізу қиындайды. Арада біраз уақыт өткен соң депутаттардан және ҚР Ауыл шаруашылығы мен Энергетика министрліктерінен хатымызға жауап келді. Онда, өкінішке қарай, нарық заңдылығына сәйкес бағаны қолдан реттеуге болмайтындығы айтылған. Бұдан бөлек Әуезхан Даринов «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевқа да хат жолдап, тікелей қабылдауында болды. Жаңа айтқанымдай, біздің облыс жылыжай көлемі жөнінен республикада алдыңғы орынға шықты. Бірақ, коммуналдық төлемдер әлі қымбат күйінше қалып отыр. Өзбекстанда тарифтер үш есе арзан болғандықтан, өнімдері нарықты төмен бағасымен-ақ жаулап алып жатыр.

Содан соң су мәселесі жылда көтеріледі. Бірақ, толық шешімін табар емес. Таяуда 2017-2021 жылдарға арналған агро-өнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы қабылданған болатын. Онда ауыл шаруашылығын 8 бағыт бойынша дамыту қарастырылған. Үкіметтің селекторлық жиынында «бағдарламалар қабылданады, бірақ, аяқсыз қалады» деген едім. Сол айтпақшы, бұл бағдарлама да өз нәтижесін бере алмай отыр. Ең бастысы, шаруалар іріленбесе, ешқандай даму болмайды. Сапалы өнім ала алмаймыз. Фермерлер жанар-жағармайға, субсидияға, тағы басқа жеңілдіктерге қол жеткізе алмайды. Кооперативтерге байланысты бағдарлама жасалып жатқанға ұқсайды. Бұрын Ауыл шаруашылығы министрлігінде ауылдық кооперациялар құрылымы болатын. Ол күні кешеге дейін жұмыс істеп келді. Облыста 600-дің үстінде кооператив құрылғанымен, соның 158-і ғана шын кооператив деген атқа лайық. Түркістанда 83 кооперативтің екеуінің ғана құрал-жабдықтар сатып алуға мүмкіндігі болды. Білуімше, жаңағы құрылымның орнына Ауыл шаруашылығы министрлігінде енді өңірлерді дамыту департаменті кооперативтердің жұмысымен айналысады екен. Ұзақ мерзімге арналған ауыл шаруашылығының ет өндірісі бағыты бойынша концепциясы қабылданды. Бұл концепцияда 2027 жылға дейін мал шаруашылығын дамыту жайы қозғалады. Яғни экспорт 2,4 млрд. теңгеге ұлғайып, 20-100 мың аралығында фермерлік шаруашылықтар құрылатын көрінеді. Мұның алдында жыл сайын 60 мың тонна ет экспорттайтын болғанбыз. Ол жүзеге асқан жоқ. Бірақ, концепцияда бәрі сондай керемет жазылған. Бізде бағдарламалар өте шебер жасалғанымен, іс жүзіне келгенде орындалмай қалатыны бар. Етті бағыттағы мал шаруашылығын дамыту үшін алдымен мықты жем-шөп базасы керек қой. Мамандар, тиісті техника сай болмай, оған қол жеткізу мүмкін емес. Министрліктен неліктен ет экспортының көлемін 60 мың тоннаға жеткізе алмадық деген сауалымызға «математикалық есеп дұрыс болмай шықты, елімізде малдың саны біз есептегеннен аз екен» деген жауап алғанбыз. Ұсақ шаруашылықтардың көбі біздің өңірде көп шоғырланған. 0,5-50 гектарға дейін жері бар шаруалардың 77 пайызы біздің облыста тұрады. Ұсақ шаруаларды ірілендіріп, жекеменшік егіс алқаптарын тұтас күйінде игермей, агросектор дамымайды.

Олжа ҚҰРБАНОВ: – Өткен жылы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі етті-сүтті бағыттағы кооперативтер, жеміс-көкөніс жинау пункттерін құру бойынша көрсеткіштер белгілеп, тапсырмалар берген. Бүгінгі таңда облыста 655 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі бар. Соның ішінде бағана айтылып өтілгендей, 158 кооператив Ауыл шаруашылығы министрлігінің талабына толық сәйкес келеді. Яғни құрамында 20 мүшесі бар, тиісті құрал-жабдықтары сақадай сай кооперативтер. Осылардың арасында 46 кооператив сүт бағытында құрылған. Облыста 935 мың тонна сүт өндірілсе, соның 26 мың тоннасы осы кооперативтерден жиналады. Сондай-ақ, 7 мың тонна ет, 9 мың тонна жеміс-жидек өндіріп, сақтайтын кооперативтер бар. Шымкент механикалық зауыты жасап шығарған 15 модульді сүт қабылдау бекеті облыс әкімінің қатысуымен кооперативтерге тапсырылған болатын. Сонымен бірге «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында шаруаларға қаржылай көмек берілді. Былтыр облыстың ауыл шаруашылығы саласына 3,2 млрд. теңге қаржы бөлінді. Қомақты қаражат шаруаларға жеткенінше үлестіріліп, толығымен игерілді. Биыл да осынша көлемде қаржы бөлініп отыр. Жуырда басқарма басшысы Ауыл шаруашылығы министрінің алдында асыл тұқымды мал шаруашылығы бойынша жобаларды қорғап келді. Енді соған қарай 2022 жылға дейін тиісті қаражат бөлінеді. Министрлікте өңірлерді дамыту департаменті таратылды. Бірақ, басқармаларда бөлімдері әлі жұмыс істеп жатыр. Кооперативтерді 3 бағыт бойынша дамытуды жоспарлап отырмыз. Бұл бастамамызға министрлік те қолдау білдіруде. Жетекші компаниялардың жанынан кооперативтер құрылады. Мәселен, мал бордақылап, ет өндірумен айналысатын «Қайып ата» серіктестігінің жанынан ашылған кооперативтер арқылы шаруаларда малдың саны көбейеді. Жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша ауылда жұмыссыз жүрген жандар үйін кепілдікке қойып несие алып, оған 5-6 сауын сиыр алса болады. Сөйтіп, әр көшеден модульді сүт қабылдау пунктін ашып береміз. Оның өзі банкке қоятын кепілдікке жарайды. Кооператив өтініш білдірсе, кеткен шығынның 2,5 миллион теңгесі инвестициялық субсидия ретінде өздеріне кері қайтарылады. Кооперация шеңберінде агроаймақтар құруға көп көңіл бөлініп жатыр. Мысалы, 3 гектар жерге орналасқан Төлеби ауданындағы «Ленгір құс» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін айтсақ болады. Бұл агроаймақта кооперативке мүше 20 кәсіпкер құс фермасын салып, кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Оларға «Шымкент құс» компаниясы жетекшілік жасайды. Балапандармен қамтамасыз етіп, сойылған етті солардан сатып алады. «Сәтті жол» кооперативі де Ордабасы ауданынан мал бордақылайтын агроаймақ ашқалы отыр. Сол секілді «Бәйтерек Агро» кооперативі Сайрам ауданында сүт өндіру бағытында агроаймақ құрып жатыр.

Тілші: – Жоғарыда кооперативтерге біріктіру қиын болып жатқанын айттыңыздар. Оның себептері неде? Біреулер құжат дұрыс емес дейді, енді бір фермерлер қаржы ала алмаймыз деп жатады...

Оразгелді ЕГІЗБАЕВ: – Оның жауабын мен айтайын. 2000 жылдардан бері ұсақ шаруашылықтарды біріктіру бойынша жұмыс істеп келемін. Ауданда ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы, аудан әкімінің осы сала бойынша орынбасары қызметтерін атқардым. Негізінен бұрын кооперативке біріктіру туралы заң болған жоқ. Бұл мәселе тұтыну кооперативі туралы заңда қарастырылып еді. Ал, енді соңғы қабылданған нормалар шаруаларға өте тиімді болды деп ойлаймын. Мәселен, бұрынғы ереже бойынша біріктірілген жерге бір мемлекеттік акті алынатын. Қолындағы құжатын біреуге біреу бергісі келмеген соң бұрынғы заңды ешкім қолдай қоймады. Енді жаңа ереже бойынша жұмыс істеп, нәтиже шығару – ауыл шаруашылығы басқармасы мен бөлім мамандарының тікелей міндеті. Кезінде тарап кеткен кооперативтерді қайта біріктіру оңай емес. Жаңа нормаға сәйкес әрбір шаруа өзінің мемлекеттік актісімен кооперативке біріге алады. Кооперативтер 3 түрлі бағытта жұмыс істесе тиімді. Оның бірі – егін шаруашылығы. Мұнда негізінен техника проблема. Өйткені, бізде техника көп шығарылмайды. Қытайда екі мәрте болып қайттым. Ол жақта ұсақ шаруашылықтар көп. Егістікті өздерінің майда-шүйде техникасымен-ақ өңдейді. Ондай техниканың бағасы да арзан. 1 гектар жері барлар осындай техниканың көмегімен жылына екі рет өнім алып жатады. Бізде де шағын тракторлармен жұмыс істегісі келетіндер көп. Базасы мықты шаруашылықтардың айналасына топтасу қажет. Әрбір ауданда бір-біреуден болса, соның өзі жеткілікті. Түркістанда әзірге ол жоқ. Бірақ, «Мамлакат» деген кооперативтің базасында бастағалы отырмыз. Мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер бұл кооперативке де керек. Шаруалар жерінің әр гектарын 10 мың теңгеден айдатса, кооператив мүшелеріне 7-8 мың теңгеге түсіріп берген жөн. Себебі, техника 50 пайыз жеңілдікпен алынған соң оның қызметін кооператив мүшелері 20-30 пайызға арзан пайдалануы тиіс. Ауыл шаруашылығы басқармасынан осы мәселені назарға алуды өтінген болар едік. Керек десеңіздер, үлкен кооперативтер әрбір ауыл округінде ашылуы керек. Онда мал бордақылау, мал сою орындары, қайта өңдеу цехы — бәрі болуы тиіс. Енді сүт өндірісіне келсек, облыста сүт зауыттары көп емес. Біз білетін «Фудмастер» бар. Бірақ, оны шикізатпен толық қамтамасыз ете алмай отырмыз. Модульді сүт қабылдау пункті 5 миллион теңге тұрады. Түркістанда 12 ауыл округі бар. Әрқайсысына бір-біреуден алып берсек, 60 миллион теңге кетеді. Мұндай қаражат облыс үшін не тұрады?! Есесіне, шикізат мәселесі тез шешімін табар еді. Өңірдегі барлық ауданға осы тәсіл қолданылса, зауыттар сүттен тапшылық көрмейді. Ет өндірісін де осылай жүйелеуге болады. Жалпы, жеңілдіктерді бірінші ұсақ шаруалар алулары қажет. Сондықтан алдымен солармен жұмыс істеу керек. Ал, ірі шаруашылықтардың қаржыны көптеген көздер арқылы табуға мүмкіндіктері бар. Керек болса, 14 пайызбен де несие алуға шамалары келеді. Ал, ұсақ шаруашылықтардың оған жағдайы жоқ. Әу баста жерді бөліске салмауымыз керек еді. Шаруалар жерсіз қалып кетпесін, иелік етсін деген мақсатпен үлестірілді ме, ендеше, соған лайықты жұмыс істелінуі тиіс. Бұл туралы заңда да нақты айтылған.

Фермерлік қожалықтар негізінен сала-сала бойынша бірігуде. Мәселен, сүт, ет өндірумен айналысатын бөлек-бөлек шаруашылықтар бар. Егін егетін, сүт өндіретін шаруаларды қанша жерден ынталы болса да бір кооперативке біріктіре алмайсыз. Ал, қаржыландыру мәселесін таңды таңға ұрып айтуға болады. Мәселен, бізде сүт бағытындағы 83 кооперативтің екеуі ғана қаржы алды. Ақшаның басым бөлігі ірі шаруаларға бұйырды. Сондықтан бар мәселе қаржыға келіп тіреледі. Кооперативке бірігу үшін құрамындағы мүшелері жиырмадан кем болмауы керек, олардың барлығы да әділет басқармасында тіркелуі қажет деген талап қойылады. Ал, кооператив туралы заңда ондай ереже жоқ. Мүшелікке үш адам қабылданса да жетіп жатыр. Кооператив жұмысының үйлеспеуінің бірден-бір себебі де осы. Біріншіден, қаржының жоқтығы қолбайлау болса, екіншіден, жаңағыдай талаптар кесірін тигізуде. Кооператив төрағасы банктен несие алайын десе, 20 мүшесінің құжаттары мен келісімдері талап етіледі. Қайда барса да алдынан осы проблема шығады да тұрады. Қиындықтың бәрі осыған байланысты болып тұр.

Мұса КӨМЕКБАЕВ: – Мен де алдымда сөйлеген әріптестерімнің пікірлерімен толық келісемін. Айтылған проблемалар бүгінгі таңда өте өзекті де маңызды. Қазығұрт ауданында Газалкент каналынан келетін су 4-5 ауылды бойлай өтеді. Бұл жердегі гидранттар тозған. Оларды жөндеуге су шаруашылығымен айналысатын мекеменің шамасы келмейді. Осыған байланысты жоғары жақтан көмек күтеміз. Гидранттар істен шыққан соң суармалы алқаптарды қамыс басып жатыр. Егер жоңышка егілгенде жер бұлай тозбас еді. Тағы айтайын дегенім, мал ұстайтындарға берілетін несиенің демалысы (каникулы) өте аз. Біреулер малды 9 айда бордақылауға болады дейді. Әрине, ауызбен оңай. Алайда, нағыз пайдасын көру үшін төл кезінен бағып, бордақылап, етке сою керек. Егер базардан әкеліп сата берсе не пайдасы қалады? Шаруалар мұны жақсы түсінеді. Мейлі, малды етке бола асырайтындар бір пайдасын көрер. Бірақ, сүт өндіретіндерге ешқандай табыс қалмайды ғой. Мал шаруашылығында алған несиені бір айналдырып болған соң негізгі қарызды екінші айналымнан бастап құтыла бастаған дұрыс. Сонда шаруалар аяққа тұрады. Сол үшін оларға несиенің каникулын көбейту керек. Кемінде 1,5-2 жыл болса жарайды. Мәселен, 5 миллион теңгені 5 жылға алса, 2 жылдың ішінде құтылып үлгереді. Осылайша шаруалардың жағдайы жақсарған болар еді.

Ұсақ шаруалар неге бірікпейді? Өйткені, көпшілігі қорқады. Біріксек, жерімізден айырылып қаламыз деп қауіптенеді. «Бөлінгенді бөрі жейді» демекші, біздің шаруашылық бастапқыда бір ұжым болды. Қиын кезеңдердің өзінде 700 қара мал, 2,5 мың қой бақты, қаншама техникаға иелік етті. Бидайдан гектарына 35-40 центнерден өнім алатынбыз. Тұқымын өткізетін жер таба алмаушы едік. Сөйтіп, бидайға айналдырып сатқан кездеріміз де болды. Қазір қайда сол шаруашылық? Ұқыпсыз басқарудың салдарынан шаруашылық мүлкі талан-таражға түсті. Германиядан әкелінген асыл тұқымды сиырлардан біреуі де қалмады. Қоралар әбден тозып, қирап жатыр. Шаруалар біріксе, осы жағдай тағы да қайталана ма деп үрейленіп отыр. Шаруашылықтың ыдырағанын көздерімен көрген соң қайтадан қалай біріксін?! Осы мәселе бойынша талай хат жаздық. Бірақ, істің оңалып жатқанын халық көріп отырған жоқ. Дегенмен, шаруалар бірігуден кетәрі емес. Тек, бұрынғы кемшіліктер батыл әрекетке барғызбай отыр.

Тағы айтқым келгені, бүгінде пайдакүнемдер Келес өзенінің бойындағы құм-шағалды қазып құрылысқа әкетуде. Соның салдарынан суармалы жерлерді су шайып кетіп жатыр. Өзен бойындағы жарлардың биіктігі қазір 16 метрге жетті. Суармалы жерлерден гектарлап айрылып қалып жатырмыз. Ауыл адамдары бұған қарсы тұрамыз деп өздерінше әрекеттеніп-ақ жүр. Бірақ, одан еш нәтиже шығар емес.

Тілші: – Кооператив туралы заңда, сіздердің пікірлеріңізше, өзгертуді талап ететін немесе солқылдақ тұстары бар ма?

Оразгелді ЕГІЗБАЕВ: – Бұл заң көп талқыланып, әбден екшеліп, кәсіби сарапшылардың саралауымен қабылданған. Солқылдақ тұстары жоқ. Әсіресе, Қуаныш Айтаханов сынды қайраткерлер бұған көп еңбек сіңірді. Тіпті, заңда жайылымдарды біріктіру мәселесі де қарастырылған. Бірақ, орындауға келгенде сылбырмыз. Әсіресе, мәселені, мүшелер санын жиырмаға жеткізу қиындатып отыр. Содан соң қаржы мәселесі қинауда. Биыл Ауыл щаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы «Ырыс» микроқаржы ұйымы 1,5 миллиард теңге алған. Соның 1,1 миллиарды Мақтаарал мен Сарыағаш аудандарына бөлінсе, қалғаны 12 ауданға үлестірілген. Негізінде қаржыны теңдей бөлген дұрыс еді. Шаруалардың шулайтыны осыдан. Менің ойымша, несиені таратқанда барлық аудан өз үлесін молынан алуы керек.

Тілші: – Қазіргі таңда шаруаларға минералды тыңайтқыштың берілуі қалай болып жатыр? Оған қол жеткізу оңтайландырылды ма?

Әлібек Плалов: – Қазір барлығы Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылғандай цифрландырылып жатыр. Жұмыстың бәрі электронды түрде жүргізілуде. Шаруалар минералды тыңайтқыш алу үшін тапсырысты үйде отырып береді. Заңға сәйкес тиісті басқарма 24 сағат ішінде тапсырысқа жауап беруі керек. Одан кейін басқарма оны минералды тыңайтқыш беретін ұйымдарға жолдайды. Олар 20 күн ішінде тыңайтқышты басқармаға жеткізеді. Егер жеделдетілген жағдай болса, одан да қысқа мерзімде жеткізеді. Төлем осы процестердің барлығы орындалып болған соң жасалынады.

Электронды жүйеге көшу жұмысты жылдамдатуға көмектеседі. Бұл, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға да септігін тигізеді. Себебі, қолма-қол ақшамен ешкім жұмыс істемейді. Барлығы ғаламтор, электронды жүйе арқылы жүзеге асады. Осы жүйенің арқасында шаруалардың да, тиісті басқарма қызметкерлерінің де жұмысы жеңілдеді деуге толық негіз бар. Шаруалар бұрынғыдай қағаз арқалап жүрмейді. Бұрын олар аудан, облыс орталығына сандалып, уақыт жоғалтқан болса, қазір қысқа мерзімнің ішінде барлық жұмысты оңай тындыруда.

Жыл басынан бері минералды тыңайтқыш алуға 8 мыңнан астам шаруадан тапсырыс келіп түсті. Біз олардың мыңнан астамын тиісті орындарға жіберіп, төлемін төлетіп, тыңайтқыштарды жөнелтуге дайын отырмыз. 4 мыңнан астам жер пайдаланушы жақын күндері минералды тыңайтқыштарға қол жеткізеді.

Жүсіп ШӘРІПҰЛЫ: – Осы тұста алдымыздан бір қиындықтар шығуда. Электронды жүйеде кооператив атынан тапсырыс беру үшін сол кооперативтің әрбір мүшесінің жеке электрондық кілті керек. Бір кооперативке 20 адам мүше болса, әрқайсысының кілті енгізілуі қажет. Сондықтан бұл мәселенің шешімі ретінде кооперативтің ортақ құжатында әрбір жер иеленушінің мемлекеттік актісі көрсетілсе деген ойымыз бар. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әділет департаментіне осындай ұсыныспен шығу керек. Кооперативке біріктіру мәселесінде Қытай мемлекеті әлемде алдыңғы орында. Солардың жүйесін үлгі есебінде неге өзімізге ендірмеске?!

Шаруалар кәсібін дөңгелетіп кету үшін, біріншіден, қаржы мәселелерін шешіп беру қажет. Ұйымдастыру ісі де күн тәртібінде тұрған мәселенің бірі. Кооперативке бірігуге жаңағы екі мәселе ең басты кедергі болуда. Кооператив туралы заңда ешқандай мін жоқ. Мұны кез келген шаруа растайды. Тек сол заңды шынайы түрде жүзеге асыру үшін атқарушы органдар белсенді жұмыс атқарулары қажет.

Оразгелді ЕГІЗБАЕВ: – Осы жиынды пайдалана отырып бірқатар түйткілді мәселелерді айтқанды жөн көріп отырмын. Түркістан қаласына қарасты 55 мың гектар суармалы жер бар екен. Соның қазіргі таңда шаруалар 48 мың гектарының игілігін көріп отыр. Бірақ, соған су тарту мәселелесі өте өзекті болып тұр. Себебі, қазіргі таңда сумен қамтамасыз ету 45-70 пайыздың төңірегінде. Жауын-шашынды кезеңнің өзінде 70 пайызды жобалаймыз. 100 пайыз сумен қамтамасыз ету мүмкін емес. Түркістандық шаруалар мақта егумен де айналысады. Түркістан – дүниежүзі бойынша мақта егетін ең солтүстік аудан екен. Су тапшылығына қарамастан шаруалар мақтасын теріп алып жатыр. Су дұрыс бармаған егін жарамсыз болатыны түсінікті ғой. Қаншама мақта өнімі мал азығына ғана жарайтын күйге түсті.

Биыл да сол жағдай қайталана ма деген қауіп бар. Себебі, Бөген су қоймасында су мөлшері аз. Жауын-шашынның түсу мөлшері де кеміп кетті. Түркістандағы егін шаруашылығын сумен қамтамасыз ету үшін бір ғана жобаны мақұлдата алмай жүргенімізге біраз жыл болған. Ол жоба негізінде Сырдария өзенінен Арыс-Түркістан каналына су құйылу керек. Биыл облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың тікелей көмегінің арқасында жоба мақұлданды. Түркістандық шаруалардың осы жоба тезірек іске асып, жерлері сумен қамтылса деген арманы бар. Ауыл шаруашылығы басқармасы жыл сайын өнім көлемін арттыруды талап етеді. Алайда, шаруалардың жағдайы қалай болып жатқаны ешкімді де толғандырмайды. Түркістанға барып, су, егіс мәселесі қалай болып жатыр екен деп ойланып жүрген бірде-бір адамды көрмедім. Жобаны өңір басшысы қолдаған кезде қуандық. Енді соның орындалу барысы алаңдатып отыр. Шаруалар қашан су тапшылығын көрмей, алаңсыз егін егеміз деп уайымдап отыр. Сондықтан да осы мәселені ертерек шешуді қолға алу қажет.

Экономика бөлімі.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ