Аспан асты, жер үсті 0 пікір 1558 лайк

Үлкен мүмкіндіктерге ашылған жол

Маусым 14 / 2018

 

Қазақ пен өзбек – ежелден туысқан, бауырлас халықтар. Қос халықтың діні бір, тілі, ділі дәстүрі ұқсас. Ал, соңғы жылдары осы мәдени-рухани байланыстар одан әрі тереңдеп, ендігі жерде сауда- экономикалық байланыстар жақсаруда. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2018 жыл Қазақстандағы Өзбекстан жылы деп жарияланды. Соның арқасында биыл екі елдің қарым-қатынасын жақсарта түсер мазмұнда түрлі шаралар көптеп өтуде. Өз кезегінде президент Шавкат Мирзиёевтің жарлығымен Өзбекстанда Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын терең зерттеу, тану мен насихаттау жұмыстары қолға алынды. Келер жылы Өзбекстандағы Қазақстан жылы болып жарияланады деп жоспарлануда.

 

Екі елдің қарым-қатынасының жақсаруы ең алдымен қарапайым халыққа пайдалы болып отыр. Өзара тауар айналымы көлемінің көбеюінен бөлек кедендегі кедергілердің жойылуының арқасында азаматтардың көрші елге барып жұмыс істеуіне кең жол ашылды. Бұл жағдай, әсіресе, Өзбекстандағы қазақ диаспорасы үшін де жағымды жаңалық.

Иә, тәуелсіздікке қол жеткізгелі Өзбекстан да Қазақстан сияқты дамудың бірқатар баспалдақтарынан өтті. Көптеген салаларда жетістіктерге қол жеткізді. Дамушы елдердің қатарынан орын алды. Бүгінгі таңда жаңаша өмірге бейімделе отырып, соны қарқынмен даму үстінде. Осы орайда Жызақ облысы, Зафарабад ауданы, Шымқорған ауыл округінің аумағында «Жызақ мұнай өңдеу зауыты» кешенінің құрылыс жұмыстары басталып кеткенін айтқым келеді.

 Өзбекстан Республикасының президенті Шавкат Мирзиёев құрылыс жұмыстарының сапасымен, әлеуметтік-экономикалық реформалардың жүзеге асу барысымен, басқа да ірі жобалармен жақыннан танысу мақсатында 2017 жылғы 27 сәуірде облысымызға келген еді.

Өзбекстан президенті сапар барысында сөйлеген сөзінде ел дамуының бес басым бағыттарын айтып берді. Олардың қатарында макроэкономикалық тұрақтылықты нығайту, экономиканың жетекші тармақтарын модернизациялау және диверсификациялау, жүйелік реформаларды тереңдету арқылы оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға үлкен маңыз беріліп отыр. Міне, осындай басым бағыттарды жүзеге асыру бүгінгі таңда және болашақта Өзбекстан тұрғындарын және кәсіпорындарды сапалы мұнай өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Президенттің айтуынша, бұл өз кезегінде мемлекеттің экспорттық әлеуеті мен мүмкіндіктерін арттыруға сеп болмақ.

Зауытта қайта өңделген өнімдердің 50 пайызын шетке экспорттау көзделген. Қазақстан Республикасы аумағынан осы зауытқа дейін ұзындығы 95 шақырымдық құбыр тартылған. Бұл дегеніңіз, жанармайға жұмсалатын шығындарды азайта отырып, мұнай өнімдерінің бағасын арзандатпақ.

Зауытта көмірсутегі шикізатын тереңдете қайта өңдеуге арналған ең заманауи әрі экологиялық тұрғыда таза өнім шығаратын және энергия беру жағынан жетілдірілген технологиялар орнатылды. Соның арқасында «Евро-5» стандарттарының талаптарына сәйкес келетін жоғары сапалы мотор және авиация майы, битум, басқа да мұнай өнімдері шығады.

Авиациялық бензин жасап шығару еліміздегі авиация саласын дамыта отырып, ұшақтардың ұшу кеңістігін кеңейтуге, сауда-экономикалық байланыстарды ұлғайтып, туризм саласы мүмкіндіктерін арттыруға қызмет етеді.

Кешеннің іске қосылуы 2 мыңнан астам салалық байланыс пен қызмет көрсету бөлімшелерінде жаңадан 14 мыңнан астам адамды еңбекпен қамтуға мүмкіндік берді.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев өз сөзінде болашақта автокөлік зауытының іске қосылатыны жайында айтып өтті. Үлкен жоба барысында көрші мемлекеттермен достық, ынтымақтастық, іскер мәмілелер жүргізілуде. Демек, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың болашағы жарқын дер едім.

Тұрсынбай НҰРЖІГІТОВ, Өзбекстан Республикасы, Жызақ облысы, Зафарабад ауданының тұрғыны.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ