Шымкенттен екінші Самарқан жасаудың керегі жоқ!

Маусым 14 / 2018

 

Шымкент – көненің көзі, сан қатпарлы тарихымыздың талай ақтаңдақтарын бауырына басып жатқан шежіре шаһар. Осы орайда «қаланың жасы нешеде?» деген сұрақ кімді болса да ойландырады. Көне қаланың аумағынан табылып жатқан өткен дәуірлердің жәдігерлеріне баға берген археологтар шаһардың негізі қаланғанына шамамен 2200 жыл деседі. Қалай болғанда да мамандар таяу уақытта бұл сұраққа нақты жауап береді деген ойдамыз.

 

Соңғы күндері барша шымкенттіктер үшін жағымды жаңалықтың бірі – Шымкенттің Қазақстандағы миллионнан астам тұрғыны бар үшінші қала атанғаны болды. Ендеше, атына заты сай болуы үшін қала билігі алдағы уақытта қандай алғышарттарды жүзеге асыруы қажет?!

Меніңше, қаланың Бас жоспарын, соның негізінде жасалған аумақтардың нақтылау жобаларын сауатты және жүйелі түрде іске асыруды осы саланың мамандарына беру керек. Себебі кейінгі жылдары қала басшылығы жиі ауысып, кейбір әкімдеріміз Бас жоспардың талаптарын өрескел бұзғаны, өзім- білермендікке салынғаны байқалады. Қала құрылысының алдыңғы шебінде жүруі тиіс – қаланың бас сәулетшілерін екінші қатарға ысырып, жер қатынастары бөлімін көшбасшы еткен кезеңдер де болды. Соның салдарынан Бас жоспардағы талаптарды көзге ілмеу, белден басу, көпқабатты тұрғын үйлер болуы тиіс аумақтарға жатаған үйлер салу, көшенің «қызыл сызықтарын» қажетіне қарай тарылту, тағы басқа келеңсіз жағдайлардың куәсі болудамыз. Жасыратыны жоқ, осындай олқылықтардың салдарынан Шымкент үлкен ауылға айналып кетті.

Бұл енді жоспарлау мәселесі. Келесі кезектегі мәселе – қала құрылысының сәулеттік келбеті қандай болуы қажет? Бір көргенде «мынау Шымкент қаласы ғой» дейтін өз бейнеміз, стиліміз бар ма? Бұл сұраққа да мандытып жауап бере алмаймыз. Жалпы, тәуелсіздік алған кез келген ел алдымен отарсыздандыру саясатын жүргізеді. Ол үшін бірінші кезекте өз тілі мен салт-дәстүрлерін тірілтер болса, келесі кезекте тұрмысына қажетті дүниелерін діліне сай қалпына келтіреді. Адам тұрмысының ең басты дүниесінің бірі – баспана! Демек, құрылыс саласы. Біздің ата-бабаларымыз айдалада, аралда тұрған жоқ, адамзат өркениетінің ортасында өмір сүрді. Олардың да өзіне сай құрылыс мәдениеті болған. Киімін алтынмен аптап, ер-тұрманын күміспен күптеген халықта зәулім сарайлар болмады дегенге кім сенеді?!

Ел билеушілерінің талғамына, заманның ағымына қарай қаланың құрылыс саласы да өзгеріп отырады. Қоқан хандығымен келген ортаазиялық, әсіресе, Хорезм, Самарқан шаһарларына тән сәулет өнері ХІХ ғасырда Ресей империясының өзіне тән құрылыс сәулетімен ерекшеленді. Бертін келе кеңестік дәуірдің алғашқы қарлығашы іспетті қаланың қорғасын зауыты аумағынан бой көтерген қалашыққа құрылыстың «сталиндік классика» үлгісін алып келді. Қазіргі «Металлургтер сарайы» аумағындағы екі, үш қабатты тұрғын үйлер, Тәуке хан даңғылы мен Қазыбек би көшелерінде сақталған бірнеше ғимараттар – сол дәуірдің ескерткіштері.

Ал, халықты жаппай баспанамен қамтамасыз ету үшін салынған «хрущевка» деп аталатын көпқабатты тұрғын үйлердің, кейіннен типтік үлгідегі ірі панельді тұрғын үйлердің сәулеттік келбетінен гөрі балтамен шауып орната салғандай көріксіздігі басым болды. Ара-тұра кірпіштен салынған үйлерге сәулеттік келбет беруге тырысқанымызбен, сыртын бояудан әрі аса алмай жүрдік. Әрине, арасында бірнеше қоғамдық, сауда және әлеуметтік бағыттағы ғимараттар болды, дегенмен, Шымкенттің өзіне тән бет-бейнесін айқындайтын, символы бола алатын көркем туынды дүниеге келе қойған жоқ. Ғимараттарымыздың сыртқы бейнесі – бүкіл Кеңестер Одағындағы құрылыс нысандарымен бірдей болып, санаулы елдерде ғана ұлттық ерекшеліктері білініп тұратын. Қазақстанда ондай ерекшеліктер жоқтың қасы еді.

Еліміз егемендік алған жылдары құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Мемлекеттік тапсырыстармен қатар, жеке кәсіпкерлердің де құрылыс нысандарына тапсырыс беру үрдісі пайда болды. Сауда орталықтары, ойын-сауық отаулары мен халыққа тұрмыстық қызмет көрсету орындары көптеп салына бастады. Әсіресе, салтанат сарайларын (тойхана) салу көбейді. Сәулетші ретінде осы ғимараттар арқылы болса да Шымкенттің бет-бейнесін қалыптастырсақ деген арманымыз болды. Оның алғашқы қарлығаштары, жобасын өзім жасаған қаладағы «Қазығұрт», «Тұран», «Қазақстан-2030», «Арман» салтанат сарайлары еді. Сыртқы және ішкі келбеттеріне барынша ұлттық нақыштар мен бояуларды енгізуге тырыстық. Сондай нысанның бірі Әл-Фараби алаңына орналасқан «Уақыт» деп аталатын сәулеттік кешен болатын. Орталық бөлігі сағатты мұнарадан, артқы жағы жеті аркалы, мұнараның жоғарғы бөлігінде «Алтын адам» бейнесі орналасқан, ұшар басында көк туымыз желбіреген, алаңда өнер көрсетуге арналған баспалдақты құрылым көпшіліктің есінен шыға қоймаған болар. Осы нысан Шымкенттің символына айнала бастаған шақта қалталы азаматтардың аумақты сатып алып, сауда орнын салу үшін бұзып тастағаны талайларды өкіндірді. Амал қанша, бұл ғимарат та осылайша талай жерде нарықтық саясаттың құрбаны болған ескерткіштеріміздің қатарын толықтырды.

Жалпы символ мәселесіне тоқтала кетейік. Символ – көне грек тіліндегі sіmbolon – заттың танымдық белгісі деген мағынаны білдіреді. Символ – көне дәуірден бері қолданыста болып келе жатқан, қоғам өміріндегі қандай да бір болмыстан ақпарат беретін мәдени код. Символдық белгілер, әсіресе, сәулеттік туындыларда жиі кездеседі. Ғалымдардың пайымдауы бойынша сәулет өнері үш деңгейлі символдық белгілерден құралады.

Бірінші деңгей – сәулеттік ғимараттың формасына қатысты (заккурат, пирамида, діни ғимараттар);

Екінші деңгей – ғимараттардың бөліктері мен құрамдары (ұстындар, күмбездер, баспалдақтар мен шатырлар);

Үшінші деңгей – ғимараттардың бейнесіне, өзіндік қажеттілігіне байланысты (түсі, материалы, саны, т.б.).

Сәулеттік символдар біздің күнделікті өмірімізде жиі кездеседі. Бірақ, біз оған мән бере бермейміз. Тіпті, көңіл де аудармаймыз. Мәселен, үйдің қасбетіндегі символикалық белгілер оған тек сән беріп қана қоймай, кітап секілді сол үйдің тарихы мен тұрғындарының өмірінен де хабар беріп тұратын болады.

Себепсіз салдар болмайды. Мұның бәрін айтып отырған себебім, осы мәселе оқырманға ой тастап, әріптестерімнің шығармашылығына арқау бола ма деген ой еді. Қала сәулеті өзінің жаңа мәртебесіне сай жаңа құрылыс нысандарымен толығары, тың жобалардың бастау алары даусыз. Менің байқағаным, қазіргі жас сәулетші әріптестерім жаһандану үрдісіне бейім, ұлттық өнерімізден алшақтап, түсініксіз ағымдардың жетегінде кетіп бара жатқандай. Олардың бірі бұл жағдайға саналы түрде барса, енді бірі сол ағымға қарсы тұрарлық қауқары жоқ орындаушы ғана. Облыстық және қалалық қалақұрылысы кеңесінің талқысына түсетін көптеген жобалар соның айғағы. Мұның бірінші себебі – сәулетші мамандар даярлайтын жоғары оқу орындарындағы ұстаздар қауымының әлсіздігі. Екіншіден, барлығы дерлік ақылы оқу жүйесіне көшкен оқу орындарының базалық деңгейінің төмендігі. Сонымен қатар, бітіруші түлектердің практикалық жұмыстарының өтілімі қала, облыс аумағымен, ішінара республика қалаларының аумағымен ғана шектеліп отыр. Шетелдермен, әсіресе, дамыған мемлекеттердің сәулеттік мектептерімен тәжірибе алмасу ісі арнайы ұйымдастырылмағандықтан, қаражаттың жоқтығынан, талай игі іске қолбайлау болып отыр. Интернеттен алынған ақпараттар жас түлектердің, мамандардың шығармашылығына серпін береді деп айта алмаймын. Әдемі суреттерді көшіру арқылы өзіміздің ұлттық сәулет туындыларын қалыптастыра алмаймыз.

Оңтүстік Қазақстан облысының, Шымкент қаласының өзге өңірлерге қарағанда сәулеттік ескерткіштерге бай екендігі белгілі. Ұлы Жібек жолының бойында орналасуы өңірдің құрылыс өнеріне де өз әсерін тигізіп, шығыс пен батыс сәулетінің символдарын топтастырды.

Дегенмен, алып шаһарлар Алматы мен Астананың жекелеген ғимараттарынан ұлттық өнерімізге тән сәулет туындыларын көруге болады. Бірақ, ол әлі жаппай үрдіс болған жоқ. Өкінішке қарай, кез келген қаланың сәулеттік келбетін қалыптастыруда жергілікті әкімдерге тәуелді болып отырмыз. Жобаларды талқылау, бекіту барысында соңғы сөзді маман емес, шенеунік айтады. Бір қаланың әкіміне классика ұнаса, екіншісіне «хай-тек», ал, үшіншісіне сенің сәулетің тіпті де керек емес, экономикалық тұрғыда тиімді, арзан құрылыс керек. Жобаларды бекітуге ұсыныс, пікір беретін қала құрылысы кеңесінің төрағасы – әкім. Соңғы шешімді қабылдайтын да әкім! Сондықтан болар, еліміздегі қалалардың сәулеттік келбетінде бірізділік жоқ. Бұл енді жобаларды іске асыру жағы. Ал, жобалау мәселесі қандай? Осыған аз-кем тоқтала кетсек. Жобаның басты негізі – елді мекендердің Бас жоспарлары. Ұзақ-сонар айқай-шудан кейін өңіріміздегі ірі елді мекендердің барлығы дерлік Бас жоспарларын түзіп, бекітті. Олардың сапасы жөнінде әңгіме бөлек... Сол Бас жоспарларды жүзеге асырудың алғышарты – жекелеген аумақтарға нақтылай жоспарлау жобаларын жасау. Демек, егжей-тегжейлі жоспар. Соңғы кезекте – жекелеген құрылыс нысандарының жұмыс жобасы. Байқағаныңыздай, құрылыс салу үш сатылы жобалаудың негізінде іске асады. Осы жүйе бұзылуы салдарынан көптеген елді мекендеріміздің сәулеттік келбеті былай тұрсын, жоспарлы құрылыс та ақсады. Соның салдарынан әлеуметтік құрылыстар (мектеп, балабақша, медпункт) салатын орын таппай, оларды ауылдың шетіне, тұрғындардың қатынауы қиын жерлерге орналастыруға мәжбүрміз! Жергілікті жерде ұлттық өнерімізге сай сәулет туындыларын жасайтын мамандар жоқ. Өйткені, оларға тапсырыс берілмейді. Ірі қалалар мен аудан орталықтарына салынатын ауқымды құрылыстарға бәйге жарияланбайды. Кейінгі кездері қала әкімдері шетелдік сәулетшілерге жоба жасатуды үрдіске айналдыра бастады. Қазақ айтпақшы, «ауылдағының аузы сасық!».

Шетелдің сәулетшісі қазақтың ділін (менталитетін) қайдан білсін, өзінде өтпей қалған жобаларын тықпалап, әдемі суретпен көз алдайды. Оның айқын дәлелі – «Шымкент-сити» жобасы. Шымкенттің ескі қала аумағын жобалау мәселесінде де осындай кереғарлыққа жол бермей, өзіміздің өңірге тән сәулеттік стиль қалыптастырсақ деген арман бар. Мамандар, әсіресе, келімсек мамандар көп жағдайда осы аумаққа самарқандық, хорезмдік сәулет өнері туындыларын тықпалап жүр. Шымкенттен екінші Самарқан жасаудың керегі жоқ! Шымкенттің өзіндік бет-бейнесі, құрылыс қағидаты болуы керек. Қала дамуының бір тетігі –туризм саласы екендігін ескерсек, қаламыз өзіне тән сәулетімен көз тартатын, қонақтарын ұлттық салт-дәстүрлерімізбен қарсы алатын шаһарға айналуы тиіс!

Қаланың сәулеті тұрғындардың да өзіндік мәдениетін қалыптастыратынын ұмытпайық!

Асқар МАМЫРБАЕВ, Қазақстанның құрметті сәулетшісі, ҚР Сәулетшілер одағының ОҚО филиалының төрағасы. Шымкент қаласы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ