МЕДАЛЬДІҢ... ҮШІНШІ ЖАҒЫ

Маусым 21 / 2018

 

немесе екінші жаһандық соғыс хақында

 

Алмас АҚЫЛБЕК, «Оңтүстік Қазақстан».

...Миллиондаған өмірді жалмаған, адамзатқа өлшеусіз қайғы-қасірет әкелген екінші жаһандық соғыстың аяқталғанына биыл 73 жыл толып отыр. Әйтсе де, соғыс салған жара әлі жазылар емес. Күні бүгінге дейін әкелерін, ағаларын, туған-туыстарын іздеп, сұрау салып жүрген жан­­дар әлемнің әр бұрышынан табылады. Осыған қарағанда осы соғысқа қа­­тысты ашылмаған «ақтаңдақтар» көп секілді. Біз бүгін шағын ма­қа­ламызда сондай бір «ақтаңдақтардың» біріне үңіліп көрсек деп едік. Сонымен...

Тек Кеңестер Одағына ғана емес, бү­­кіл жер шарына қауіп төндірген фаши­­зммен шайқаста миллиондар шейіт кет­­ті. Фашизмнің лаңынан зардап шекпе­­ген мемлекеттер кемде-кем. Десек те, ауы­­ртпалықтың көп бөлігі сол кездегі Ке­­ңестер Одағына түскеніне ешкімнің таласы жоқ шығар. Соғыстың алғашқы жылдарында Мәскеуге дейін шегініп, со­ңында фашизмді өз ұясында талқандаған Кеңес әскерлерінің жанкештілігі мен қаһармандығы туралы аз жазылған жоқ. Олардың ерлік істері өнердің бар саласында (ескерткіш-монументтер, көркем және деректі фильмдер, том-том кітаптар, плакаттар, т.б.) көрініс тапты. Және Жеңіс жауынгерлері дәл осындай марапаттарға лайық та еді.

Мұны медальдің бірінші жағы деп қойыңыз.

Қай ғасырдағы қандай соғыс болсын тек жеңістерден тұрмағаны белгілі. Соғыстағы әртүрлі жағдайларға байланысты тұтқынға түсіп қалу немесе саналы түрде жау жағына өтіп кету... Осындай жайттар бұл соғыста да аз болған жоқ. Кеңес өкіметінің солақай саясатынан қатты зардап шеккен украиндықтар, Кавказ халықтары, Еділ немістері, Қырым татарлары, т.б. сенімсіздер қатарына жат­­­қызылып, Орта Азия мен Қазақстанға жер аударылды. Генерал Власовтың армиясы, ортаазиялықтардан құралған «Түркістан легионы», т.с.с. Соғыстың аяқталғанына жетпіс жылдан асса да олардың іс-әрекеті сатқындық па, әлде басқа ма деген сауалдың жауабын таппай, тарихшылар ортақ пікірге келе алар емес. Дегенмен, Сталиннің ұстанған сая­сатын терең зе­рттеген тарихшылар олар­­ды ақтап алуда.

Мұны медальдің екінші жағы деп қойыңыз.

Біз шағын жазбамызда Айдың арғы бетіне, яғни, медальдің үшінші жағына (медальдің қыры – гурд) бір сәт көз салып, назар аударсақ.

Сол бір алапат қанды қасапта майданнан қашқан, соғыстан жалтарғандардың болуы да барлық ұлтқа тән құбылыс еді. Осы орайда өзім жақсы білетін оқиғаны баяндап берсем деймін.

Соғыс басталып, барлық еркеккін­дік­тіні жаппай әскерге шақыру жүргізі­леді. Біздің аталарымыз да Арыс әскери комиссариатына шақырылып, Түркіменстанда үш ай әскери ойын ойнап, майданға аттанады. «Немістердің қарқыны қатты, әне-міне дегенше Мәскеуге де таяп қалыпты» деген елдің үрейін ұшырған әңгімелер бұл жаққа да жетіп жатты. «Қасық қаным қалғанша Отанымды қорғаймын» деген патриоттармен қатар, «кеше ғана қа­­­­зақ­тың жартысын аштықпен қырған, қал­­ған зиялыларын репрессияға ұшы­рат­қан өкіметті мен неге қорғауым керек» де­­гендер де болды.

Әлқисса, сонымен сарбаздарға лық толы қызыл эшелон Батысқа бет алады. Темір стансасының тұсынан өтіп бара жатқанда біздің бір атамыз «Иә, Алла, өзің жар бола гөр!» деп вагоннан қарғып кетеді. Содан тоқтамаған күйі Арыс өзенін жү­зіп өтіп, Сырдың тоғайына сүңгіп кетеді. «Ол кезде дария түгілі, Арыстың қос жағалауы ну тоғай еді» деп еске алады қариялар. Сол атамыз сол тоғайдан соғыс біткенше шықпаған. Өзі аңшы, өзі балықшы, өзі мерген, қырғауыл мен қоянды қуып жүріп қолмен ұстайтын сондай әбжіл кісі болыпты. Аң-құстың етімен ауылды асыраған. Ізіне түскен ІҢКІВД-ні адастырып кетіп отырған. Оның үстіне ол кезде ауылдың ауыз­біршілігі өте күшті, ағайынын сатпаған.

...Мойында қып-қызыл галстук. Қызыл идеология еттен өтіп, сүйекке сіңген. Ауылға айында, жылында келетін сол атамызды көргенде ересек балалар «қашқын, сатқын» деп сыбырласып жатқанда біз де осыған қосылатынбыз. Сонда әжем: «Тәйт, сандырақтамаңдар. Сендер не білесіңдер? Осы қайнымдікі дұрыс. Қаншама бауырлары Мәскеу, Стәлін-грәд түбінде шейіт кетті. Қазір бірінен ұрпақ жоқ» деп көзінің жасын жаулығының ұшымен сүртіп, біздерді тыйып тастайтын.

Есейдік, көп нәрсеге көзқарас өзгерді. Бүгін­дері жылы кабинеттерде отырып (соғысты көр­­месе де) «мынау пәлен, анау түген» деп баға беретін тарихшылардікі дұрыс па, әлде соғыс зардабын басынан өткізген әжемдікі дұрыс па?» деген ойға батамын.

Кітап болып басылған ата-тек шежіремізді қарап отырып, қан майданнан қайтпаған атала­рымыздың жалғасы шорт үзілгенін көріп ішіміз қан жылады.

Ал, әжемнің осы қайнысы екі апамыздан пә­лен ұрпақ өрбітті. Қазір ұрпақтары Тәш­кен­нен бастап, еліміздің барлық облыстарына тараған жүз­ден аса шаңырақ болды...

Осыларды ой елегінен өткізе келе әжемдікі дұрыс-ау деген тұжырымға келдім.

Ал, Сіз қалай ойлайсыз, Мәртебелі Оқыр­ман?! Пікір қосыңыз!

Мұны Айдың арғы беті немесе медальдің үшін­­ші жағы деп қабылдасаңыз да болады...

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ