«Кентауда Лениннің ескерткіші бар ма?»

Маусым 19 / 2018

 

Кентауға келген сапарында КСРО және Қазақстан халық әртісі Роза Бағланова осылай деп сұраған екен. Не үшін? Ол жайлы сәл кейінірек....

 

Шамамен 1971 жылдары Кентауға келген халық әртісін жергілікті тұрғындар үлкен қошеметпен қарсы алып, құрмет көрсеткен. Халық сүйікті әншілерінің келетінін біліп, залдың ішін букеттермен әрлеп тастапты. Одан бөлек Роза Тәжібайқызы әрбір ән орындаған сайын гүл салынған корзиналар ұсынып, әншіні гүлмен көмкеріпті. Концерт Кентаудағы лекторийда аншлагпен өткен.

Концерт аяқталған соң «Кентауда Лениннің ескерткіші бар ма?» деп сұрапты басшылықтан Роза Тәжібайқызы.

Алдында таң қалысқан көпшілік араға аздаған уақыт салып әншіні жаңа саябақ алдында орнатылған В.И.Лениннің ескерткішіне ертіп барады. Сонда Роза Бағланова көліктегі арнайы дестеленіп салынған гүлдің барлығын Ленин ескерткішіне қойыпты.

Концерт ертеңіне Ащысайдағы клубта жалғасқан. Кейіннен Роза Бағланова «Глубокий» руднигінің партия комитетінің хатшысы Төлеген Нұртаевтың отбасында қонақта болған.

Оқырман назарына ұсынып отырған мына суретте Роза Бағланованың Кентау қаласына қарасты Ащысай ауылындағы клубта ән айтып тұрған сәті бейнеленген.

Қайрат ЗАЙНИШЕВ. Кентау қаласы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ