Әлеумет 0 пікір 0 лайк

Сапалы білімге саналы қадам

Маусым 14 / 2018

 

«Болашақта өркениетті, дамыған елдердің қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет. Қазақ елін дамыған 30 елдің қатарына жеткізіп, терезесін тең ететін – сапалы білім» деп Елбасы Н.Назарбаев айтқандай, мамандық таңдау деген өзің айналысқың келетін жұмысты таңдау ғана емес, өзің араласқың келетін ортаны да таңдау.

 

Бүгінде мектеп бітірген жас талапкерді алаңдататын мәселе – мамандық таңдау. Халқымыз «Адам екі түрлі жағдайда қателеспеу керек: бірі – жар таңдағанда, екіншісі – мамандық таңдағанда» деп бекер айтпаған.

Әлемнің көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатқанына барлығымыз куәміз. Заман да, адам да, қоғам да өзгеріп, нарықтық қарым-қатынастар пайда болды. Соған орай дүниеге жаңа мамандықтар келді. Қазіргі таңда нарықтық экономикада сауда-саттықтың жүріп тұрған заманы болғандықтан, көптеген жаңа мамандықтар осының төңірегінде пайда болуда. Сұранысқа сай мамандықтардың көш басында маркетинг саласының маманы – маркетолог мамандығы жетекші орын алады. Маркетологтар экономиканың барлық салаларына, коммерциялық, мемлекеттік немесе саяси ұйымдарға да өте қажет. Маркетологтарға деген қажеттілік елімізде жыл санап артуда.

Бүгінгі заманауи әлемде әрбір компания тұтынушылардың сұранысына ие өнімді өндіру үшін нарықтық мүмкіндіктерді саралап отыруы қажет. Бұл жұмыстың барлығын іске асырушы – маркетолог. Әрбір өндірістік ұйымда маркетинг бөлімі бар, онда маркетологтар тұтынушының талаптарын, бәсекелестердің күшті және әлсіз жақтарын, сонымен қатар бүкіл нарықты тұрақты түрде зерттеп отырады. Сондықтан да маркетолог нарықтық білім беру шеңберінде ерекше сұранысқа ие мамандықтардың бірі.

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті Қазақстанның ең ірі аграрлық оқу орындарының бірі. Бір кездегі Ақмола ауыл шаруашылығы институты бүгінгі таңда тамырын тереңге жайған, теңдесі жоқ халықаралық стандарттарға сай зерттеу университетіне айналды. Мұнда еліміздің агроөнеркәсіп кешені үшін 60 мыңнан астам жоғары білікті мамандар даярланды. Маман демекші, аталған оқу орны АҚШ-тың Дэвис қаласындағы Калифорния университетімен серіктестік аясында жұмыс істеуде. Солармен бірлесе отырып екі жақты тиісті мамандар даярланып, жаңа білім бағдарламалары жасалуда. Бұдан бөлек, университет АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Ресей, Белоруссия, Алмания, Малайзия, Италия, Израиль, Монғолия сынды 20-дан астам мемлекеттің жоғары оқу орындарымен, ғылыми-зерттеу орталықтарымен тығыз байланыста жұмыс істейді. 500-ден астам оқытушысы мен студенттері аталған мемлекеттерде ғылыми тағлымдамадан өтіп, білімдерін жетілдіру үстінде. Бұл бағыттағы іс-шараларға «Маркетинг және сервис» кафедрасының студенттері мен оқытушылары белсенді түрде қатысады. Әдетте «Маркетинг» мамандығының студенттері жоғары курстарда оқып жүріп-ақ қызықты әрі ақы төленетін жұмыс таба алады. Өйткені, терең сапалы білім нарық шеңберінде сұранысқа ие.

Задында ең қиын мамандық – адам болып қалу. «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» дегенді Абай атамыз осындайдан айтса керек.

Б.РҮСТЕМБАЕВ, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің маркетинг және сервис кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылымдарының докторы, профессор.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ