Сейіттің мұңы

Маусым 14 / 2018

 

Абай БАЛАЖАН, «Оңтүстік Қазақстан».

 

Мынау Өмір деген үлкен айдында дәл осы сағатымызға дейін қанша жандармен жүздестік, қаншауымен әңгімелестік, қаншауымен етене араластық, олардың қаншауын таныдық, қаншасын сол танымаған күйі кеттік?.. Әлі Құдай өмір берсе тағы қанша адаммен араласамыз, олардың қаншасын танимыз, қаншасын тани алмай өкінеміз, ол енді бір Құдайға ғана аян. Таныдық деген адамымызды мүлде басқа қырынан көргенде бір сәт тосырқап қалатынымыз өтірік емес қой. Оның үстіне мынау алып Жер бетін мекендеген адамдар бір-біріне мүлде ұқсамайды, мінездері әр қилы, тағдырлары сан алуан. Біреулер көптің ішінен көзге түскенше өрекпіп тұрады, кеуделеп алға ұмтылады. Алайда, оның білетінін, оның қолынан келетінін топ ішінде елеусіздеу жүрген жаны жұмбақтау бір адам да білуі, тіпті одан асырып істеуі де мүмкін.

Бұрыннан көріп жүретінім болмаса, Сейіт Ертаймен ең алғаш рет шешіле сөйлескенім 2006 немесе 2007 жылдардың бірі еді. Ол кезде Сейіт Арыс қаласы әкімінің идеология жөніндегі орынбасары еді. Арысқа баспасөзге жазылу науқаны бойынша бардым да, Сейіт екеуміз бір күн бойы біраз ауыл әкімдіктерін, еңбек ұжымдарын бірге араладық. Алғашқы әсерім бойынша маған Сейіт өкпеге жоқ, өтіріктен ада азамат болып көрінді. Өрекпіп, өршеленіп тұрған жоқ. Тым сабырлы, тіпті онысы сол кездегі жасына лайық еместей де көрініп еді... «Көп шенеуніктің бірі шығар» дедім де қойдым. Кешкісін ол мені Шымкентке шығарып салды.

Содан жолығысып қалған жерлерде екеуміз де елпілдеп амандасамыз, әріге бармаймыз. Жасыратын несі бар, ол кездері біреу Сейіт туралы «мына азамат экономика мен әлеуметтік мәселелерге ғана емес, руханиятқа да жүйрік» десе, оған өз басым сенбес едім. Мендегі осынау стеоротипті 2016 жылдың мамырында Сейіт тас-талқан етті.

Сол жылы қазақ күресінен «Оңтүстік Қазақстан» газетінің дәстүрлі турнирі Арыс қаласында өтетін болды да, бізге Арысқа жиі барып тұруға тура келді. Бір барғанымызда елге қазақ прозасы мен драматургиясының соңғы жүзжылдықтағы ең талантты өкілдерінің бірі Дулат Исабеков келіп жатыр екен. Алдағы екі-үш күннің ішінде ағасының жылдық асын өткізбек көрінеді. Сол жолы да қашанғы қалпымен жайдары қарсы алған Сейіт әкім «Әбеке, Монтайтасқа, Дулат ағаға сәлемдесіп қайтуға қалай қарайсыз? Қазір технологияның заманы, мәселені жолай телефонмен-ақ шеше береміз ғой» деген ұсыныс айтты да, Монтайтасқа қарай шығып кеттік. Сол бір жарты сағаттық жолда Сейіттің ағыл-тегіл ақтарыла сөйлегенін бірінші рет көрдім. Және ол сәт кейінгі кездесулердің бірде-бірінде қайталанбады...

Әңгіме Дулат Исабековтен, оның шығармаларынан, нақтысы кейіпкерлерінен шығып кетті. «Әбеке, маған бұрын, жасырақтау кезімде «Қарғындағы» бас кейіпкер Жасынның образы етене жақын еді. Былтыр сол романды осы қым-қуыт тірліктерден сәл уақыт тауып, қайта оқып шықтым. Дәл қазір менің жаныма Жасын емес, Бағиланың аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқаратын әкесінің образы жақындау. Жоқ, өзім де аудан басқарып отырғандықтан емес, Дулат аға меніңше, Жасыннан да гөрі Бағиланың әкесінің образын сәтті ашқан. Жасынның өмірде прототипі болғанмен, Бағиланың әкесі барынша шынайы. Оның елдің қамын ойлап жүрген азамат екендігіне жазушы оқырманын сендіре алған. Оның сырт келбеті барынша сабырлы көрінгенмен, іші уайым мен мазасыздыққа толы. Көп адам бұрын да, қазір де басшыларды қарақан басының қамын ғана ойлайтын іші қуыс жандар ретінде көріп жататыны жасырын емес қой. Дулат ағаның кейіпкері сол түсініктің тас-талқанын шығарады.

Бұл сөзімді жұрт қалай түсініп қалады деп тартыншақтайсың, әйтпесе жай адамдардан гөрі басшының проблемасы, басшының уайымы көбірек болады. Міне, қараңыз, биылғы көктем тамаша болып тұр. Жауын-шашын аз да емес, көп те емес, тура қалыптағыдай түсті. Диқан ерте көктемде не екті, соның бәрі өніп, жер бетіне шықты. Құдай енді көлденең кесір-кесепаттардан сақтасын, шаруа қашан өнімін жинап алғанша сонымен қосылып сен де уайымда жүресің. Бала-шағаңнан бұрын елдегі шаруа-диқанды ойлайсың. Айтқан жерден аулақ, табиғат тосын бір мінез танытып, еңбегі зая кетсе... Сіз аңызақта жүрген шаруалардың сондай кездегі бет-әлпеттерін көріп пе едіңіз? Шарасыздықтан түтігіп кетеді. Ондай кездері олардың жанарына тура қарау мүмкін емес. Жүрегің ауырады. Оған ақыл айтудың қажеті жоқ, оны жұбата білу керек. «Қарғындағы» аупарткомның бірінші хатшысының шопанмен сөйлесіп, жан-дүниесінің бір байып қалатыны бар ғой. Сол рас. Шаруалармен емен-жарқын әңгімелессеңіз бір жеңілдеп қаласыз» деп еді.

Иә, «Қарғынды» бәріміз де оқыдық. Бірақ, қарапайым оқырманның шығарманы жәй көзбен оқи салмай, ой көзімен оқуы, кейіпкерлердің іс-әрекеттеріне талдау жасай білуі, жасыратын несі бар, өмірде сиректеу кездесетін жәйттар емес пе?! Сол жолы жаңа Сейітпен жолыққаныма, Сейітті жаңа қырынан танығаныма марқайып едім.

Машина терезесінен сыртқа көз салдым. Расында да дала сол күні «көктем деген осындай болады!» дегендей ерекше құлпырып тұр еді. Жасыл жазираға қараған адамның мұңға батуы, бір нәрсені уайымдауы мүмкін емес. Ал, Сейіттің өңінен кәдімгідей уайым табы аңғарылады. «Бәлкім реңінің өзі осындай, бәлкім мінезі шығар...» деп ойланып үлгергенше Монтайға, Дулат Исабековтің марқұм болған ағасының шаңырағына да келіп жеттік. Ой сол жерден үзілді...

* * *

Сол жылы жазда Арыс, Сарыағаш аудандарын шегіртке басып қалды. Шаруа еңбегімнің рәтін енді көремін деп отырғанда жанарымен жер шұқып қалып еді. Олардың күйзелісін «Хабар» да, КТК да, басқалар да көрсетіп жатты. Сол жолы расында да олардың теледидардағы жүзінің өзіне тіке қарау мүмкін емес болатын... Түтігіп кеткен...

Есіме Сейітпен болған сол кездесу, сол әңгімелер түсті. Мен оған қоңырау шалуға бата алмадым. Қоңырау шалғанда да оның жанына керек сөзді бәрібір тауып айта алмас едім. «Оларды жұбата білу керек» деген еді ғой, Сейіт. Біреуді жұбата білу оңай емес екен. Ал, Сейіт сол жолы қанша адамды жұбатты! Иә, ел басқару оңай емес екен ғой...

Ал, біз жымиып жүретін адамдарда мұң болмайды деп ойлайды екенбіз ғой...

* * *

Марқұм ЕРТАЙ Сейіт Мырзақұлұлының жылдық асы 17 маусым күні сағат 12-00-де Шымкент қаласы, «Нұрсәт» шағынауданындағы «Оңтүстік» қабылдау үйінде өтетінін хабарлаймыз. Ағайын-туыс, құда-жекжаттарды, қызметтес-әріптестерді, Сейіттің рухын сыйлайтын барша азаматтарды Құран ішінде болуға шақырамыз.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ