Аспан асты, жер үсті 0 пікір 1554 лайк

«Сенің жаңа қырың»

Маусым 14 / 2018

 

Шымкентте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Сенің жаңа қырың» атты жобасын қолдау акциясы өтті. Әл-Фараби алаңында өткен акцияға жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері, орта мектептер мен спорттық мекемелердің оқушылары қатысты.

 

Естеріңізге сала кетсек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Сенің жаңа қырың» атты жаңа жоба ұсынып, барлық азаматтарды дене шынықтырумен шұғылдануға шақырған болатын. Ауқымды акция еліміздің барлық өңірлерінде қолдау тапты.

Шымкентте өткен акцияны ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы тікелей телекөпір арқылы ашып берді. Шымкенттен бөлек Өскемен, Петропавл, Ақтау қалаларында телекөпір арқылы акция өз бастауын алды. Сондай-ақ, шара барысында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев сөз сөйлеп, салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған аталмыш акцияны қолдауға шақырды.

– Бүгінгі акцияға атсалысып, қатысып жатқандарыңыз үшін алғыс білдіремін. Бұл шараның басты мақсаты – өңірдегі бұқаралық спортты дамыту мен салауатты өмір салтын ұстану. Елбасы өзінің Жолдауында бұқаралық спортты дамыту керектігін айтқан болатын. Қазіргі таңда облысымызда бұқаралық спортты дамыту біршама жақсы жолға қойылған. Аталмыш акция ел арасында қолдау табады деп сенемін, – дейді облыстық дене шынықтыру жəне спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев.

«Сенің жаңа қырың» акциясын қолдауға жиналған жастар дене жаттығуларын жасап, флэшмобқа қатысты. Сонымен қатар, спорт мектептерінің жас каратэшілері жаттығу қойылымын көрсетті.

Бану САРЫБАЕВА, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің студенті.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ