Сенсациялар біріншілігі...

Маусым 19 / 2018

 

бағы жанғандар мен сағы сынғандар кімдер?

 

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Бүгінде төрткүл дүние назары Ресейге ауған. Төрт жылда бір келетін футболдан әлем чемпионаты 14 маусым күні Мәскеудің «Лужники» стадионынан бастау алған. Турнирдің ашылу салтанаты қалай өтті? Алғашқы турда кімнің бағы жанып, кімнің сағы сынды? Бүгін осы сұрақтарға жауап іздейміз.

Саусағы сау басына сор болып жабысты

Әлем чемпионатының ашылу салтанаты кезінде үлкен дау шықты. Бір қызығы, бұл даудың өрті чемпионат ойындары басталмай жатып тұтанды. Ашылу салтанатында ән салған атақты әнші Робби Уильямс тікелей эфир кезінде камераға қарап ортаңғы саусағын көрсеткен. Бүкіл әлем халқы тамашалап отырған салтанатты кеште әншінің неге бұлай істегенін өзінен басқа ешкім білмейді. Оның жағымсыз әрекет істеген суреті батыстық басылымдардың негізгі тақырыбына айналды. Әншінің бұл әрекеті үшін қандай жаза алатыны әзірге белгісіз. Белгілісі, бұл үшін Ресейдің абыройына ешқандай нұқсан келмейді. Себебі, әлем чемпионатының ашылу салтанатын ұйымдастыру тікелей ФИФА-ның мойнында.

 

Ұтылғаны үшін айыппұл төлейді

Чемпионаттың шымылдық ашу ойынында Ресей мен Сауд Арабиясы құрамалары кездесті. ФИФА президенті Джанни Инфантино бұл ойынды Ресей президенті Владимир Путин мен Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы Мухаммед ибн Сальманның ортасында отырып тамашалады. Орыстар салған жерден арабтардың қақпасына лап қойып, ә дегеннен-ақ есеп ашты. 21-ші рет өткізіліп отырған турнирдің алғашқы голын Юрий Газинский салды. Ресейлік аяқдопшылар мұнымен тоқтап қалған жоқ. Шабуыл үстіне шабуыл жасап, арабтардың қақпасынан тағы да 4 рет саңылау тапты. Чемпионаттың ашылу салтанатында бұрын-соңды 5 немесе одан көп гол салған тек Италия құрамасы екен. Ресейлік құрама бұл көрсеткіш бойынша екінші орынға жайғасты. 5:0 есебімен жеңіске жеткен турнир қожайындары «А» тобында жеке дара көш бастады. Ал, олардың соңынан Египеттің тас қамал қорғанысын тек 90-минутта бұза алған Уругвай құрамасы келе жатыр.

Айта кетерлік қызықты жайт, Ресейден ойсырай ұтылған араб футболшыларына федерация басшылығы айыппұл төлетпек. Ірі жеңіліске себепкер болған қақпашы Абдаллах әл-Майюф, қорғаушы Омар Хаусауи, шабуылшы Мухаммед ас-Сахлауи өз елінің федерациясына ақшалай айыппұл төлейді. Дұрыс, токарьдың жұмысынан ақау кетсе, ол жазаланады. Дәрігер де, басқалар да, бәрі басымен жауап береді. Ал, жаман ойнаған футболшы неге жауап бермеуі керек? Қазақстан футбол федерациясының құлағына алтын сырға...

 

Күш атасын танымас...

«В» тобына қос мықты – Испания мен Португалия түскенін айтқанбыз. Сол екеуі алғашқы турда кездесіп, әзірге чемпионаттың ең қызықты кездесуін өткізді. Тартысқа толы кездесу 3:3 есебімен тең аяқталды. Португалия құрамасының капитаны Криштиану Роналду хет-трик жасап, командасына 1 ұпай сыйлады. Ол ӘЧ тарихында хет-трик жасаған жасы ең үлкен футболшы атанды. Бұл топтағы өзге құрамалар Марокко мен Иран өзара кездесіп, «сары құрлықтан» келген құрама 1:0 есебімен жеңіске жетті.

«С» тобының фавориті Франция құрамасы Австралия құрамасын әупірімдеп жүріп әзер ұтты. Ойынның 59-минутында пенальтиден Гризманн есеп ашып еді, артынша Австралия құрамасы да пенальти тебуге мүмкіндік алып, Единак мүлт кеткен жоқ. Ойын аяқталар шақта Погба үш жолақты елдің құрамасын есепте алға шығарды. Перу мен Данияның ойынында жанкүйерлер бір-ақ гол көрді. Кездесудің екінші бөлігінде Поульсен даттарды алға шығарып, 3 ұпай сыйлады. Алайда, латынамерикалық футболшылардың алаңдағы шеберлігін айтпай кетпесе болмас. Бұл ойын да 11 метрлік айып добынсыз өткен жоқ. Нүктеге жақындаған Перудің ойыншысы Куева білгенінен жаңылып, пенальти сала алмады.

Пенальтилер шеруі Аргентина – Исландия кездесуінде жалғасын тапты. Агуэроның жойқын соққысы Латын Америкасынан келген құраманы алға шығарса, араға 4 минут салып аралдықтар есепті теңестіріп кетті. Одан кейін пенальти тебуге мүмкіндік алған әлемнің үздік ойыншысы Месси исландиялық қақпашыдан айласын асыра алмады. 350 мың ғана халқы бар (Сарыағаштың халқынан сәл-ақ көп) Исландия елінің құрамасы турнирдің басты фаворитімен тең ойнап, алғашқы сенсацияны тіркеді. Ал, Хорватия Нигерияны көп күш жұмсамай-ақ жеңді. Тіпті, Хорватия жеңді дегеннен гөрі, Нигерия жеңілді деу әділеттілік болар еді. Себебі, ойындағы алғашқы голды нигериялықтар өз қақпасына салса, екінші гол «қара құрлық» құрамасы ойыншыларының өз айып алаңдарында ойын ережесін өрескел бұзу салдарынан кірді. Пенальтиден көзге түскен Лука Модрич ӘЧ-нің 2400-ші голын соғып, атын тарихқа жазды.

Жанкүйерлер тарапынан аса қызығушылыққа ие болмаған Коста-Рика – Сербия ойыны 0:1 есебімен «қарт құрлық» өкілдерінің пайдасына шешілді. Ал, бұл топтағы екінші ойында турнирдің тағы бір сенсациясы орын алды. Мундиальдың фавориті саналған атақты «селесао» Швейцария құрамасын жеңе алмады. Бразилиялықтар бірінші таймда есеп ашып, ойынды жақсы бастағанымен, екінші таймда Швейцария дес берген жоқ. Қорытынды есеп: 1-1.

Футболдың қызығы күтпеген нәтижелер мен әдемі голдарда екені түсінікті. Германия мен Мексика құрамаларының арасында өткен кездесуде жанкүйерлер осы қызықтарға куә болды. Ылғи жұлдызды ойыншылардан құралған «бундес тим» Чичарито бастаған Мексикаға қарсы түк те істей алмады. Қарымта шабуылдардың бірінде Лосано әдемі соққысымен Нойерді қапы қалдырған. Ойын соңына дейін осы есеп өзгерген жоқ. Немістерді жеңген Мексика құрамасы әзірге топ бастап тұр. Енді «F», «G», «H», топтарындағы өзге командалар өздерінің алғашқы ойындарын өткізеді. Бұл ойындар жөнінде газетіміздің алдағы нөмірлерінде кеңінен тарқатып жазатын боламыз.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ