Жер қатынастары бөлімінде жаңа басшы!

Маусым 14 / 2018

 

Шымкент қаласының әкімі Н.Сауранбаевтың бұйрығымен қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы болып Эльдар Шымкентбайұлы Нұралиев тағайындалды. Ол бұған дейін осы бөлім басшысының орынбасары қызметін атқарған.

 

Қала әкімі жаңа басшыны ұжымына таныстырып жатып «сынақ мерзімімен тағайындалып отырсың. Алдағы үш ай уақыт мерзімінде басшы ретінде жұмыс нәтижесін көрсете білуге тиістісің. Үмітті ақта!» деді. Себебі, бұдан былай қаладағы салалық бөлімдердің жұмысы тұрғындардың талап-тілегінің қаншалықты орындалғанымен бағаланатын болады. Қай салаға қатысты мәселе көптігі елдің өкпе-назын жіті екшеу арқылы анықталмақ. Бөлімдердің рейтингісін шығаруда шымкенттіктердің ой-пікірі басты назарға алынады.

– Жасыратыны жоқ, жер қатынастары бөлімінің қызметіне қатысты тұрғындардан шағым көп. Оларды заң аясында шешу жолдарын қарастыру қажет. Баршамыздың қызметіміз осы ел үшін екенін, халыққа қызмет көрсетуден аянып қалмауымыз керектігін ұмытпайық, – деп атап өтті қала әкімі.

Айта кетейік, Шымкент қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы болып бұған дейін Қасымбек Сайлауов қызмет атқарған болатын.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ