Шымкент зообағы Астанаға тарту жасайды

Маусым 14 / 2018

 

Баян ДАРҒОЖИНА, «Оңтүстік Қазақстан».

Оңтүстік Қазақстан облысында «Астананың 20 жылдығына – 20 нысан» акциясы аясында Шымкент зообағының «Африка» зоологиялық аймағы пайдалануға берілді. Жаңа нысанды аралап көрген өңір басшысы Ж.Түймебаев жиналғандарды айтулы шарамен құттықтады.

 

– Елімізде жалпы 3 зообақ болса, соның бірі біздің облыста орналасқан. Осы нысанды жаңғырту мақсатында былтыр зообақта қайта құру жұмыстары басталған болатын. Мердігерлер өзіне тапсырылған міндеттерді абыроймен орындап, жұмысты жоспар бойынша аяқтап отыр. Біздің бақтың өзге зообақтардан ерекшелігі, қайта құрудан соң пайдалануға берілген «Африка» контингентіндегі павильондар ашық табиғи ортаға бейімделген. Мереке немесе демалыс күндерінде зообаққа келетін тұрғындар саны аз емес. Енді бүгінгі «Африка» аймағы ашылған соң қыдырушылар саны бұрынғыдан да көбейеді деген ойдамыз, – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Облыс әкімі сөзінің соңында Шымкент қаласының миллион тұрғыны атынан Астана қаласының 20 жылдығына жануардың 20 түрін сыйға тартатынын атап өтті. Астана зоосаябағына Шымкенттен арыстан, Амур жолбарысы, пума, қоңыр аю секілді жыртқыштар мен кезқұйрық, тілеміш, тазқара, үкі жəне басқа да аң-құстар тарту етілмек.

Айта кету керек, Шымкент зообағы 1980 жылы сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жан-жануарларды сақтап, оларды көбейту мақсатында құрылған. Алғашында зообақта 75 түрлі аң болса, қазіргі таңда оның саны 2565-ке жеткен.

Сондай-ақ, облыс әкімі абаттандыру жұмыстары жүргізілген Қошқарата өзенінің жағалауын халық қалаулыларымен және еңбек ардагерлерімен бірге аралап жүріп өтті. Олар ұзақ жылдар бойы елеусіз жатқан өзеннің екінші бөлігінде аз уақыттың ішінде ел игілігі үшін бірталай тындырымды тірліктер жасалғанының куәсі болды. Осы мақсатта өзен жағасындағы 100-ге жуық үй сырылып, екі жағынан 10 метрден жаяу жүретін жол салынды. Өзен күл-қоқыстан тазартылып, қиыршық тас төселген. Алдағы уақытта қаладағы осындай өзен, арық, каналдар түгелдей тазартылуы тиістігін айтқан өңір басшысы қала әкімі мен әкімшілік аппаратына алғысын білдірді.

Суретті түсірген Самат МЫРЗАЛИЕВ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ