Рухани жаңғыру 0 пікір 1584 лайк

Түсіндіру жұмыстарының сапасын көтеру керек

Маусым 19 / 2018

 

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында сыбайлас жемқорлықпен күреске ерекше екпін бергені мәлім.

 

Елімізде сыбайластықпен күресте арнайы қабылданған заңдар да, атқарылып жатқан жұмыстар да баршылық.  Бірақ, бұл мәселе әлі түбегейлі шешімін тапқан жоқ. Осы саладағы жұмыстарды жүйелеу үшін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша 2018 жылға арналған кешенді жоспар» бекітті. Бірақ, қоғамға да, мемлекетке де орасан залал келтіріп отырған қылмыс түрі толастар емес.

Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстарға негізінен лауазымды қылмыстар жатады. Өмір көрсеткендей, қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық жасау, көрінеу жалған сөз жеткізу, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету, көрінеу жалған жауап беру, сарапшының жалған қорытындысы немесе қате аудару, жалған жауап беруге немесе жауап беруден жалтаруға, жалған қорытынды беруге не қате аударуға сатып алу, лауазымды адамдардың сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін орындамау, осындай қылмыстардың барлығы сыбайластық байланыстарды пайдалану арқылы жасалады.

Ұлттық қауіпсіздікке қауіп-қатер әкелетін бұл індетпен күресу үшін құқықтық сауаттылығымызды арттырып, түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру маңызды рөлге ие.

Біз өмір сүріп жатқан азаматтық қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Сол себепті, баршамыз жұдырықтай жұмылып, күш-жігерімізді біріктірсек, аталған дерт ушықпай, қайта тоқтату оңайырақ болады. Мемлекеттің осы жағымсыз құбылысты жою бағытындағы кешенді және жүйелі күрес жүргізу саясаты жанданып, әрі қарай жалғасын табатындығына сенімдімін.

Балмаржан НАРБЕКОВА, облыстық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ