Ел деп өткен ер еді...

Маусым 14 / 2018

 

Құйрықты жұлдыздай қысқа ғұмырында үлкен тірліктер атқарып, ел-жұртының құрметіне ие болған мемлекеттік қызметкер, білікті басшы, шебер ұйымдастырушы Сейіт Ертайдың өмірден озғанына да жыл толыпты. Арыстай азаматтың Арыс қаласын гүлдендіріп, көркейтуге сіңірген ерен еңбегіне жоғары баға берген арыстықтар оны сірә да ұмытпас. Газетіміздің жүлдесіне арналған қазақ күресінің кезекті турнирін Арыс қаласында ең жоғары деңгейде өткізуге қосқан үлесі, мықты ұйымдастырушылық қабілеті, үлкенге көрсеткен ізеті мен кішіге жасаған құрметі күні кешегідей көз алдымызда. Жақында Шымкенттегі «Кітап» баспасынан ерен істерді атқарсам деп ертелеп, ентелеп жүретін марқұм Сейіт Мырзақұлұлы жайында «Жалындап өткен жас ғұмыр» атты естелік кітап жарық көрді. «Отызында орда бұзып, қырқында қамал алған» азамат жайлы ел ағаларының, қарымды қаламгерлердің, туған-туыстарының сол кітаптағы естелігінен үзінділер бергенді жөн көрдік.

 

Қуаныш Айтаханов, қоғам қайраткері: «Сейіт Ертаймен бірлесіп Арыс өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін көп тірліктер атқардық. Атап айтқанда, Көксарай су реттегішін салу кезінде жүк тасыған ауыр автомашиналардың салмағынан асфальты ойылып кеткен Арыс – Байырқұм тас жолын қайта жаңғыртуға, «Стадион» шағынауданында 900 орынды және И.Журба атындағы 400 орынды мектептер, 280 орынды балабақша ғимараттарын, қалалық спорт кешенін салуға, Арыс топтық су жүйесінің 3-кезеңін аяқтауға, қаладағы «Отырар», «Наурыз, «Оңтүстік» шағынаудандарындағы тұрғын үйлердің инженерлік инфрақұрылым жұмыстарын жүргізуге, т.б. нысандарға республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. Аудан көлемінде жаңа мектептер, ауруханалар, мәдениет ошақтары бой көтерді, ауызсу, электр желілері тартылды. Сейіт Мырзақұлұлының қажырлы еңбегі Арыс қаласының 60 жылдығы қарсаңында ерекше қарқын алды.

...Қазақта текті деген сөз бар. Оның мағынасы өте терең. Тек ата-бабаның қанымен таралады. Сейіт – текті жердің азаматы. Әкесі Мырзақұл – ұзақ жылдар үлкен аудандарда сот төрағасы болып елге қалтқысыз қызмет еткен үлкен жүректі азамат. Анасы Қарашаш – бүкіл қазаққа белгілі атақты заңгер-ғалым, қазақтың жоғын жоқтаушы, республикаға еңбегі сіңген қайраткер, нар тұлғалы азамат Бекет Тұрғараевтың қарындасы».

Қуаныш Айтаханов өз естелігінде Сейіттің Арыс теміржолшылары Арал экологиялық апатты аймағы тұрғындарына көрсетілетін жеңілдіктер туралы заңға сәйкес еңбекақыларына қосылатын 20 пайыз қосымша төлемді соңғы жылдары ала алмай жүргенін, осы мәселені Парламентте шешіп беруін өтінгенін айтыпты. Үкімет басшысына депутаттық сауал жолданып, нәтижесінде 20 пайыз қосымша төлемақы толық берілгенде Сейіт Қуаныш ағасына қоңырау шалып, төлемақыны өзі алғандай қуанған екен.

Әли Бектаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «Ұйымдастыру қабілеті, ұлтын сүюі, елге жанашырлығы, отаншылдығы ерекше, патриот азамат еді. Қай жерде қызмет атқарса да абырой жинады, соңынан жаман сөз ерген жоқ, біреудің көңілін қалдырып, ала жібін аттаған жоқ.

... Көп әкімдердің қолынан келмей жүрген іске бел буып, осы елдің азаматтары басқаратын ірі компаниялардың есеп шотын Арыс қаласында аштырып, салыққа тіркетті. Қала әкімінің өтінішін қабылдаған еліміздегі іргелі корпорацияның бірі «Ордабасы» компаниясы бір кәсіпорнын Арысқа тіркетіп, жылына 1 млрд. теңгеден астам салық төлей бастады. Бұл қала бюджеті үшін тарихта болмаған түсім еді. Сейіт Ертайдың ерекше дипломатиялық қасиетінің арқасында қала бюджеті толыса түсті. Ақша болған соң қыруар тірлік атқарылды. Айта берсе, Сейіт Мырзақұлұлының бастамасымен іске асырылған жобалар да, шаруалар да көп. Олар Арыс қаласында Сейіттен қалған ескерткіш ретінде сайрап жатыр».

Оразхан Арыстанбаев, Арыс қаласының құрметті азаматы: «Әкімдік қызметке кірісерде «Мақсатым – Арысты алдағы төрт жылда адам танымастай етіп өзгерту» деген. Сөйтсек, келешекте атқарылатын шаруаларды, оларды іске асыру жолдарын нақты анықтап алып айтқан екен. Сөзге шешен, іске шебер азамат жұмыс барысында сөзі мен ісі бір жерден шығатынын көрсете білді.

«Қазақстан–2050» стратегиясында айқындалған міндеттерді іске асыру үшін 2013 жылы басқару жүйесі жаңа кезеңге өте бастады. Мемлекеттік қызметтің жаңа бағдарламасына сәйкес «А» корпусы енгізілді. Облыстық және Президент жанындағы Ұлттық комиссиядан ойдағыдай өтіп, С.Ертай 28 маусымда қайтадан қала әкімі болып тағайындалды. Сонда ғой, облыс әкімі Асқар Мырзахметов: «Түркістанда әкімдікте істеген екенсің, сол шаһарға әкім болып барсаң қайтеді» деп ұсыныс жасағанда оның айтқаны: «Әрине, қалай шешсеңіз де – құзырыңызда. Мүмкін болса, Арыста қалдырсаңыз. Себебі, қаланы дамытуға жоспарлар әзірлеп едім. Соларды жүзеге асырсам деген ойым бар».

Дулат Исабеков, жазушы-драматург: «Арыстағы мерейтой өтетін күні Сейіт Ертайдың әкім боп бекігеніне 100 күн болған екен. «Арыс ақиқаты» газетінде жарық көрген сұхбатынан Арысқа деген зор сүйіспеншілігі, сол өңірдің бай тарихын терең білетіндігі, оларды зерттеу, қорғау, қастерлеу жөніндегі іс-жоспарларын жүзеге асырудың нақты шешімдері айтылған. Дәл осы нөмірде оның «Қан туыстығынан жан туыстығын жоғары ұстаған жазушы» деген, менің шығармаларымды талдауға арнаған дербес мақаласы жарияланыпты. Мақаланың стилі мен мазмұнына қарап, шығарма тұтас бір өңірді басқарып отырған әкімнің емес, әдебиет сыншысының мақаласы екен деп ойлап қалғандайсың.

...Әке орнына әке болған Набиял ағам қайтыс болғанда да, мені оқысын деп, қара жұмысқа ерте араласып кеткен ортаншы ағам Пәрмен өмірден өткенде де, бәрінің басы-қасында өңірдің басшысы ретінде осы Сейіт інім жүріп еді. Әсіресе, ортаншы ағам қайтыс болғанда қасымнан бір елі кетпеді. Тек кісі аяғы саябырсығанда барып: – Сейіт-ау, бұл жақта енді саған қарап тұрған шаруа жоқ. Француз елінде биресми қағида бар ғой – «Жазушы ауылда туып, Парижде өледі» деген. Ауыл адамдарының екі күннен бері сабылып жүргеніне қарап тұрып, сол қағиданың «жазушы қалада тұрып, ауылда өлуі керек екен-ау» деген қазақша нұсқасын қалыптастыру ойыма қайта-қайта орала береді. Сенің жұмысың бастан асып жатыр. Рахмет! Алладан қайтсын! – деп, зорлағандай машинасына отырғызып жіберген едім».

Көпен Әмірбек, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: «...Арыс қаласындағы жетім балалар үйінде тәрбиеленген сатира сардары Садықбек Адамбековтің 90 жылдық мерейтойын айта жүретіндей атап өткенін білемін. Сатира классигінің тойына Ғаббас Қабышұлы, Мыңбай Рәш, Үмбетбай Уайдин, Қажытай Ілиясұлы сияқты сықақшылар қауымын шақырды. Сондағы Сейіттің іскерлігі мен ұйымдастыру қабілетіне, әсіресе әдебиет пен мәдениетке деген пейіліне риза боп қайттық. Жүріс-тұрысы мен парасат-пайымына қарап «Осы баланың топырағына Иманғали Тасмағамбетовтің дәні түсіп кеткен сияқты. Көшет кезінен көктеуі жақсы» деп өзімізше топшылағамыз».

Құрбан Жұманазаров, ағасы: «Жетісай қаласының әкімшілігі алдындағы Абай ескерткішінің гранит тұғырындағы кітаптарға жазылған Абай сөздерінің бәрі – сенің еңбегің. Оңтүстікте дендросаябақ орнатқан кісі екеу-ақ: бірі – белгілі қоғам қайраткері Асанбай Асқаров, екіншісі – сен, Сейіт Ертай! Сен ұлы адамдардың ізімен жүргің келді...»

Біржан Жақыпбеков, сыныптасы, филология ғылымдарының кандидаты: «...Оқушы кезінде де сыныптың алдында жүретін еді. Мектеп бітірер кезде директор Сейіткәрім Жолдыбаев түлектерге жылы лебіз білдіріп, Сейітке келгенде: «Сен мектептің алды болдың, оқушылардың да алды едің, енді халықтың, елдің, мемлекеттік қызметкерлердің алды бол!» – деп бата берген еді».

Қарашаш Тұрғараева, анасы: «Сейіт Мақтаарал ауданындағы Қазыбек би ауылына әкім болып жүргенінде ауданға келген облыс басшысы Бердібек Сапарбаевқа Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің депутаты Жұмагүл Сәуірбаева: «Іскер азамат керек болса, осы баланы қамқорлыққа ал, ұятқа қалдырмайды» деген екен. Көп уақыт өтпей Сейіт облыстық әкімдікке шақыртылып, атқарушы билік жүйесінің түрлі саласында бірнеше жыл қызмет істеп, Арыс қаласына әкім болып тағайындалды. Арыстық бір азамат: «Ұлыңыз ел үшін туған ер екен. Монтайтас ауылын су басып жатқанда елді, халықты құтқарамын деп жүріп, өзі суға ағып кете жаздады» деген еді...»

* * *

Әріптес досы Қамытбек Айтөреев екеуі Түркістан шаһарынан Шымкентке оралып келе жатқанында жол-көлік апатына ұшырап, қапияда қаза болған Сейіт Ертай жайында айтылған, әлі де айтылатын естеліктер көп-ақ. Бұл оның ұлтшыл, мемлекетшіл, елжанды азамат болғанын білдіреді.

Дайындаған Ү.РЗУАНҚЫЗЫ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ