Заң-заман 0 пікір 1563 лайк

Дау төркіні заңды білмеуден туындайды

Маусым 16 / 2018

 

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Оңтүстік Қазақстан».

Күні кеше ғана еліміздегі ірі мегаполистердің санатына енген Шымкентте тұрғындарды алаңдатқан бір мәселе бар. Ол – мемлекет мұқтаждығы үшін алынған жер телімдеріне берілетін өтемақы дауы. Осыдан бірнеше жыл бұрын шаһардың бас жоспарына өзгерістер енгізіліп, қала ішіндегі бірқатар жер мемлекет қажетіне алына бастағаны мәлім. Осы «қажеттілік» әліге дейін қалың жұртшылықтың біразының наразылығын тудырып келеді. Себебі, алынатын жерге немесе үйге берілетін өтемақы көп жағдайда сүрілуге кеткен баспананың жарты құнын да өтемей жатады.

 

2010 жылға дейін мемлекет қажеті үшін алынған жерлерге төленетін өтемақы мөлшері нарық бағасымен парапар болатын. Ол аз сома емес-тін. Сосын ол кезде мүлік құнын бағалау стандарты басқа болатын. Тұрғындар өтемақы мөлшеріне риза болмаса, бағалауды тәуелсіз сарапшылардың жүргізуіне жүгіне алатын. Соны пайдаланған тұрғындар түрлі қитұрқы амал-айлаға барды. Мәселен, олар бағалаушының алақанына 20 мың теңге салса, үй бағасының құны аспандап шыға келетін. Бірақ, бұл бюджетке ауыр салмақ салатын еді. Осыны ескерген билік жерді мемлекет қажетіне алуды заң жолымен бекіту үшін 2011 жылы «Мемлекеттік мүлік туралы» заңды қабылдады. Қазір жауапты органдар сол заңға енгізілген өзгерістермен жұмыс істейді. Әлгі заңда: «Үй құны нарық бағасынан аспайтын болсын» деген сөз тіркесі пайда болды. Соған сәйкес алынған жерге бұрын түске кірмейтін мол өтемақы берілсе, қазір ол ақшаға бұрынғы баспанаға парапар үй алу қиялға айналды. Сондықтан жерді алу тұрғындардың ғана емес, мемлекеттің де бас ауруына айналып отыр. Себебі, бірі үйден кетуі тиіс болса, екіншісі оған өтемақы беруі қажет. Бірақ, тұрғындар үйден кеткенмен, мемлекеттен берілетін өтемақының дауы толастар емес.

Таяуда осы мәселе облыстық сотта өткен мәжілісте қаралып, құзырлы органдардан келген мамандар өтемақы дауының түп-төркініне үңіліп көрді. Мәжіліске модераторлық еткен облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Түгел Бекімбетовтің айтуынша, кейінгі кезде жер дауымен сотқа жүгінетіндердің саны артқан. «Олардың көпшілігі жері мен мүлкіне берілетін өтемақының бүгінгі нарыққа сай болуын қалайды. Бірақ, бәрінің бірдей талабын қанағаттандыру мүмкін бе? Қазір әкімдіктер алынған жерге үлкен көлемдегі өтемақы бере алмайды. Себебі, заң оған шектеу қойған, – дейді.

Ал, облыстық соттың судьясы Бауыржан Тәңірбердиевтің пікірінше, даудың төркіні әкімдіктің «Мемлекеттік мүлік туралы» заңның талаптарын дұрыс орындамауы мен жер иелеріне өз құқықтарын дұрыс түсіндірмеуінен туындайтын көрінеді. «Бүгінге дейін сотта жерге қатысты қаншама істер қаралып жатыр, бірақ, бірде-бірінде әкімдік өздігінен жер иелеріне жер ұсынған емес. Ал, заңда алынатын жерге тең келетін жер ұсыну көзделген. Сондықтан заңның бұл талабы орындала бермейді. Ал, әкімдіктің алынатын жер үшін ұсынған қаржысына мұндай жер сатып алу мүмкін емес. Мәселен, Шымкент қаласы әкімдігінің 2016 жылдың 26 желтоқсанында шыққан №2076 санды қаулысына сай И.Мирзаевтың меншігіндегі Шымкент қаласы, 2-ші қиылыс, Узбекская көшесі, №32 «а» мекенжайында орналасқан жер учаскесі мен баспанасы мемлекет мұқтаждығы үшін алынады. Ол үшін әкімдік И.Мирзаевтың бұл жер учаскесін сол кездегі қала әкімінің 2003 жылғы №2668 санды қаулысы бойынша берілгенін алға тартып, оны кадастрлық құнымен 773 415 теңге, тұрғын үйіне 5 305 000 теңге, жалпы сомасы 6 078 415 теңге ұсынады. Бірақ, бұған келіспеген меншік иесі тәуелсіз бағалаушыларға жүгініп, үйдің нарықтық құнын шығарады. «БИОН Group» серіктестігі жылжымайтын мүлікке бағалау жүргізіп, жерді 4 827 000 теңгеге, үйді 5 305 000 теңгеге бағалап береді. Мәмілеге келе алмаған екі тараптың ісі ақыры сотқа жетіп, әкімдіктің жерді кадастрлық құнымен белгілеген мөлшерін бірінші сатыдағы сот дұрыс деп шешеді. Алайда, жерінің бар болғаны 773 мың теңгеге ғана бағаланғанына наразы Мирзаев азаматтық сот алқасына шағым түсіріп, жеріне берілетін өтемақының нарыққа сай болуын талап етеді. Істі қараған алқа бірінші сатыдағы соттың тұжырымымен келіспей, өтемақы мөлшерін 6 078 415 теңгеден 10 132 000 теңгеге дейін ұлғайтады. Бұл жерде әкімдік жауапкердің жер учаскесін азаматтық-құқықтық мәміле негізінде иемденбегенін, нарыққа сай жер құнының жыл сайын өсіп отырғанын ескермеген» дейді судья.

 Ал, Б.Уксикбаевқа тиесілі екі жер учаскесіне әкімдік ұсынған баға тіпті күлкілі. Олар 2007 жылғы сатып алу-сату келісімшартында көрсетілген бағаны алға тартып, екі жерге 75 мың теңгеден 150 мың теңге төлеуді ұйғарған. Қазір мұндай бағаға жер алу мүмкін бе? Бұған келіспеген Б.Уксикбаев «БИОН Group»-тың бағалау қызметіне жүгініп, екі жердің нарықтық құнын 7 200 000 теңгеге анықтатады. Ал, сот сараптама орталығы болса, екі жерді 16 миллион 166 мың теңгеге бағалап береді. Істі қараған Қаратау аудандық соты сараптама орталығының осы қорытындысын негізге алып, соған сай өтемақы беруге шешім шығарады. Алайда, Шымкент қаласы әкімдігі түсірген апелляциялық шағым негізінде іс қайта қаралып, алқа шешімімен Б.Уксикбаевқа тиесілі өтемақы мөлшері серіктестік анықтаған 7 200 000 теңгеге дейін төмендетілген. Міне, екі істің де жай-жапсарына үңілсеңіз, әкімдік тарапынан бірқатар кемшіліктердің орын алғанын көруге болады. Алынған жеріне сай жер ұсынбаса немесе нарықтық құнына сәйкес өтемақы төленбесе, кім-кімнің де әкімдікті сотқа сүйрейтіні анық. Себебі, үйіне, жер теліміне төленетін өтемақы мөлшеріне көңілі толмай, тығырыққа тірелген адамда сотқа арыз беріп, шағымданудан басқа жол қалмайды. Бірақ, осы салаға жауапты мамандар сотта мәселенің ара-жігін ашып көрсетудің орнына көбінесе тасада қалып қоятын көрінеді. Яғни олардың сотқа қаласа барып, қаламаса процестен сырт қалуды жиі әдетке айналдырғанын судьялар да тілге тиек етті.

Дегенмен, мәселені бір реттік өтемақы төлеумен шешіп тастау мүмкін емес. Ол үшін ең алдымен тұрғындардың құқықтық сауаттылығын көтерудің маңызы зор. Себебі, сотқа жүгінетіндердің көпшілігі жерінің немесе үйінің мемлекет қажетіне алынатындығы жайлы хабарланғаннан кейін әлгі жер теліміне енгізілген өзгерістердің есепке алынбайтындығын ескере бермейді. Осыдан келіп түсініспеушіліктер туындайды. Сондықтан «Жер туралы» және «Мемлекеттік мүлік туралы» заңдардың қажетті нормаларын тұрғындарға мұқият түсіндіргеніміз абзал. Себебі, даудың төркіні заңды білмеуден туындап жатады.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ