Дипломат. Қайраткер. Азамат.

Маусым 16 / 2018

 

Айдар ҚҰЛЖАНОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Қазақ халқы «Қатты жерге қақ тұрады, қайратты ерге бақ тұрады» деген даналықты қалай қапысыз айтқан десеңізші?! Ер азаматты өмірдің әр белесінде бір асқақ мақсат менмұндалап шақырып тұрады. Сол белестерді бағындыруға жігіттің қажыр-қайраты мен ерік-жігері жетсе, оның басына баянды бақыт орнамақ. Бірақ, өмірдің қиындықтарын ғана емес, өзін-өзі жеңіп, қайратын қамшылай білетін жандар өмірде сирек кездеседі. Көппен бірге өмір ағысымен кете бермей, оған қарсы жүзіп, қиындықтарды еңсере білген сондай сирек жандардың бірі – Рашид Ибраев дер едік.

 

1948 жылы Түлкібас ауданында туған ол 1970 жылы Ташкент политехникалық университетін, 1980 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Қоғамдық ғылымдар академиясын тәмамдады. Еңбек жолын Алматы гидрологиялық экспедициясында инженер-механик болып бастаған Рашид Тұрарұлы небары 27 жасында Қазақстан комсомол жастар одағы Шымкент облыстық комитетінің бірінші хатшысы, ал, 29 жасында Түркістан қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарды. Кеңестік кезеңде мұншалықты жас азаматтардың осындай жауапты қызметтерге тағайындалуы өте сирек кездесетін жағдай болатын.

Р.Ибраев Түркістан қаласын басқарған жылдары көне қаланың көркеюіне көп еңбек сіңірді. Компартияның қылышынан қан тамып тұрған тұста бюро жиналысында сөйлеген сөзінде жас басшы «Түркістан – қазақ халқының ғана емес, барлық түркітілдес халықтардың, мұсылман қауымның қасиетті қаласы, алты алаштың алтын бесігі. Ол қазір үлкен ауыл секілді. Біз оның қала деген атына лайық болуы жолында тер төгуіміз керек» деп батыл мәлімдеме жасады. Бар-жоғы екі жылдың ішінде Түркістанда өзінің қолтаңбасын қалдыра білді.

Ал, Шымкент қалалық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы болған 1980-86 жылдары Асанбай Асқаровпен бірге Шымкент әмбебап дүкенін, дендрологиялық саябақ пен зообақтың ашылуына үлес қосты.

«Ақ жол» партиясы ОҚО филиалының төрағасы Анарбек Орман Р.Ибраевтың сол жылдардағы еңбегін былай деп еске алады:

– Мен өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басында Шымкент қалалық су шаруашылығы басқармасының басшысы болып қызмет атқарған кезімде Рашид Тұрарұлымен қоян-қолтық жұмыс істедім. Ол кісі облыс орталығын ауызсумен қамтамасыз ету, қаланың кәріз және ирригациялық жүйелерін дамытуға министрліктерге барып жүріп 10 миллион сом қаржы бөлгізіп берді.

Ол кезде Шымкенттің үйлері кілең бір қабатты болатын, көп қабатты үйлер өте аз еді. Р.Ибраев бүкіл Одақтан сәулетшілерді шақыртып, Шымкенттің сәулетін қала деген атына лайық ету жөнінде ұран тастады. Сөйтіп, ол кісінің басшылығымен қазіргі Тәуке хан даңғылының бойында, «Теріскей», «Күншығыс», 16, 17, 18-шағынаудандарда жүздеген көп қабатты тұрғын үйлер салынды. Соның арқасында мыңдаған отбасы баспаналы болды.

Сондай-ақ, Рашид Тұрарұлы Шымкентті басқарып тұрған жылдары қаладағы фармацевтика, шина, цемент, мұнай өңдеу және фосфор зауыттарының өндірістік қуаттылығын еселеп, көрсеткіштерін жоғары деңгейге шығарды. Мұнан бөлек ол кісі облыс орталығындағы сәулеттік ескерткіштерді қалпына келтіріп, мыңнан астам заманауи, әсем аялдамалар салғызды. Шынымды айтсам, ондай деңгейдегі іскер басшыларды өмірімде аз кездестірдім. Ол кісінің бойында еңбекқорлық, талапшылдық, кішіпейілділік, мәдениеттілік пен мейірімділік қасиеттердің барлығы бар. Бүгінде мерейлі жетпіс жасқа толып отырған Рашид Тұрарұлының туған еліне берері әлі де көп деп білемін. Ол кісіге ұзақ ғұмыр мен зор денсаулық тілеймін.

Мұнан кейін Рашид Тұрарұлының іскер басшы, қарымды ұйымдастырушы екенін дәлелдеп жатудың қажеті жоқ сияқты. Бірақ, оның өзін-өзі жетілдіру жолындағы ерік-жігеріне таңқалмасқа амал жоқ. Оған мына бір-екі жағдай туралы естісеңіз, өзіңіз де көз жіткізерсіз.

– Сонау 1988-1993 жылдары Шымкент пединститутында аға оқытушы болып қызмет атқардым, – деп бастады әңгімесін бір кездері Рашид Тұрарұлына әрі ұстаз, әрі шәкірт болған Мұзрафша-Жаһангір Аблаев. – Шамасы 1991 жылы болуы керек, проректорымыз Керімбек аға Сыздықов шақырып алды да, лауазымды қызмет атқаратын бір кісіге қазақ тілі мен ұлттық салт-дәстүрімізді үйретуім керектігін айтты. «Бұл тапсырманы орындауға ғылыми дәрежесі бар, тәжірибесі мол азаматтар лайықтырақ емес пе?» дегенімде Керімбек аға «ректор саған сенім артып отыр» деп қысқа қайырды. Ректордың кабинетіне кіргенімде сұңғақ бойлы, зор денелі, жазық маңдай, нұрлы жүзді кісіні көрдім. Ол сол кездегі Шымкент облыстық Кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары Рашид Ибраев екен.

Жаһангір аға шәкіртімен тез тіл табысып кеткенін айтады.

– Қазақ ауыз әдебиетінен, мақал-мәтелдерден бастап, ұлттық салт-дәстүрлеріміз жайлы сабақтар өттік. Ол кісі біртіндеп Абай өлеңдерін оқып, талдайтын дәрежеге жетті. Абай өлеңдерінің әдемі иірімдерін оқығанда көздері жайнап, рахаттанып қалатын еді. Жасы талай жерге келіп қалса да оқуға деген ынтасы ерекше болатын. Ерекше зеректігінің арқасында менен аз уақытта араб тілін үйреніп, Құран Кәрімнің бірнеше сүрелерін жаттап шықты. Ол өте қарапайым, ізетті, кішіпейіл адам болатын. Оған тіл мен әдебиетті үйреткенім болмаса одан көптеген адами қасиеттерді бойыма сіңірдім, – дейді ол.

Рашид Тұрарұлы сияқты орыс мектебін бітіріп, орысша ортада өскен талай азамат әлі күнге мемлекеттік тілді үйрене алмай жүр. Ал, біздің кейіпкеріміз еліміз тәуелсіздік алған жылдары Қазақстанның болашағы қазақ тілінде екенін ерте сезініп, жасы қырықтан асып қалса да, мемлекеттік тілді аз уақытта үйреніп шықты. Әрине, бұл еңбегі зая кетпеді. Кейіннен кәсіби дипломатқа айналып, түрлі шет мемлекеттерде Қазақстанның елшісі болған жылдары туған елін өзгелерге таныту кезінде қазақ тілін жетік білуі оған үлкен мүмкіндіктерге жол ашты.

Талантты адам қашан да, қай істе де дара болады ғой. Рашид Тұрарұлы 1995-1998 жылдары Қазақстан Республикасының Үндістандағы Төтенше және өкілетті елшісі болған жылдары, жасы елуге таяп қалған кезінде өз бетінше ізденіп, ағылшын тілін де меңгеріп алды. Соның арқасында түрлі форумдар мен конференцияларда ағылшын тілінде баяндама жасап, ірі бизнес өкілдеріне Қазақстан экономикасының әлеуетін ағылшынша таныстырып, елімізге инвестиция тартуға өзінің зор үлесін қоса білді.

Жалпы, Р.Ибраевтың үлкен саясатқа алғашқы қадамы 1992-1994 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық халық депутаттары Кеңесінің төрағасы болудан басталды. Мұнан кейін ол 1994-1995 жылдары ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Сол жылдары «Қазақстанда ұлттық идея қандай болуы керек?» дейтін мәселе қызу талқыланып жатушы еді. Ал, жас депутат Р.Ибраевтың бұл сауалға жауабы дайын болатын.

«Дербестік, Тәуелсіздік деген ұғымдар жанымызға қанша жақын болғанмен, ол өздігінен елімізді дамуға бастамайды. Сондықтан біз үшін ұлттық идея біреу ғана болуы тиіс. Ол – ұлтқа, мемлекетке адал қызмет ету» деген еді ол Жоғарғы Кеңес мінберінен сөйлеген сөздерінің бірінде. Расында да, Рашид Тұрарұлының бүкіл саналы ғұмыры өзі айтқандай ұлттық идея жолында ұлт пен оның мемлекетіне қызмет етуге арналды.

1998 жылы Үндістанда елшілік қызмет атқарып жүрген Р.Ибраев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен елге оралып, Әзірбайжан мен Грузияға елшілікке жіберілді. Өйткені, сол кездерде Каспий теңізін бөлу жөніндегі жаңа келісім күшіне енген еді де, Әзірбайжанмен ынтымақтастықты нығайту өте маңызды істердің біріне айналған болатын. Елшінің төрт жылдық қызметі нәтижелі болғанын «Баку жұмысшысы» газетінің 2002 жылғы 28 мамырдағы санында жарық көрген мақаланың мына үзіндісінен анық байқаймыз:

«Әзірбайжан мен Қазақстанның қарым-қатынасында ешқандай проблема жоқ. Бұл қарым-қатынастың негізінде қос халықтың туысқандығы мен достығы жатыр. Әрі бұл байланыстардың дамуына Қазақстан елшісі елеулі үлес қосты» деп мәлімдеді президент Гейдар Алиев» деп жазылған еді айтулы мақалада.

2002-2006 жылдары Рашид Тұрарұлы Қазақстанның Латвия, Литва және Эстониядағы елшісі қызметін атқарды. Осы жылдары Латвияда алғаш рет Қазақстанның астық экспорттайтын терминалы іске қосылды. Бұл еліміздің Еуропа Одағы аумағында ашылған алғашқы астық терминалы болатын. Әрі осы жылдары қазақстандық ірі компаниялар Балтық жағалауы елдеріне алғаш рет инвестиция құя бастады. Мұның бәрі Рашид Тұрарұлының төрт жылда атқарған қызметінің кейбір тұстары ғана. Тумысынан қарапайым азамат өзі тындырған істері жайлы көп айтқанды ұнатпайды. Есесіне ол 2004 жылы Латвия Президентінің Астанаға сапары кезінде Елбасының өзіне қалай қолдау көрсеткенін үнемі еске алып жүреді.

– Астанаға Латвия Президенті В.Вике-Фрейберги мемлекеттік сапармен келгенде оған сталиндік репрессия жылдарында Қазақстанға депортацияланған 227 латыш азаматының архивтік құжаттарын тапсырды. Оған дейін Қазақстанға демократияланбаған ел деп шекесінен қарап келген латыш билігі осыдан кейін елімізге басқаша қарым-қатынас жасай бастады. Бұл менің елшілік қызметімді әлдеқайда жеңілдетті, – деп еске алады Р.Ибраев.

Рашид Тұрарұлы 2006-2012 жылдары Қазақстанның Венгриядағы Төтенше және өкілетті елшісі болып еңбек етті. Ал, 2007 жылдан бастап Босния және Герцеговина, Македония, Черногория, Сербия, Словения елдерінде де елші қызметін қоса атқарды. Осы жылдары Қазақстанның Шығыс Еуропа елдерімен ынтымақтастығы нығайып, өзара тауар айналымының күрт өсуі Р.Ибраев қызметінің мұнда да табысты болғанын аңғартса керек. Осыны ескерген Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Р.Ибраев зейнет жасына жеткеннен кейін де үш жыл бойына елшілік қызметтен босатпады.

Дипломаттың еңбегі өз елімізде де, шет мемлекеттерде де елеусіз қалған жоқ. Р.Ибраев Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің еңбегі сіңген қызметкері, ІІ дәрежелі «Достық» орденінің және ҚР Сыртқы істер министрлігінің Нәзір Төреқұлов атындағы медалінің иегері, сондай-ақ, Шымкент қаласының құрметті азаматы. Ал, шетелдерде алған марапаты туралы айтсақ, Латвияда оған Үш жұлдыз орденінің командоры дәрежесі берілген. Сонымен қатар, 2012 жылы Венгрияда «Қызмет» орденінің жұлдызды командоры атанды. Айта кетейік, Венгрияның жоғары дәрежелі бұл марапаты Рашид Тұрарұлына дейін ешбір мемлекеттің елшісіне тапсырылмаған екен. Оған дейін мұндай құрметке тек дамыған елдердің президенттері мен премьер-министрлері ғана лайық деп танылып келген.

Иә, Рашид Ибраевтың өнегелі ғұмыры туралы әңгімелер айта берсек таусылмайды. Біз оның кейбір тұстарын ғана шолып өттік. Бүгінде мерейлі 70 жасқа толып отырған ол – Қазақстанның сыртқы саясатын қалыптастыру мен алға жылжытуға көп еңбек сіңірген шебер дипломат, туған өлкесінің дамуы мен гүлденуі жолында тер төккен қайраткер және туған халқына деген сүйіспеншілігімен, ана тіліне деген құрметімен, өзінің қарапайым, кішіпейіл болмысымен, күшті ерік-жігерімен өз замандастарына да, кейінгі жас ұрпаққа да үлгі боларлық нағыз азамат.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ